АТА ТАРИХ ӨЗІ СӨЙЛЕСІН!

       Сан ғасыр қойнауындағы тарихты жаратушы да, таратушы да қара ормандай қасиетті халық. Тарихы жоқ халық дүниеде болған емес. Қай халықтың тарихы, шежіресі болсын, оның сан ғасырғы бастан кешірген қым-қуыт, күрделі, бұраң жолдарымен байланысты туып және дамып, адамзаттың даңқты мәдениет қазынасынан енші алып, әр дәуірдің ұзақ керуен жолы тарих болып таңбаланып бізге жетіп отырған. Сол халық парасатының жауһары болған тарихты жинау, реттеу, зерттеу жұмысы әрқандай көзі ашық, көкірегі ояу жер басып жүрген азаматтардың мойнындағы киелі міндеті, ата-бабаларымыздың соңғы ұрпақтарға қалдырған аманаты.

        Қазақ халқынан шыққан ғұламалардың бірі Төле би Әлібекұлы «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» деген екен. Сол тарихы тасқа жазылған ұлттардың бірі – қазақ халқы.

       Қазақ ұлты – сан ғасырды бастан кешірген, тарихы ұзақ, дүние мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан ежелгі мәдениетті халықтардың бірі. Әлемде жалпы 15 миллионнан астам жан саны бар қазақ халқы бүгінгі күнi 40 неше мемлекетке бытырай қоныстанған. 2005 жылдың басындағы санаққа қарағанда Қазақстанда 8 миллион 720 мың, Өзбекстанда бір миллион 500 мың, Қытaйда бір миллион 296 мың, Моңғолияда 157 мың, Түркменстанда 90 мың, Ауғанстанда 44 мың, Қырғызстанда 40 мың, Түркияда 30 мың, Украинада 15 мың, Иранда 15 мың, Тәжікстанда 12 мың, АҚШ-та 10 мың, Ресейде 680 мың, Германияда 7 мың, Белоруссияда 5 мың, Канадада 5 мың, Францияда 4 мың, Грузияда 3 мың, Әзербайжанда 3 мың, Молдовияда 3 мың, Литвада 2 мың, Аястанда мың, Эстонияда мың, Пәкістанда 3 мың, Англияда 2 мың, Швецияда мың, Австралияда 900, Сауд Арабияда 800, Австрияда 600, Аргентинада 400, Индияда 300 қазақ жан саны тұрады («Алтын бесік» журналы, 2005 жыл, 4-сан, Қазақстан).

        Қазақ халқы ерте замандағы Орта Азияны мекен еткен түркі тілдес ру-тайпа, ұлыстармен ұзақ уақыт бірге жасасып, қоғам дамуы арқылы өз алдына дербес халық болғандығын тарихи шындықтар дәлелдейді. Қазақ ұлтының арғы тегіне қатысы бар тайпалар мен ұлыстардан Сақ, Ұлы иүзі (Ұлы жүз), Үйсін, Қаңлы, Алан және Ғұн тайпаларын атауға болады. Бұл тайпалар мен ұлыстар қазақтың өсіп-өрбуіне ерекше рoль ойнап, ұлт болып қалыптасуына алтын бесік болған түп аталарымыз деуге әбден болады. Қытайда қазақ тарихын зерттеу жұмысы жаңа Қытaй құрылғаннан кейін ғана жүйелі қолға алынды. Бұл салада Қытaй қазағынан шыққан әйгілі тарих ғалымы, тұңғыш оқымысты Нығымет Мыңжани қазақтың тарихы мен шежіресін, мәдениетін, тіл-жазуын, этнографиясын зерттеу жолында қыруар еңбек етті. Оның азаттықтың алғашқы мезгіліндегі қытайша басылым көрген «Қазақ тарихының дерегі» (1948 жыл) атты кітабы туысқан ұлттардың қазақ ұлтын тануға тыңнан жол ашты. Қазақ тануға қатысты үлкен кітаптардан Нығымет Мыңжани жазған «Қазақтың қысқаша тарихы» (1986 жыл), Жақып Мырзахановтың «Қазақ ұлты» (қытай тілінде), «Тарихи-этнографиялық зерттеулер» (1990 жыл), «Қазақ халқы және оның салт-санасы» (1992 жыл), Жақып Жүнісұлының «Қазақтың тегі және қалыптасуы» (1994 жыл) қатарлылар Қытайдағы қазақтанудың алғашқы оқулықтары болды. Содан кейін қазақтанушы Қытайдың әйгілі ғалымы Су Бейхайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» (2005 жыл), Жақып Мырзаханов қатарлылар жазған «Қазақ мәдениетінің айдыны» (2006 жыл), Ясын Құмарұлының «Алыстағы атамұра», «Қазақ салт-дәстүрі», Айып Нүсіпоқасұлының «Ағаш бесіктен жер бесікке дейін» тағы басқа көлемді ғылыми кітаптар қазақтану тарихын тіпті тереңдете түсті. Сол Қазақтану ғылымының бір тармағы – қазақ халқының ата тек шежіресі болып табылады. «Шежіре бүкіл халықты, атап айтсақ, тұтас Қазақты бір қазыққа байлайды, бұл – түбің, тегің бір деген сөз» («Қыстық руының шежіресі», Алматы, «Дәуір» баспасы, 2004 жылы, 4-бет).

