ҚАС ҚАҒЫМДА ӨТКЕН ҒҰМЫР!

        Дүниені дүрліктірген Кеңес Үкіметі тұсында өмірге келіп, сол заманның тар жол тайғақ кешуінде қаншама ата-бабаларымыз өмір сүрді десеңізші. Олардың есімдерінің бірін білсек, енді бірі құмға сіңген мөлдір тұнық бұлақтай құрдымға кеткен, қайран біздің есіл де ерен болған ата-бабаларымыз-ай! Тағдырларына, қилы заманда өмір сүруге бір Алла нәсіп етіпті. «Әр заманның, мына өмірден алар өз еншісі бар» демекші, шыр айналған қара құйындай боп көзден таса болды. Сол аласапыран болған заман аяққа оратылған жолында нені келешекке үлгі-өсиет ретінде мұра ғып қалдырып кетті, нені өзімен бірге ала кетті… зерделеп көрелік! Халқымыздың тарихына терең бойлап қарайтын болсақ, небір жолбарыс жүректі батыр тұлғалар, ана тілімен, дінімен көркем шығармалар жазған ақындар мен жазушылар, өнердің шыңына шыққан өнер майталмандары, маңдайалды терін төккен еңбек ардагерлері, қарапайым ғана шаруа адамдары мына жер бетінде өмір сүрді емес пе?! Солардың бірегейі Тілеужан Сақалов әкеміз болды.

       Тілеужан әкеміз екі ел, яғни, Қытай мен Қазақстан елдері арасында маңдайалды терін төгіп еңбек еткен ардақты да аяулы жан. Арғы тегіне көз жүгіртер болсақ Ұлы жүз, Албан руы, Құсық ата (Бексейіт) тармағынан тараған атасы Сақал, Смағұл баласы болып келеді.

       Тілеужан Сақалов, 1930 жылы Нарынқол ауылында жарық дүниенің есігін ашып, тағдырдың тәлкегінен 1931 жылы ата-анасымен «үріккен елге» ілесе жүріп Қытай жеріндегі Ақдала елді мекеніне қоныстанады. Балалық шағы осы арада өтеді де, 1938 жылы Ақдала бастауыш қазақ мектебінің табалдырығын аттайды. Оны 1942 жылы бітіріп шығып, ары қарай 1945 жылға дейін орыс мектебінде оқиды. 1946-1948 жылдар аралығында Құлжа қаласындағы «Ұлттар гимназиясында» білімін шыңдай түседі. Одан әрі 1948-1950 жылдары «Орта дәрежелі мамандар дайындайтын» білім ордасында оқиды.

       Еңбек жолы 1950-1951 жылдары Нылқы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеуден басталады. Кейіннен, осы қызметін 1952-1953 жылдары Мұңғұлкүре ауданында жалғастырады. 1953-1958 жылдары «Шыңжаң оқу-ағарту» журналында жауапты редактор, 1958-1961 жылдары «Шыңжаң оқу құралдары» баспасында редактор болып қызмет істейді. Құлжа, Үрімжі қалаларында қызмет істеген жылдары әдеби-көркем шығармашылықпен айналысқан. Оның өлеңдері, әңгімелері, ғылыми педагогикалық зерттеулері, сын мақалалары «Іле газеті», «Шыңжаң газеті», «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Алға» атты газет-журналдардың беттерінде жиі жарияланып тұрған.

       1961 жылы маусым айында ата-анасы және отбасымен Қытай жерінен туған ауылы Нарынқолға өтіп келеді де, осы жылдың шілде айынан, 1990 жылға дейінгі аралықта Нарынқол аудандық оқу бөлімінде инспектор, аудандық кешкі жастар мектебінде, Нарынқол орта мектебінде, Бердібек Соқпақбаев атындағы мектебінде, мұғалім, директор болып жұмыс істеді. 1990 жылдан өмірінің соңына, яғни, 1996 жылға дейін Райымбек аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы және ақсақалдар алқасының төрағасы болып жұмыс істеген.

        1995 жылы ұйымдастырылған «Қазақстан Халықтары Ассамблеясының» мүшесі болды, мандаты № 54. 1995 жылы 24 наурызда ашылған Ассамблеяның бірінші сессиясына, 1995 жылы 20 маусымда екінші сессиясына қатысқан.

