ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ

     Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында аудан аумағында түрлі деңгейде мерекелік шаралар өткізілді. Оның адами құндылыққа негізделген тәрбиелік мәні аз болған жоқ. Әсіресе, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету, қамқорлық жасау сияқты дүниелер ұрпаққа үлгі боларлық дәрежеде көрініс тапты.

  Әз-Наурыз мерекесін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымы қарттарға құрмет көрсетумен қарсы алды. Аудан орталығындағы «Хантәңірі» асханасына дастархан жайып, әр ауылдан арнайы шақырылған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға наурыз дәмін ұсынды.

      Мерекелік дастарханға қарасаздық Тоқтар Момбеков ақсақал тілек-ниетке толы ақ батасын берді. Дастархан басында алғаш сөз тізгінін ұстаған аудандық жұмыспен қамту және әлеметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанат Берікбай қарттарды жолы да, жөні де бөлек ұлық мерекемен құттықтады. Зор денсаулық, уайымсыз-қайғысыз ғұмыр тіледі. Сарыжаз ауылынан келген қарт ана Күлшархан Атажанова мерекеге деген ой-ниетін ақжарма тілегімен жеткізді. Шәлкөделік Райхан Әбілбайқызы өзінің ыстық ықыласын айта келіп, сөзінің соңын әсем әнге жалғады. Мекеменің жекелеген өнерпаздары да ақ дастарханды әсем ән мен күмбір күйге бөледі. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға мерекелік заттай сыйлықтар табысталды. Ұлыстың Ұлы күні мерекесінде өздеріне осындай зор құрмет көрсетіп, кеуделеріне қуаныш ұялатқан мекеме ұжымына қарттар да өз тараптарынан ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Ж. ТҰРДИЕВ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password