        Қазақ халқы арасына кең таралған тарихи аңызда «Қазақ», «Алаш», «Үш жүз» деген сөздердің шығу төркіні туралы былай баяндалады.

        Сыр бойында 32 рулы елді билеген Қызыл арыстан деген хан болыпты. Ханның әйелі үсті-басы түгел ала бір ұл туады. Мұны жаман ырымға жорыған хан баласын Сырдарияның суына тастатып жібереді. Балық аулап жүрген бір кедей қария Сырдарияға ағып бара жатқан баланы құтқарып алып, бағып алады. Бала ержете келе ержүрек батыр болып, елге «Алаш» деген атпен таныла бастайды. Мұны естіген хан оны ордасына әкелмек болады. Бұған ханның қасындағы қарашылары Қотанбай мен Майқы би ала баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт қосып беріп, өз еркіне қоя беру керек деген кеңес береді. Хан бұған мақұлдық береді. Сонымен Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігіт Алашқа барып қосылады, келесі жылы Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігіт барып қосылады, үшінші жылы Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігіт барып қосылады. Осы үш жүз жігіт ешкімге бағынбай Алашқа еріп, ерлік жорықтар жасап көрші елдерді бағындырады. Сонымен «Қазақ» аталады, кейін бұлар бас қосып Алашты ақ киізге отырғызып хан сайлайды. Ел мұны «Алашахан» деп атайды. (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 1991 жыл, ақпан, 2-басылуы, 28-бет).

        Бұл туралы Қазақ халық арасында айтылатын:

«Алаш – Алаш болғанда,

Алатай ат болғанда.

Таңбасыз тай,

Енсіз қой болғанда.

Алаша хан болғанда …» – дейтін сөздер алғашқы қауымдық қоғамның хан сайлау қимылын аңғартса керек.

       «Қотанбайдың үлкен ұлы Үйсін бастаған жүз жігітке (Ұлы жүз) Сырдарияның басындағы жерлер; Қотанбайдың ортаншы ұлы Болат бастаған жүз жігітке (Орта жүз) Сырдарияның орта өңіріндегі жерлер; Қотанбайдың кіші ұлы Алшын бастаған жүз жігітке (Кіші жүз) Сырдарияның төменгі сағасындағы жерлер беріледі. Қазақ қауымы өз еркімен Алашқа барып бас қосқан осы үш жүз жігіттен таралыпты» («Қазақтың қысқаша тарихы», 29-бет).

        Қазақтар арасында қазірге дейін айтылып келе жатқан «Атамыз – Алаш, атымыз – қазақ, үш жүздің ұрпағымыз» деген сөзі қазақ шежірелерінің басы Алаштан басталатындығын түсіндіреді.

