Аспантаудың асқарында «Экоакция» өтті

Алматы облысында тұңғыш рет эко-еріктілердің қатысуымен ауқымды науқан өтті. Солтүстік Тянь-Шянь тауларының алқасы болған «Көлсай» көлі мен жаратылысы тым ерек, өзіне тән маңғаздығы маужыраған жанды жадырататын «Қайыңды» көлінің маңайында сенбілік жұмыстары өткізілді.
Акцияға 80-нен астам адам қатысты. Оның 50-ден астамы жас еріктілер. Жылына мыңдаған турист келетін өлкенің бет-бедері мінсіз болуы тиіс. Жаратушының жұмыр басты пендеге тарту еткен сыйының келбетіне нұқсан келмеуіне өлкенің жас жеткіншектері өз үлестерін қосуда. Сол үшінде, Аспантаудың асқарында екі күнге бас қосты.
Саф ауасы, мөлдір суы, қиялай өскен аршасы келген көптің көңілінен шығатыны анық. Тек, әттеген-ай дейтін тұсы тағы бар. Ол әсем мекеннің сұлулығына сызат түсіретін қоқыстар. Эко-еріктілердің бастамасымен өткен акцияның мақсаты, айналаны артық қалдықтан тазарту. Осы әрекеті арқылы келуші жұрттың ішкі мәдениетін көтеру.
«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «KazEcoPatrol» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «KazEcoPatrolJunior-дың» Ескелді, Іле, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласындағы бөлімшелерінің мүшелері бір кісідей ат салысып, таза қоғамды қалыптастыруға күш біріктірді.
Акция «Не жди дворника», «Тазалаушыны күтпеңіз» деген атауды арқау етті. Облыстық маңызы бар шараға, еліміздің бас экологы, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Дастан Сұлтанмұратұлы, «KazEcoPatrolJunior-дың» Алматы облысындағы бөлімшесінің жетекшісі Динара Бәкірова арнайы қатысты.
Акция барысында сөз алған, еліміздің бас экологы, табиғат жанашыры Мэлс Хамзаұлы дүние жүзіне қатер төніп тұрғанын, алайда билік те, бұқара да бұған аса мән бермейтінін айтты.
«Бүгінгі күні табиғат, оның ішінде қоқыс мәселесі өзекті. Осыдан 20 жыл бұрын Іленің бойын тазалайтынбыз. Ондағы қоқыстың көлемі шарш етектен еді. Қалдықтар барлық жерде жататын. Шамамыз келгенше тазалағанбыз. Бүгінгі ұйымдастырылған шара өте дұрыс. Өсіп келе жатқан ұрпақтың жадына қоршаған ортаны аялау керектігін сіңіру керек. Сол арқылы үлкен буынға үлгі көрсету қажет»,-деп атап өтті табиғат жанашыры Мэлс Елеусізов.
Экоакцияға қатысушылар, бірінші күні Көлсайдың айналасын артық, қыл-қыбырдан тазартты. Олар 5 адамнан топқа бөлініп, көлдің ұңғыл-шұңғылына дейін аралап, ағаштардың қапталдарына дейін қарап, тазартып шықты. Нәтижесінде бір жүк көлігіне артатындай қоқыс шығарды.
Екінші күні, эко-десантшылар «Қайыңды» көлін бетке алды. Діттеген жеріне жеткен соң еріктілер, Қайыңдыдағы жаяу жүргінші және жылқы малына арналған жолға бөлініп, көлге апаратын екі қапталды тегістей тазалап, қап-қап қалдық шығарды.
48 сағатта тазалықты қалпына келтіруге үлес қосушылардың ішінде мектеп оқушылары да бар. Соның бірі Әйгерім атты бұрымды.
«Алматы облыстық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы осы акцияға өз үлесімізді қосудамыз. Бұл шараға алғаш рет келіп тұрмыз. Мұнда келудегі мақсатымыз, қоршаған ортаны аялап, табиғатты қорғауға ат салысу. Жас та болсақта, өзгелерге осы бір әрекетіміз арқылы үлгі болғымыз келеді»,-дейді эко-ерікті Әйгерім Есімхан.
Айта кетейік, эко-десантшылардың ең кішкентайы 5 жаста, оның есімі Милена Шин. «KazEcoPatrolJunior-дың» Алматы облысындағы бөлімшесінің жетекшісі Динара Бәкірованың айтуынша, жас табиғат сақшысын алғаш рет әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан көрген.
«Алғаш рет Миленаны инстаграм желісінде қаладағы саябақта қоқыстарды жинап жүрген бейне жазбада байқадым. Содан кейін, ата-анасын іздестірдім. Ақыры анасымен байланысқа шығып, кішкентай бүлдіршінді біздің топқа мүше ретінде қостым. Содан бері қалдағы сенбіліктерге қалмай қатысып келеді. Бұл үйдегі тәрбие. Алғашқы да әдейі түсірілген жазба деген ой қалыптасады. Бірақ, мүлдем олай емес. Миленаның жүріс-тұрысынан, айналға қараған көзқарасынан үйдегі тәрбиенің жемісі екенін аңғару қиын емес. Жастайынан тазалыққа үйренген баланың болашағыда мөлдір болатындығына сенемін»,-деп өз ойымен бөлісті Динара Бәкірова.
Алдағы таңда еліміздегі демалыс орындарында тазалықты сақтап қалу үшін, ескертпе тақталар әр 100 метр сайын орнатылатын болады. Алғашқы айда түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, одан кейін тәртіп бұзған келуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сәйкесінше, 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
«KazEcoPatrol» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Тимур Мэлсұлының сөзіне сенсек, осы тектес шаралар алдағы таңда жалғасын таппақ. Келушілердің ішкі мәдениеті көтерілгенше, аймақта тазалық қалпына келгенше табиғат сақшылары күресін тоқтатпақ емес.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password