       Жоғарғы Үкімет тарапынан «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

       Енді жоғарыда айтылған еңбек жолын талқылап көрелік. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші өзінің қырық жылғы өмірін бала тәрбиелеумен өткізген, алдына қойған мақсаты да сол болған. Ұстаздық жолын, 1950 жылы Қытай елінде бастап, 1990 жылға дейінгі аралықта тапжылмай «ұстаз» деген бір салада еңбек ету, ол әркімнің қолынан келе бермейтін ерен еңбек. Ең алғашқы Нылқы аудандық оқу бөлімінде істеген жылдары, Шыңжаң қазақтарының бастауыш, орта, жоғары мектептеріндегі оқулықтарын, мәдениетін, әдебиетін, ғылымын, тілін Қазақстан үлгісінде жасап, дамыту жолындағы күресте ту ұстаушылардың бірі деңгейіне дейін көтеріледі. Алайда, Қытай еліндегі қоғам дамуының бет алысы шұғыл түрде өзгеріп, теріс бұрылады. Осы тұста басқа да замандас, тағдырластары секілді сын найзасына ілігіп, «оңшыл», «ұлтшыл» деген жалаға тап болады да, жылға жуық дүнгендер қыстағына қудаланып, қара жұмысқа салынады. Осы тұста шыныққан қол, еңбекқор екенін танытқаннан кейін, Үрімжі қаласына қайта оралып, мектеп оқулықтарының редакторы болып екі жылға жуық жұмыс істейді. Жұмысын істей жүріп хансу, орыс тілдерін толығымен меңгеріп алады. Осылайша өмірге деген көзқарасының аясы кеңіп, буыны қатқан, өресі биіктеген шағында, 1961 жылы маусым айында, араға отыз жыл салып атамекені – Қазақстанға қайта оралады.

       Атамекеніне келгеннен кейін де аудан орталығы Нарынқолда мұғалім бола жүріп, ҚазМУ-дің филология факультетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1968 жылы ойдағыдай бітіреді. Көп кешіктірмей, кандидаттық диссертациясын «Таңжарық ақын және Шығыс Түркістан қазақтары әдебиетінің тарихы» деген тақырыпта қорғауға кірісіп кетеді. Жұмыс жан-жақты зерттеліп, көркемделіп, шабытты жазылады. Өкінішке орай, екі империяның арасындағы кикілжіңнің шиеленісуі зардабынан болды ма, жоқ әлде басқа да себеп болды ма диссертацияның қорғалуы ұзаққа созылып кетеді. Жығылған үстіне жұдырық демекші, осы мезгілде жұмыстың ғылыми жетекшісі Бейсенбай Кенжебаев ағамыз қайтыс болып, жұмыс қорғалмай қалады.

       Тілеужан Сақалов әкеміз ғылыми-әдеби шығармашылықта ғана емес, азаматтық, педагогикалық өмір жолында да қиянаттың талқысына талай түсіп, бұғанасын қатырған жан еді. Әр нәрсеге бойы үйренгендіктен болар, бұл жолы да сары уайымға түспестен, ізденуін, іштей тілеуін, ауыр мехнатын тоқтатпайды. Ендігіде зерттеушілік, шығармашылық жұмыстарын бұрынғыдан да кеңейтіп, Қазақстанның көрнекті жазушылары мен олардың атақты шығармалары жайында ғылыми талдаулар жасап, өзінің ой-тұжырымдарын, пікір-талас жазуды алып жүреді. Осы тұста «Ізбасардың айтыстары», «Қырғыз қызы Шолпанмен айтыс» деген еңбектерін жазып шығады. Аудандық, облыстық айтыстарда, Жанәділ, Оралбек секілді ақындармен «айтыс додасына» түсіп, жүлделі орындарға ие болады. Балаларға арнап бірнеше тәлім-тәрбиелік әңгімелер мен новеллалар жазады. Тағы бір ерен еңбегі, Алматы облысы көлемінде құйма құлақ қарияларды, ақын жанды шешен адамдарды әдейілеп іздеп жүріп тауып, ауыз әдебиетін, ақындар мен батырларды, тарихи тұлғаларды, жер тарихы, ел тарихы жөнінде ауызша деректерді, өлең жырларды, әңгімелерді мұқияттап жазып жүрген. Мысалы, Шарғын ақынды бірнеше рет іздеп барып, екеуара ұзағынан әңгімелескен. Сол кездесулерден көлемді-көлемді жазба естеліктер алған. Шарғынның өз өмірі және шығармалары туралы материалдар алумен қоса, Таңжарық ақынның бірнеше өлеңдерін, дастандарын, айтыстарын, шағын қақтығыстарын жазып алған. Сарыжаздық Қабылбек Сауранбаев ақсақалмен де ұзағынан әңгімелесіп, Ұлы жүз елінен шыққан батырлар, олардың қай заманда, қай жерде, кімдерге қарсы қандай ерлік-істерін көрсеткені жайлы, олардың сүйектері қай жерлерде жатқандығы туралы мәліметтер жазып алған. Осы ақсақалмен кездесудегі әңгімесі жазылған жеке блокнотта, Хангелді, Райымбек, Ұзақ, Жәмеңке, Мергенбай батырлардың өмірі туралы деректер мен олардың айтқан сөздері, біршама.