        Майқы би ақылды, білгір, шебер ел басы болумен бірге тіліне сөз асылы ұйыған шешен кісі екен. Сол дәуірде шешендікке келгенде Майқыдан өтетін қазақ болмаған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз қазірге дейін ел есінде сақталған. Майқы би туралы кейбір ғалымдар тарихи деректерге негізделе отырып «Майқы би Шыңғысханмен замандас болуы мүмкін» деген меже айтса, Шәкәрім Құдайбердіұлы шежіресінің бір жерінде: «Шыңғысхан ұлы қаған болғанда тап басы, бектерге ұран, құс, ағаш таңба беріпті. Сонда ұлы жүздің Yйсін Майқы биіне: «Ұраның салауат, құсың бүркіт, ағашың қара ағаш, таңбаң сүргі болсын», – деп жазылыпты. Ендігі бір деректе Майқы би XIII ғасырдағы Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының жорығында Моңғол әскерлерінің оң қанатын басқарған делінеді.

       Ал кей Қазақ шежірешілерінің айтуына қарағанда Ұлы жүз Ақарыстан (Байшора) – Ұзынсақал Ыбырайым (Жұмабай), Ыбырайымнан – Күрті, Күртіден – Кейкі, Кейкіден – Төбе би, Төбе биден – Құйылдыр, Қоғам, Мекрейіл, Майқы қатарлы төрт ұл тарайды. Бұл екі шежіренің таратылуына зер сала қарасақ, кейбір адам аттары ұқсамағанымен негізгі жақтан бір-біріне жақын келеді. Көптеген шежірешілер Майқыны Ұлы жүз Ақарыстан таратып келеді. Осыған қарағанда Майқы Ұлы жүздің Үйсіннен тарағаны шындыққа жанасымды деп қарауға болады.

        XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың Орта жүзінен шыққан атақты Естай ақыннан қалған Майқы би туралы айтылған мына өлеңге назар салайық:

Жол салған өткен күнде Майқы атамыз,

Осыдан үлгі алмаған қайсы атамыз.

Екенбіз бұдан бұрын басқа дінде,

Бұлтарып оның несін тайсатамыз.

«Қазы-ақ» деп хазірет Ешен есім берген,

Емес қой бұл оңай іс байқасаңыз.

«Қазы» деп атақ беру себебі не?

Мәнісін төменде ашып тарқатамыз:

Алыпты үш жүз жасақ алты арыстан,

Болжапты елін қорғап жауды алыстан.

«Ақтабан шұбырынды» жаугерлікпен,

Баласы алты арыстың сырға ауысқан.

Жасағы қаһармандай жауынгер боп,

Ысқырса қалмайды екен бір дауыстан. – деген шумақтардан Майқы бидің қазақтың қамқор ел биі, бар қазақ үлгі тұтарлық әйгілі ел иесі екені айтылады.

        Деректі аңыздарда айтылуынша, Майқының «Жеті жарғысы» (жарлық) қазақтар Сыр бойына барып ірге тепкеннен кейін, алты арысты үш жүзге бөліп, ту көтеріп «Жеті жарғыны» жариялағаны айтылады. Осыған қарағанда Майқы өз дәуірінде қазақтар өміріне елеулі өзгеріс жасаған, қазақты ең алғаш үш жүзге бөлуші, «Жеті жарғының» ең алғашқы негізін қалаушы, сахара мәдениетін көркейтуші, алты арыстың белді көсемі екенін аңғаруға болады.

       Мақаламызда қазақ шежіресінің басы Алаштан басталады дегенді айтқанбыз. Сол «Алаш шежіресінің» бірінде: «Киік хан мөлшермен 530–610 жылдары жасаған, Киік ханнан – Алаш. Алаштан – Жәйіл. Жәйілден – Қазақ, Созақ, Қарақалпақ, Қырғыз» («Нұрлан Сәрсенбаев «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», 2010 жыл наурыз, Құлжа, 381-бет) деп жазылған.

       Ғалым Телқожа Жанұзақов қазақ атауы туралы «Кавказдағы түрік тайпалары құрамында VI ғасырдан бастап жалпы есім және ұлт ретінде кездескен» («Қазақ деген сөз қайдан шыққан», «Жұлдыз» журналы, 1983 жыл, 3-сан) дейді. «Алаш шежіресі» мен Телқожа Жанұзақовтың баяндауында, Алаштың тарих сахнасынан көрiнуi мен қазақтың ұлт ретінде танылуы VI ғасырда екенін көруге болады.

