АРМАНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН «Эссе»
Көгілдір экран арқылы «Менің атым Қожа» кинофильмін тамашаламаған көрермен әсте жоқ шығар. Қырсықтығы мен аңқаулығы бір басына жүк болатын бала кейіпкердің өмірі туралы дүние сонау кеңестік кезеңнің тұсында-ақ алыс-жақын шетелдің таңдайын қақтырған. Ендеше осындай ғажайып дүниені жарыққа шығарып, көзінің тірісінде-ақ «Бала жанының бағбаны» атанған кемел жазушы Бердібек Соқпақбаев өзінің «Он алты жасар чемпион» атты туындысында ауыл ішіндегі шекарашылардың өмірінен алынған елеулі үзік оқиғаларды шығарманың бас кейіпкері бала Мұратқа үлгі етуі оның көрегендігін байқатса керек. Ендеше, үш мемлекеттің шекарасында тұрған Хантәңірі тауының баурайына кітап арқылы саяхаттауды ұсынамын.
Қолыңыз қалт еткенде Б. Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабын парақтайтын болсаңыз, кештің қалай батып, таңның қалай атқанын байқамай қалатыныңызға кепілдік беремін. Мұны қара сөздің құдіреті деуге болатын шығар. Әр шығармасы атан түйеге жүк, дарынды режиссерге киномотографиялық жұмыс болатынын жазушының шығармасын түгескен көзі қарақты оқырман көкірегіне баяғыда түйіп қойған.
Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде әдебиет пәнінен аталмыш жазушының туған күніне байланысты өткізілетін мектепішілік байқауға қатысқан болатынмын. Ең алғаш Нұржамал апайым үй-үйді аралап оқыла бергеннен бірінші беті умаждалып, мұқабасының түтігі шыға бастаған сарғыштау қалың кітапты қолыма ұстатқан болатын. Жазушының балалық шағында басынан өткен қызықты оқиғалары қанықты түрде суреттеліп өтетін осы кітапты бас алмастан оқыдым да, соңында құдды бір қимастықпен қайтарғаным есімде. Себебі, тау сілемдерінің аясындағы ауылда дәл осындай қазынаны табу қиынның қиыны еді… Осылайша қарапайым ғана мектеп оқушысы өзінің сүйікті жазушысымен кітап арқылы тұңғыш рет кездесті.
Жазушының «Он алты жасар чемпион» повесінде ауылдағы қарапайым отбасынан шыққан қазақтың қара баласы туралы айтылады. Және бұл шығарма Кеңес үкіметінің тұсында еліміздегі әрбір үйдің сөресінен табылатын кітап болды деп айтуға толықтай негіз бар. Себебі, аталмыш жазушының бір кітабы жүз мың таралымның үстінде шығумен қатар, сол кезде КСРО-ның құрамындағы елдердің тіліне аударылып отырған. Бұл әрине жаман көрсеткіш емес. Повестегі Мұрат Батырбаев сол замандағы қазақ баласының жиынтық образы десек артық айтпағандығымыз. Неге десеңіз, жазушы осынау шығармасы арқылы сол дәуірдің өмірін суреттеп отыр.
Иісі қазаққа белгілі Хантәңірінің етегінде өмірлері таумен бүтіндей тұтасып кеткен Қостөбе ауылындағы қарапайым тұрғындардың өмірі суреттелетін бұл шығарманың жалпы ұзын-ырғасы мынадай.
Отбасының сүт кенжесі болғандықтан Мұрат ата-анасының қамқорлығын артығымен сезініп, өмірінде қиыншылық көрмеген еді. Қартайғанда көрген жалғызы болғандықтан әкесі мен шешесі сәл бірдеңе болса «Мұратым» деп үрейленіп отыратын. Өлгенде көрген жалғызын көпшіліктен таса, ауырлығы бар жұмыстардан қақпайлап өсірген болатын қариялар. Оларды да түсінуге болар: Мұратқа дейінгі ұл-қыздарының бәрі шетінеп кеткендіктен күндіз-түні «Құдайым, жалғызыма жар бола көр!» деп дұға жасайтын жарықтықтар. Мектептегі алғашқы қадамдары барысында оқушы Мұрат Батырбаев көпшілік ортада көп қиындыққа ұшырады. Себебі қылдырықтай, әлсіздеу баланы сыныптастары әжуалап, өздерінен бөлуге ұмтылатын. Оқушы Мұрат бұл жағдайда көп қиналды, ақылдасатын ағасы я әпкесі жоқ. Мектептегі жағдайларды айтса қартайған ата-анасын уайымдатып аламын ба деп қорықты…
Қостөбе ауылының дәл ортасында орналасқан шекара заставасын жергілікті ауыл тұрғындары қысқашалап «застап» деп атайтұғын. Ел шебін күзететін сарбаздар негізінен көршілес қытаймен арадағы шекараны күзету үшін күндіз-түні аттың үстінде немесе жаяулатып түрлі бағыттармен жүреді. Одан бөлек бұл бөлімшенің сарбаздары «құдайдың құтты күні» сан түрлі жаттығуларды жасап шынығатын да жататын, Мұрат үшін бұл таңсық дүние ғой, бала қиялмен шекарашылардың іс-қимылдарын көз алмастан қарап отыратын. Көктемнің жайқалған бір күнінде қостөбелік оқушылар шекара заставасы жауынгерлерінің дайындық жаттығуларын тамашалауға келген болатын. Шекарашылар әрқайсысы жекелей атқа мініп, қолдарына күнге шағылысқан алмастай семсер ұстанған. Нысана ретінде жерге шыбықтар шаншылған. Шекарашы астындағы сәйгүлігін тебініп кеп қолындағы семсерімен жердегі нысананы дәлдеп сермеп қалғанда, көкпеңбек тал екіге бірақ бөлініп қалды. Ауыл тұрғындары шекарашылардың ептілігіне риза болғандықтан қол шапалақтап, өзара дуылдасып жатты. Сыныптастарымен мәз-мейрам болып отырған Мұрат осы сәтте өз таңданысын жасыра алмастан:
— Өскенде мен дәл осындай мықты солдат боламын, — деді өз шаттанысын жасыра алмастан, шындығында көздерінен от ұшқындап тұрған-тұғын.