       Тілеужан Сақалов әкеміздің Таңжарық, Көдек, Шарғын, ақындардан жинаған өлең-жырлары және олар жөнінде жазған мақалалары аудандық «Хантәңірі», Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Жас алаш», еларалық «Шалқар» газеттерінің беттерінде жарияланды. Осы үш ақынның өмірі мен шығармаларына ең алғаш ат ізін салған Тілеужан Сақалов екендігіне білетіндердің ешбірі көз жұмбайды. Аталған ақындардың кітаптарына кірмеген немесе шала қамтылған, тіпті ел біле бермейтін көп қазына Тілеужан әкеміздің қорында бар.

        Өмірінің соңғы 35 жылында Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында тұрып, қазақ тілі әдебиетінің мұғалімі, инспектор, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, егеменді Қазақстанда тұңғыш құрылған «Халықтар Ассамблеясының» мүшесі қызметтерін атқарды. Әр кезеңдегі қызметтерін абыроймен атқарып, еліне беделді болды. Негізгі міндеттерімен қоса ауданда, облыста көптеген қоғамдық, әлеуметтік іс-шараларға белсене араласты. Шәкірттер арасында айтыс мектебін, қытай тілін оқыту сыныптарын ашты, олардың дәрістерін, жаттықтыру жұмыстарын өзі жүргізді.

       Осы тұста айта кетелік, Тілеужан Сақаловтан тәлім-тәрбие алған жеткіншектер көп-ақ. Мысалы, белгілі ақын Мінуар Әкімханов, журналист Жолымбет Кейкелов үлгі-өнеге алғандарын, драматург Баққожа Мұқай, ақын Айтақын Әбдіқалов, журналист Жанболат Аупбаевтар, өздеріне әдебиет пәнін Тілеужан Сақалов оқытқанын мақтанышпен айта алады.

        Отбасы жағдайына келер болсақ, шешеміз Бөпен Жексебаева екеуі, әуелі бір Алланың қалауымен, мына жарық дүниеге үш ер бала сыйлаған есіл жандар. Олардың есімдері: Тельман, Думан, Нартай. Қазіргі таңда осы үшеуінен тараған Тілеужан әкеміз бен Бөпен шешеміздің ұрпақтары, Қазақстанның ұлан-байтақ жерінде еңбек етіп, тіршіліктің шуақты күндерін көріп жүріп жатыр. Әкеміздің жете алмаған жетістіктеріне, шыға алмаған шыңдарына ұрпақтары қол жеткізуіне, бір Алла нәсіп етсін!

       Ал, өзінен үлкен әпкесі Смағұлқызы Күлшахан апайымыз, жұбайы Атамқұл ата екеуі балалы-шағалы болып, Нарынқол ауылында өмір сүрді. Күлшахан әпкеміз сондай ашық-жарқын бауырмашыл еді, Нарынқолдағы «Быткомбинатта» көп жылдар бойы еңбек етті.

        Сөйтіп, қазақ халқының болашағы үшін маңдайалды терін төгіп істеген ерен еңбектерін ескере отырып, ұрпақтарымызға үлгі-өнеге болсын деген ниетпен, 1997 жылы Райымбек ауданы, Қостөбе бастауыш мектебіне «Тілеужан Сақалов» әкеміздің есімі берілді.

        Осылай, әкеміз Тілеужан Сақалов бұл дүниеге 1930 жылы келді де, қас-қағымдай ғана уақыт өмір сүріп,1996 жылы дүниеден озды. Сол өзі жүріп өткен қилы заман жолындағы өмір-тарихы жайында, жоғарыда, тірнектеп жаздым, кемшіліктерім болса ғафу өтінемін!

Болатхан НҮСІПБЕКОВ,

«Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі,

БҰҰ «Адам құқығын қорғау комитетінің» Қазақстан Республикасындағы

Бас сәулетшісі. Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

Мергенбай батырдың немересі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password