       1994 жылы Өзбекстанда басылған Зайыр Садыбековтың «Қазақ шежіресі» атты кітабында: «Әлімбай (Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өткен атақты шежіреші) ақсалдың айтуынша, «Алаш» атауы (одағы) Сары Үйсіндердің билік құрған дәуірінде пайда болған. Ол – «Дешті Қыпшақ», «Қазақ» деген атаудан бұрын шыққан. Ертеде Сары Үйсіндер Іле мен Шу өзендерінің аралығындағы кең-байтақ жерді мекендеген белді тайпа болатын. «Алаш» солардың бір кездегі билеушісінің аты – ел ұраны, Сары Үйсіндер үстемдік дәрежеге көтерілгенде, оған тәуелді болған Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Оғыз (Сегіз Оғыз, Тоғыз Оғыз), Арғын (Қарлық), Алшын (қара қырғыз) тайпалары Алаш туы астында бас қосқан. Алғашында олар «Алты ел алаш», «Алты алаш» деп атанып жүріп, соңында «Алаш» деген қауымдық атқа ие болған» («Іле газеті», 2006 жыл, 21 қазан) дегенді айтады. Ол тағы да осы кітабында: «Алты алаш» және оның қазіргі ұрпақтарын былай таратады:

«1. Үйсін – 10 тайпа (ру): Ошақты, Шапырашты, Ысты, Сіргелі, Шақшам, Сары Үйсін, Албан, Суан, Дулат, Жалайыр.

  1. Қаңлы – 2 тайпа (ру): Қаңлы, Шаншықылы.
  2. Оғыз – 4 тайпа (ру): Найман, Керей, Уақ, Қоңырат.
  3. Қыпшақ – 1 тайпа (ру): Қыпшақ.
  4. Арғын (Қарлық) – 1 тайпа (ру): Арғын.
  5. Алшын (Қара қырғыз) – 25 тайпа (ру): Адай, Таз, Есентемір, Ыстық, Байпақты, Масқар, Алаша, Тана, Серкеш, Алтын, Жапбас, Беріш, бұлар «12 Атабайұлы» атанады. Кете, Шөмкей, Төртқара, Қарасақал, Қаракесек, Шекті, бұлар «Әлімұлы» атанады. Тама, Табын, Тілеу, Рамадан, Жағалбайлы, Кердері, Керейіт, бұлар «Жеті ру» атанады» («Іле газеті», 2006 жыл, 21 қазан).

        Қазіргі ел арасында жиналған қазақ шежірелерінде баяндалған «Алаш», «Жүз», «Қазақ» туралы атаулардың шығу тегі бірден-бірге жалғасып әр алуан айтылымда бізге жеткені анық. «Алаш», «Жүз», «Қазақ» деген атаулар өзара тығыз байланысты болса да «Алаш» пен «Жүзді» өзара шатастыруға болмайды. Алаш – қазақ билеушінің аты, үш жүзді – қазақ халқын құраған, үш өңірдегі бірнеше тайпадан құралған жеке-жеке бірлестік деп түсінген жөн.

       Кейбір зерттеушілеріміз Yш жүздің келіп шығуын Оғыз хан дәуірімен байланыстырады. Мысалы, «Оғыз ханның дәуірі, Сырдария жағасын қоныстанған Оғыз – Қыпшақ арасында екі күшті тайпа жасаған. Оның біреуін – Yш оқ, екіншісін – Боз оқ деп атаған. Қазақтар өзінің арғы тегін Yш оқ деп санайды. Қазақтың үш жүзге бөлінуі де осыдан шыққан.» («Асыл арналар», «Ұлттар баспасы», 1990 жыл, маусым, 272-бет).

       Әйгілі әдебиетші Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» атты кітабында: «Ғалым Бижуріннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында қазіргі қазақ даласында, түрік тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермеген шығыс шапқыншыларына қарсы үш орда құрған:

  1. Үйсін жерінде – Ұлы орда.
  2. Есіл Ертіс бойында – Орта орда.
  3. Балқаштан Каспийге дейін Кіші орда болып топтасқан. Қазақ жүздері осы үш ордадан басталған. Мен осыған бейіммін» («Іле газеті», 2006 жыл, 21-қазан) дейді.

