АСПАНДАҒАН БАҒАМ, РЕНЖИМІН САҒАН!

        Апталық жұмыс күнінің соңы-жұма. Нарынқол ауылының орталық базар көшелерінде күйбең тіршілік қамымен азық-түлік алуға асыққан жұрт қарасы толастар емес. Халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын журналистер қауымы үшін бүгінгі қарбалас таптырмас мүмкіндік болды. Көптен елдің көкейінде жүрген тауарлар қымбаттауына байланысты журналистік зерттеудің сәті түсіп тұрғандай еді.

        “Азық-түлік шамадан тыс қымбаттап барады, қолымдағы 10000 теңге 1 қап ұн мен су майға толық жетпейді. Қымбатына қарап, аш отыруға тағы болмайды. Бағаны төмендетуге ықпал етер қауқарымыз болмай тұр.” Бұл — зерттеуімізге негіз болған қарапайым жұртшылық пікірі. Тұрғындар шағымының шындығына көз жеткізу мақсатында, халық қарасы көп жиналатын дүкендер бағасын бағамдадық. Көз тартар тауарлармен жайнаған дүкендердің, бағалары да асқақтай сайраған. Осы тұста, өзге тауарларды ысыра тұрып, күнделікті тұрмысқа аса қажет ұн, күнбағыс майы, нан, кейбір көкөністер сынды заттардың құнына салыстырмалы барлау жасадық. Жаға ұстаған да, көңіл толтырар тұстар да кездесті. Ендігі кезекте нақты сандарды сөйлетсек, ұн бағасының ең арзаны 50 килограмм-8200 тг болса, келесі дүкенде 8500 тг болып тұр. Оқырманды ең арзан ұн бағасы да қуантпауы мүмкін. Ал күнбағыс майының 1 литрлік мөлшері 750тг, 800тг, ең қызығы өзге дүкендерден өрескел айырмашылық жасаған дүкендегі бағасы-890 тг. Келесі кезектегі ең таралымды тауар- нан. Логикалық тұрғыда ұн бағасына қарап-ақ, нан бағасын болжауға болады. Бірақ, көкейдегі болжамнан нан бағасы асып түсті. Нан бағасы екі-үш дүкенде 150 тг құраса, кейбір сатушылар нан құнын 170-180 тг мен бағалады.

        Адам организмі жаһанды жаулаған індетке қарсы тұру үшін дәрумендерді қажет етеді. Осы ой аясында, көкөністер дүкендеріне де бас сұқтық. Ауылдағы қолжетімді көкөністердің бірегейлерісәбіз, пияз, қызанақ пен қияр. Ұзақ өмір кілті саналатын — сәбіз көкөнісінің бағасы 350 тг екенін білдік. Қымбатсынғаннан ба, келесі дүкенге аяқ бассақ, сатушы, 1 килограмм сәбіз 500 тг деп айды аспанға шығарды. Бір қуантарлығы, В мен С дәруменіне бай пияздың бағасы тұрақты-150 тг. Тіпті кей дүкеннен 120тг ге алуға болады. Ал қызанақ пен қияр бағасы өз қалпын сақтап тұр. Қалың көпшілік наразылығының бір тармағы Ұлттық экономика министрлігі хабарлаған Кәсіпкерлерді 3 жылға дейінгі табыс салығынан босату туралы қабылданған заңды алға тартып отыр. Халықтың мақсаты- заңға қарсы шығу емес, тек кәсіпкерлерге өздеріне берілген жеңілдіктің қадірін түсініп, халық жағдайын да ұғынса деген ниетте. Дегенмен, сатушы-кәсіпкерлердің де өз шындығы бар. Аралас заттар дүкенінің сатушысының айтуынша, олар негізгі тауар бағасына 25% ғана үстеме қосатынын және жалпы түсетін пайданың мардымсыз екенін айтты. “Қазақбайшылыққа” салынған ауыл тұрғындарының тауарды қарызға алуымен қоса, сатушылардың тауар тасымалдаушыларға берер ақша шығыны тағы бар. Бұл дүкен иелерінің табыс кірісін ақтамайды.”Қарыз беру уайым емес, қайтарып алу уайым” демекші, сатушылар айлап, жылдап қарыздарын қайтармай әлекке салатын алушыларға да ренжулі. Алайда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қаржылық қиындықтарға жауап ретінде кәсіпкерлік түрлерін қадағалауға және бақылауға мораторий жарияланған еді. Бұл шешімді кәсіпкерлер өздеріне берілген шектен тыс еркіндік деп қабылдаса керек, бағаны шарықтата жөнелді. Ақшаның жайын жарлыдан сұра дегендей, екі тарапты тыңдай келе, көбірек зардап шегуші тараптың халық екенін түсіндік. “Олай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының” кебін киген қарапайым халықтың табыс көлемі де айлық азығының мөлшерінен әлдеқайда төмен.

