Асыл әжелер

        Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ал, Тәуелсіздік – ұлтттың ең қымбат қазынасы әрі біз үшін баға жетпес құндылығымыз.Маңдайға біткен бағымыз. Егемен еліміз бодандықтың тұсауынан құтылған отыз жыл ішінде әлем таныған алпауыт мемлекетке айналды. Бүгінгі таңда осы қасиетті ұғымның арқасында еліміз зор жетістіктер мен толайым табыстарға кенелді.

       Осы тұрғыдан алғанда ауылымыздың асыл аналары атқарып жүрген бірқатар жұмыстары жайлы сөз қозғамақпын. «Әйел – үйдің киесі» — дегендей аналарымыз өз отбасыларының ардақтысы. Біздің «Ақ-Қайнар» әжелер ансамблі ауыл ішінде тартымды жұмыстар жасап келеді. Егемен еліміздің жастарын тәрбиелеуге, ата – баба дәстүрін қастерлеуге, тарихты білуге, жас өркендерді ұлтжандылыққа, үлкенді құрметтеуге баулып, тәрбие көрсетуде атқарған істері айтарлықтай. Ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрді, салт – сананы, ұлыларды ұлықтауды насихаттауда үлгі болуда. Атаулы күндерде бас қосып, игі шаралар ұйымдастыруда да осы ақ жаулықты аналарымыздың істеген істерін баса айтқаным жөн болар. Қайнар ауылындағы «Алтын алқа», «Күміс алқалы», көп балалы әжелеріміз Н. Мұқәділова, Н.Мырзабаева, Р.Шалағызова, Е. Шалабаева, К.Бердібекова, А. Искакова, Ш.Танабаева, Г. Қырғызбаева, А. Абиырова, Г.Батырханова мен Н.Рахметжановалар өскелең ұрпақ өнегесіне, тәлімді тәрбиеге еңбек етуде. Алдағы уақытта да жұмыс ауқымы молая түспек.

        Менің әжелерім туралы айту – маған үлкен абырой және ерекше құрмет. Көп жылдан бері «Ақ-Қайнар» әжелер ансамблі болып қоғамдық жұмыстарға қолдау көрсетіп келеміз. Бүгінгі күнде ақ кимешектерін үлгі етіп, әндерін салып, қазақы салт-сананы дәріптеп жүрген топ мүшелеріне айтар алғысым шексіз. Барлығы қарапайымдылығы мен аналық жүректерімен ел-жұртпен етене араласады. Иә, бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 30 жылдығы пешенемізге жазылған несібеміз. Осы айтулы күнге де аналарымыз өз үлестерін қоспақ. Жас буынға ұлы өнеге, үлгілі ғибрат көрсетпек.

        Тұғыры биік тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жүйелі жұмыстар атқару жоспарда тұр. Бүгінде аналарымыз қай салада болмасын ой-пікір, ұсыныстарын білдіріп, қоғам өміріне белсенді түрде араласады деген сенімім бар. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған қиын сынақтардың жақсы-жаманын екшеп, тамырымызды берік сақтауға да аналарымыз үндеп жүр. Ана жүрегі «аурудың ауылы алыс болса екен»- деп тілейді. Немерелерін тәрбиелеп, шөбересіне шөл қандырып отырған ауылымыздағы аналарымызға отбасыларының аман, отарлы жұртының есен болғандығын тілеймін. Елдің болашағы «бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» аналарымыздың, ақ әжелеріміздің қолында екендігі даусыз.

  Советай Құдиярбекқызы,

Қайнар ауылдық аналар

кеңесінің төрайымы,

Мәдениет қайраткері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password