       Ертеден айтылып келе жатқан қазақ шежірелерінде үш жүзді қазақтың үш баласы – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп таратып келеді. Ал қазақтың арғы атасы Алаш, Алаштан қазақ туған деп қарайды. Ақарысты Ұлы жүз деп атаған, одан Үйсін, Қаңлы, Албан, Суан, Дулат, Сары Үйсін (Түркеш), Жалайыр, Шапырашты, Ошақты, Шанышқылы, Қатаған қатарлы тайпаларды таратады. Жанарыстың тұқымы Орта жүз деп аталады, одан Арғын, Найман, Керей, Уақ, Қоңырат, Қыпшақ қатарлы тайпалардан таралады. Бекарыстың тұқымы Кіші жүз деп аталады, одан: Алшынды, Алшыннан Әлімұлы, Байұлы, Жеті ру деп таратылады. Осы Yш жүз жалпы қазақ халқын құрап, тарихта қазақ деген ұлт атымен танылған.

       Әйгілі қазақтанушы қытай ғалымы Су Бейхай қазақ ұлты туралы: «Бір қыдыру адамдар қазақ атауы XV ғасырда ғана қалыптасқан деп қарайды, амалиятта бұл – тарихи шындыққа жанаспайтын жаңсақ ұғым. Таң патшалығы тарихында Қазақ атауы Каса, Хаса немесе Аса түрінде аталды. Мысалы, «Таң патшалығының жаңа тарихы Парсы тарауында»: Парсылар шығыс жақта Тохар, Қаңлылармен шекаралас, олардың солтүстік жағында Түркілердің Каса ұлысы тұрады деп жазылған. Хұң Жұн «Юан патшалығы тарихындағы аудармаларға қосымша» атты кітабында: Tүркілер мейлінше күшейген кезде, … батыс жағындағыларды Хаса, яғни Каса деп атады, олар Каспий теңізі мен Қара теңізінің солтүстігін мекендеп, сол арада тұрады», – дейді. Мұнан VII ғасырдан бастап қазақ деген аттың Қытай тарихи кітаптарынан орын алғанын анық көруге болады» (Су Бейхай «Қазақ мәдинетінің тарихы», «Шынжаң халық баспасы», 2005 жыл, тамыз, 8-бет.) деген цитаттардан қазақ деген атаудың қалыптасуы өте арыда жатқанын аңғаруға болады.

        XV ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті жойылуына байланысты әр аймақтарда жеке-жеке хандықтар құрыла бастады. Солардың бірі – Жәнібек пен Керейдің бастауында 1455 жылы құрылған Қазақ хандығы. Содан үш жарым ғасырдан астам уақыт өмір сүрген қазақ хандықтары тұсында өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасау мен әдетғұрып, салт-сана, шежіре, тарих жинауға ерекше мән берді. Осы тұстарда «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ерсайын» сияқты эпостық жырлар, «Қыз Жібек» қатарлы салт жырлар жасалды. Асан қайғы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қыдырғали Жалайыр сияқты әйгілі тарихшыларды, Сыпыра жырау, Шәлкез, Қолантайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді, Жиенбет, Тәттіқара, Үмбетай, Шал, Бұхар қатарлы шашасына шаң жұқпаған ақын-жыраулар дүниеге келген.

        Ендігі ат басын бұра кететін бір әңгіме – 1472 жылы Әз-Жәнібек ханның жарлығымен Әл-Ақ ордада жазылған «Шипагерлік баян» атты ірі ғылымнамалық шығарма әрқандай жанды таңдай қақтырып, тамсандырады. Ірі ғылыми еңбек «Шипагерлік баянның» авторы XV ғасырда өмір сүрген қара үзген шипагер, ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Ол Әз-Жәнібек ханның жарлығымен бұл кітапты жетпіс неше жыл жаһан кезіп жүріп жазып шыққан. Кітап жазылып біткеннен кейін ханға енді тапсырайын дегенде жаудың ордаға жасаған шабуылынан Жәнібек хан қайтыс болып, шипагер-ғалым Өтейбойдақ Ақ Ордадан әрең қашып құтылып, өз ата-мекенін зорға тауып, жазған кітабын құпия сақтайды. Ғалым қайтыс болғаннан кейін ұрпақтан-ұрпаққа құпия сақталып сан мәрте көшіріліп, содан бес ғасырдан кейін Қытайда 1994 жылы желтоқсан айында «Шынжаң ғылым-техника, денсаулық» баспасы жағынан «Шипагерлік баян» деген атпен жарық көреді.