       Қымбатшылықтың тағы бір тармағыкөлік отынының баға шарықтауы. Мүмкін жоғарыда аталған, азық бағасының өсуі бензин қымбаттауымен тікелей байланысты да болар. Қазіргі кезде барлық жұмыс ауылшаруашылық техника мен автокөлікке тікелей тәуелді. Аудан орталығындағы жанармай бекетінде бензин бағаларының бірден аспанға ұшуы ойымызға негіз болып отыр. Мәселен, АИ-92 бензинінің бағалары бұрындары 150-153 тг болып келсе, қазір 190теңгеге бірақ секірді. Қайнар ауылындағы баға тіптен 195 теңге, ал Текес ауылында 180 тг. Дезиль отынының 205 тг қамтуы да жаға ұстатарлық. Бұның өзі шаруа қожалықтарына оңай тиіп отырған жоқ. Көктемгі егіс, шөп шабу, картоп отырғызу сында ауыл тіршілігінің бәрі жанармайға келіп тірелері анық. Сондай-ақ Нарынқол мен Алматы арқылы жолаушылар тасымалдау бағасы 3000 теңгеден 3500 тг көтерілді. Мұның өзі тұрғындар қалтасына ауыртпалық салатыны белгілі. Айтпақшы, Шелекте бензин бағасы 175 тг, Кегенде 169- 180 тг арасында. Шелектен бері қарай жанармай бағасына 5 тг ғана қосылып отыр. Кеген мен Шелек арасына қарағанда, Кеген мен Нарынқол арасы жақын. Ал Нарынқолда жанармай бағасы 190 тг бірақ шықты. Бағаның соншалықты көтерілу сыры неде? Мәселе төңірегінде жүргізушілерді де әңгімеге тартқан едік, айтарлары көп болып шықты. Алдымен сөз алған жүргізушілердің айтуы бойынша, бензин қымбаттауы олардың табыс көзіне айтарлықтай салмақ түсірген. Күнделікті есептеуге назар салсақ, көлік жүргізушілер табысының жалпыға шаққандағы айтарлықтай бөлігі жанармайға жұмсалса, ендігі бір бөлігі көлік бөлшектерін жөндеуге бөлініп, қалған аздаған қаражат күн көріске жетпеуі де ғажап емес. Әрине, жеке көліктің иегері болған соң, аталмыш тірліктер жүргізушінің өз құзырында. Дегенмен, жүргізушілердің айтуынша 1 күндік табыс көзінің орташа есеппен бар болғаны 1000-1500 теңгені құрауына, сайып келгенде, бензин бағасының ықпалы зор. Табысы қысқарған жүргізушілер “Тазы өшін тырнадан алыпты” дегендей, ендігі ауыртпалықты жол жүруші халыққа салып отыр.

       Қайда барса, Қорқыттың көрі болған қымбатшылық халықты әбден титықтатты, ендігі әрекет осы салаға тікелей жауапты адамдар мен салықтан босатылып, табысы екі еселенсе де бағаны ойнақтатқан кәсіпкерлер құзырында.

Ақерке Бижан,

Еңлік Жұмаш,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password