АТ БАПТАП, ЖҮЙРІК МІНЕР ЖАСТАР ӨСІРУДЕ немесе бапкер, жаттықтырушы Ерлік МАРАТ туралы сыр

        Жеті қазынамыздың бірі әрі бірегейі жылқы. Жылқы – қазақтың қаны мен жанындай, басындағы бағындай. Атамыз қазақ қазақ болғалы жылқысымен күнін көріп, жанын бағып келеді. Атты жақсы көретін халқымыз ежелден ат бәйгесі, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін бар жанымен беріле жалғастыруда. Ат бәйгесінсіз, көкпарсыз қазақты көз алдыға келтіре алмайсыз. Содан да болар, жараулы атымен малын бағып, қойын қайырған қазақ бәйгеге шабар ат баптауды да сүйікті ісіне, кәсібіне айналдырған. Бұл қазір де жалғасын тауып келе жатқан тамаша үрдіс. Биенің сүті – балдан тәтті, емдік қасиеті мол саумал мен қымыз ұлтымыздың қастерлі сусыны. Саумалдың емдік қасиетін ғалымдар баяғыда дәлелдеп тастаған. Саумалмен емделуді дәрігерлердің өзі де көптен-көп қолдайды.

        Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында болған кезімізде жақсы дүниенің куәсі болдық. Ауылда таза қанды бәйге аттары бапталады екен. Оның сыртында сол жүйрік тұлпарлармен бәйгеге шабатын жас өрендер тәрбиеленуде. Ең жақсысы, өсіп келе жатқан балапандар ат баптауды үйренеді. Жүйрігімен бәйгеге қорықпай шабатын болады. Ауылдың намысы, мерейі үшін бәйге аттарымен айналысуды, оған тәрбиеленген, атқа мінуді жақсы меңгерген балалар дайындауды Ерлік Мараттай азамат шынайы қолына алыпты. Тіпті, бұл іспен айналысқандарына он жылға тарта уақыт болған. Ерлік қолына алған шаруаны ауыл әкімі Медет Азанбаев та лайықты қолдап, қуанып отыр.

        — Таза қанды жылқыларды «Дегерез» жылқы зауытынан, Қордайдан, Ұзынағаштан алып келеміз. Қауіпті індетке байланысты соңғы жылдары ат бәйгесі тоқтап қалды. Одан бұрын біздің жүйріктеріміз өңірдегі ат бәйгесінің алдын берген жоқ. Ат мініп өскен балалардың денсаулығы мықты болады. Ат мінуді, бәйге атымен шабуды үйретіп, жаттықтырып жүрген шәкірттерімнің осалы жоқ. Жақсы төселіп келеді. Күнделікті ертеңгісін, кешкісін бәйге аттарымен уақытымызды өткіземіз. Менің ат құмар шәкірттерім үлкен-үлкен атшабарларда қорықпай шабады, -дейді бапкер, жаттықтырушы Ерлік Марат.

        Қазіргідей темір көлік қаптап кеткен заманда балаларымыздың жылқымен өскені, атпен уақытын өткізгені, бәйге аттарын баптауды үйренгені қандай тамаша десеңізші?! Бұл ежелден жылқымен көзін ашқан, бағын тапқан ұлтымыздың ұлағаты, ғибраты ғой. Сарыжаз орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі, Талғар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып жемісті жұмыс жүргізіп келе жатқан Ерлік Мараттың Бақжан Дауылбай, Елдос Қамалжан, Алмас Ернатұлы, Әділет Әділбек, Ершат Қамалжан, Марат Нұрмұханбет, Әлішер Абдуали, Арсен Ердесұлы атты 8 шәкірті бар екен. Ерлік бастаған балалардың «Сарыжаз» деген айшықты жазуы бар жабулары бар жүйріктеріне қызыға қарадық. Айналысып келе жатқан игі істеріне сәттілік тіледік. Рас, күннің ауыры артта қалатын шақ туар. Қазағымыз ат бәйгесімен, көкпарын қайта түлетер. Сол кезде Сарыжаздың жүйріктері бәйгенің алды болып келеріне сөзсіз сенімдіміз. Қазірден бапталып жүрген таза қанды бәйге аттарының ертеңіне үлкен сеніммен қарайсың. Әрі Ерліктей азамат атқа мінуді, бәйгеге шабуды үйретіп, күнделікті жаттықтырып жүрген атқұмар жас өрендер де жерге қаратпайды.

        Ерлік «Үздік жаттықтырушы» атанған білікті ұстаз, спортсүйер азамат. Оның қыс маусымындағы сүйікті ісі – шаңғы спорты. Шаңғы секциясын жүргізеді. Білімді, іскер, еңбекқор жаттықтырушы тәрбиелеп, шыңдаған, жаттықтырған шаңғышы шәкірттері аудандық жарыстың алдын берген емес. Ересектер арасындағы облыстық шаңғышылар жарысы жылда Сарыжаз өңірінде өтеді. Ерлік бастаған шаңғышылар ауданның намысын қорғап, облыста бірінші орынды иеленіп келеді. Оның өзі шаңғыдан бірнеше дүркін облыстың чемпионы. Жігіт болсаң осындай бол! Нағыз жігіттің төресі. Бәйге аттарын баптаумен, атқұмар шәкірт дайындаумен, қыста тұрақты түрде шаңғымен айналысатын Ерлік Маратқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password