        Осы басылым көрген кітаптың алғашқы бетінде ғалым өз өмірін қысқаша былай таныстырады: «Менен ұрпақ қалмаса да күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл – соңғылықтар қадірін біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ, қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ.

Ой, дүние-ай!

Іске аспады арманым қаран қалды,

Шың басына шығарда арандалды.

Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,

Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.

Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аяндалды,

Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.

Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,

Тілкімменен жалғасқан аян қалды.

Атым – Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын.

Ата-тегім Ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албан, мекенім Жетісу».

       Өтейбойдақ жазған «Шипагерлік баян» атты бұл кітап қазақ халқының тіл, мәдениет, тарих, шежіре, философия, психология, астрономия, этнография, меторлогия, әскери ғылым, этика, эстетика қатарлы әр алуан ғылымнан мәлімет беретін халқымызға ортақ асыл мұра.

       Ал бұл кітапта, «Қазғақ Күнбидің Созғақ Күнбиді құлатып орда көтергені, оның шыңғырамасы (ұраны) «Алаш» болғаны, тұңғыш баласының атын «Алаш» қойып, онан кейін «Алаша хан аталғаны» жайында аңыз тұр. Бұл әрине қазақтануға табылмайтын дерек дейді (Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян», 5-бет).

       Ғалым кітабындағы «Шежіре» бөлігінде Қазғақ Күнбиге дейінгі 60 атаны бұтарлап таратып, жүйелі түсіндірген. Біз ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жазған ататек шежірелерінен мынаны байқаймыз. Бірінші, алғашқы Дештіден (Күнби) таратылған үшінші атаның аты Албан, осы бұрынғы Албан мен Бәйдібектің ұлы Жарықшақтан туылған Қазақ Албанның нендей қатысы бар. Қазақ Албаны бұрынғы Албанның тіке ұрпағы болуы мүмкін деген меже жасайсың, мұны айтудағы себеп түрік халықтарында бұрынғы ықпалды өткен ата-бабаларының тарих бетінен аты өшіп кетпеу үшін қайталап өз баласына сол атты қоятын әдет-ғұрыптар болған. Өйткені Бәйдібек бидің баласы, Албанның әкесі Жарықшақ жай адам емес, үлкен білім иесі, ел басқарған адам болған.

        Сол заманда қазақтың уәзір, сұлтан, билері шежіреге қанық болған, көзі ашық, көкірегі ояу, өз заманының алдыңғы қатарлы көрнекті қоғам қайраткері, ел иесі Жарықшақ бабамыздың өзінің бұрынғы ата-бабасы Албанның атын өзі баласына қойып Албан деп атауы әбден заңды, шындыққа біршама жақын деуге болады.

        Екінші, Өтейбойдақ шежіресінде Алашты қазақтан таратуы, қазіргі қазақ шежірелерімен бірдей шығуы үлкен ғылыми негізбен жазылған деп қарауға болады.

        Ал Қазақ хандықтарының тұсында, өкілдік сипатқа ие үш ірі заң жарыққа шыққан: бірі – «Қасым ханның қасқа жолы»; енді бірі – «Есім ханның ескі жолы»; тағы бірі – «Тәуке ханның жеті жарғысы» деп аталған. Тәуке хан жоғарыдағы екі түрлі заңды толықтап, түзетулер жасап, кемелді «Тәуке ханның жеті жарғысын» жариялап Қазақтарды басқаруға қолайлы болу үшін қоныс ыңғайына қарай үш жүзге бөлді. Ұлы жүзге – Үйсін Төле биді, Орта жүзге – Қазыбек биді, Кіші жүзге – Алшын Әйтеке биді басшы қойды. Нақтап айтқанда, бұл бұрынғы жүзге бөлудің заңды жалғасы деуге болады.

        Шежіре тарихы – халық тарихы, ғасырдан-ғасырға жалғасқан ата тарихымыз өзі сөйлесін, оның Алтын шынжыры мәңгі үзілмесе екен!

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

жазушы, этнограф.

(Мақала ықшамдалып алынды)

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password