ҚАРТТАРЫМ — АСЫЛ ҚАЗЫНАМ
Ғажаптың киесі, құдіреттің иесі, талай сұңқар түлеткен, жүз жырауы жыр төккен, сыр толқыны мен топырағына кие дарыған Райымбек елі ежелден жыр мен сырға бай өлке. Бүгінде бабалар аманатын арқалаған ұлағатты елдің ұрпақтары мирас өнердің шаңырағын шайқалтпай, ілкі өнерге деген көшелі қошемет пен ілгері ізетті жалғастыруда. Солардың бірі де бірегейі, өнер өлкесінде ойып тұрып орын алар аймағымыздың мақтаныштары – әжелер ансамблі.
Сәрсенбінің сәтті күндерінің бірінде, яғни жаңа жыл мерекесінің қарсаңында аудандық аналар кеңесінің қолдауымен Сарыжаз ауылдық округінің әжелер мен ақсақалдар ансамблінің ұйымдастыруымен «Мектепке кетіп барады, талабы таудай бүлдіршін» атты концерттік кеш өтті. Айтулы шара Қайнар ауылының мәдениет үйінде өтті. Өнерді құрметтеген қайнарлықтар көрші ауылдың өнерпаздарын кең көңілмен, ақ пейілмен күтіп алды. Сарыжаз ауылының ақсалдары да аналарға қолдау білдіріп, өз өнерлерін ортаға салды. «Тілашар» тақырыбын кеңінен ашып, сахналық көріністермен көркемдеді. Ақ жаулықты әжелеріміз халық әндерінен ауыздың алты ауызын шырқап, тамаша қолөнерлерінен көрме ұйымдастырып көпшіліктің назарына ұсынды. Ауыл әкімі Медет Азанбаев та аянып қалмай өнерін ортаға салып, әннен шашу шашты.
Ақсақалын ардақтаған, салт-дәстүрін салмақтаған жасампаз қоғамның ұрпағына баға жетпес асыл қазыналарымызды мирас етіп қалдырып, батылдық пен батырлықты, ұлттық рух пен намысты ту етіп көтерер жалынды жастардың қалыптасуына ықпал ету аға буын ата-әжелеріміздің басты мақсаты болмақ.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген, аталарымыз о баста ақсақалдар ансамблін құра¬тын кезде «Бұл істің соңы қалай болар екен?» деп ептеп жүрексінген екен. Қанша дегенмен немере-шөберелерінің қылы¬ғына тоймай, бейнетінің зейнетін көріп отырған ақсақалдардың ендігі жерде қоғам¬дық жұмысқа құлқы бола ма? Құрметті дема¬лыстағы қария өзін үлкен ортадан алыс ұстап, жаны тыныштықты қалайтыны белгілі ғой. Әйтсе де, еңбекпен есейіп, бар күш-жігерін елі үшін жұмсаған ардагерлер ешқашан да қоғамнан, ортадан алыстап кетпейді.
«Іші әнге, сырты сәнге толған аналар мен әжелер ансамблін дамытып, насихаттаудағы басты мақсатымыз – жастарды дәстүрлі халық әндерімен сусындатып, олар да салт-дәстүр, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасымен жақын танысса деген тілек. Қарттық деген енді қолыңнан ештеңе келмейді деген сөз емес. Қайта әр іске байыппен қарап, өмірлік тәжірибеңді, көрген-түйгеніңді кейінгіге үйрететін, жастарға қолдау көрсетіп, ісімен де, сөзімен де үлгі болатын шақ емес пе? Шүкіршілік, елдің жоғары бағасын алдық, ардагерлердің абыройы артты. Сол абыройды одан сайын биіктетіп, нығайта түсуге тиіспіз. Ендеше, жас¬тарымыз осындай ел ағаларына, қазыналы қарияларына қарап, ойын да бойын да түзесе, нұр үстіне нұр болар еді» — деп аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Молдағожаева әжелер мен ақсақалдарға рух беріп, алғыс білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Қайнар ауылының әкімі Серік Шалов өнерпаздардың өнерін жоғары бағалап, ақ жаулықты аналар мен ақсақалды қарияларға ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, ауыл халқының атынан арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Ақсақал айтқан аталы сөз ешқашан аяққа басылмаған. Аймақтағы дау-дамай, ағайын арасындағы ұрыс-керісті сыртқа шығармай, өз орталарында шешіп, туыстықты, бірлікті, елдікті насихаттап жүрген осынау өмірлік тәжірибесі мол, данагөй ақсақалдардың ел ішінде ықпалы өте зор.
Осы уақытқа дейін тек аналарымыздың ғана өнерін тамашалап келсек, енді ақсақалды қарияларымызда қатарға қосылып, ұрпақ тәрбиесінің түзу болуына, ұлттық дәстүрдің дамуына өлшеусіз еңбек қосуда. «Әке көрген оқ жонар, шешер көрген тон пішер» демекші осындай өнерімен, ақыл — парастаты қатар қалыптасқан қазыналы қарттарымыздың ізін жалғастырар жастарымыз көбейсе екен деп тілейміз.
Айнаш Әлдибекова «Хантәңірі»
0 Пікір