— Сен сияқты бойы қортық, аурушаңдарды әскерге алмайды, дәмесін қара өзінің, деп — Садық дейтін желөкпе айналасын күлкіге қарық қылды.
Мына сөзге шамданған қылдырықтай Мұрат еңгезердей қутілді Садықпен күресе кетті. Салмағы аз болғандықтан қапелімде аппақ шаңды аспанға бірақ көтеріп астыға түсті де қалды, анау болса мен сенің «күшіңді» алып қойдым деп үстінен аттап өтті…
— Қайтсем де солдат сияқты мықты боламын, — деді Мұрат тістенген күйі үсті-басын қағып жатып.
Осы оқиғалардан соң аудан орталығы Нарынқолдан Қостөбеге жолдамамен келген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі осы ауылдың шетіндегі заставаны басқарған шекарашы Николай Трофимович ауыл жастарын мықты, шымыр болуға үгіттеп, өзінің мектептегі сабақтарын жүргізе бастайды. Бала Мұрат өзінің ептілігі және елгезектігімен осы мұғалімнің сүйікті шәкірттерінің біріне айнала отырып, көшбасшы болу үшін ұстазымен бірге соқпақ жолмен ұзақ сапарға аттанады.
Өзінің биіктігі және кербездігімен адамды баурайтын таулы өлкеден бастау алған арман жолдары қағілез де еңбекқор Мұрат Батырбаевты Алматыға жетелеп, мұндағы ортадан білім нәрімен сусындаған ол, жаттығумен қатар үлкен өмір белесіне қадам басады. Сан түрлі қиындықтарды еңсерген ұстазы Николай Трофимовичтің бапкерлігімен Париж қаласында өткен студенттер арасындағы бокстан алтын жүлдені жеңіп, КСРО-ның туын желбіреткен жалғыз қазақ ретінде тарихта қалған болатын.
Сонау қиырдағы қостөбелік шекарашыларға қарайлай бой түзеп өскен қарапайым ауыл баласының өнегелі өмірі туралы жазылған «Он алты жасар чемпион» повесі көзі қарақты көрерменнің жүрегінен орын тапқан шығармалардың бірі десек артық айтпағандығымыз болар. Қызықсаңыз тағы да бір парақтап шығыңыз, кітапты қалай оқып бітіргеніңізді байқамай да қаласыз…
***
Уақытында өзім де осы Мұратты үлгі тұту арқылы шекарашылардың қатарына келдім… Олай дейтінім өз басым шекараға адасып келген жоқпын. Қайтсем де шекарашы боламын деген арман, ой – мемлекетіміздің ең соңғы нүктесіне дейін барып қызмет етуге шақырды. Мен бас тартпадым. Атауынан ат үркіп, кез-келген шекарашыны ойдың тығырығына тірейтін батыста шама-шарқымша қызмет атқардым. Білдей бір шекара басқармасына қарасты барлық шекара және техникалық бақылау бөлімшелерінде іссапарда болыппын. Сусыған құмы мен өңменіңнен өтер қара суығы ысқырған далада сынбастан елім-жерім деген сардарлар мен жауынгерлерді көру жігеріңді жанитыны рас.
Мейлі үйде немесе әскери оқу орнында болсын болашақ отан қорғаушыны дұрыс тәрбиелеу үшін архивтерде шаң басып жатқан осындай кітаптарды оқу дұрыс шығар деген ойдамын…
Рауан НҰРМЕТ,
ҚР ҰҚК шекара қызметі
Түркістан облысы бойынша Департаменті,
капитан (Суреттер ғаламтордан алынды).
0 Пікір