Міне! Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл! Бұл жеңіс — сан сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың арқасында келгені анық. Ата- бабаларымыздың қанымен, терімен келген жеңіс – ең ұлы жеңіс, киелі жеңіс, қадірлі жеңіс.
Соғыстың аты соғыс. Сұм соғыс біреуді жесір етті, біреуді жетім етті, ал біреуді жалғыз ұлынан айырды. Балалығы сұрапыл соғыспен қатар келген біздің бүгінгі ата- әжелеріміз сол уақытта ерте есейген еді. Осы Ұлы майданның асыл ардагерлері қаншама. Соның бірі ел басына күн туғанда етігімен су кешкен жерлесіміз Ұлы Отан соғысының ардагері «Құрмет белгісі» орденін, «Еңбектегі ерлігі» төсбелгісін, «В. И. Лениннің 100 жылдық мерекелік» төсбелгісін сонымен қатар, бес жауынгерлік төсбелгісін кеудесіне таққан Ташаухан Әлімбеков атамыз. Т. Әлімбеков 1925 жылы 15 сәуірде Нарынқол ауданы, Калинин атындағы колхозда кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі жалшы болған. Октябрь революциясынан кейін майдангер әкесінен айырылып, шешесінің тәрбиесінде болған. 1943 жылы мамыр айына дейін мектепте тәрбиеленіп, 1943 жылы мамыр айында «Соц – Қазақ» орта мектебінің 9 класында оқып жүріп Отанын қорғауға армияға аттанған. Содан шығыс майданында шекараны Жапондардан қорғауда қызмет атқарып, Совет Жапон арасындағы соғысқа қатыстқан. 1948 жылы туған ауылына жеңіспен оралған майдангерлердің бірі. Ол кезде анасы Ұлтуар 61 жаста еді. Т.Әлімбеков 1948 -1950 жылдары Нарынқол аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, кейін II секретарь,
1950-1960 жылдары Нарынқол аудандық партия комитетінің партия, комсомол кәсіподақ ұйымдарының басқаратын бөлімінің нұсқаушысы, 1964 жылдан 1985 жылдың мамыр айына дейін Энгельс атындағы колхоздың партком секретары болып қызмет атқарған. Осы жылдар ішінде екі рет аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланып, бірнеше рет аудандық советтің депутаты, осы уақытқа дейін райкомның мүшесі болып келді. 1940-1945 жылдары комсомол қатырында, 1946 жылдан коммунистік партияның қатарында болып келген майдангердің отбасында жеті баласы бар. Қазіргі таңда дуалы ауыз ақсақал Алматы қаласында бала-шаға, немере-шөберелердің ортасында салиқалы ғұмыр кешуде. Бейбіт күн үшін шүмектеп тер төккен майдангер ұрпақтарына ескі күннің естеліктерін айтудан еш жалыққан емес. Көпті көрген ардагер өз отбасының баға жетпес қазынасы. Көнекөз қария ел-жұртына батуалы батасын беріп, заманның тыныштығын тілеп отырады.
Ел алдындағы борыштарын өтеп, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғап қалған Ташаухан Әлімбеков сынды ардагерлерге тағзым ету біздің қашанда парызымыз. Себебі, олар еліміздің жарқын болашағын, жас ұрпақтың өмірін, халықтың бақыты мен қуанышын сақтап қалды. Сондықтан да, бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыздармыз. Азаттықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – соғыстың жеңіспен аяқталуы. Оны әперген ата-әжелеріміздің ерен еңбегі деп білемін. Осы ардагерлерге қандай сый құрмет көрсетсек те, артық етпейді.
0 Пікір