АРДАГЕР АНА

        Бүкілхалықтық Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Қайнар ауылының тұрғыны тыл ардагері, ұстаздардың ұстазы НЫҒМЕТОВА Таухила апайымызбен кездесудің сәті түсті. Соғыс жылдарынан кейін қажырлы еңбек етіп, өз өмірін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған аяулы ана Таухила Ысқаққызы бүгінде 87 жасқа келіп отыр. Әлі тың, әңгімесі тиянақты. Соғыстан соң өмірін педогогика ісіне арнаған. Оның бойында 32 жылдан астам ұстаздық тәжірибесі бар.

        «Осыдан 76 жыл бұрын бүкіл әлемді дүр сілкіндірген соғыс атты сойқан басталған тұста тұлымы желбіреген кішкентай бала едім. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туылдым. Біздерді бірінші сынып оқыған кезімізден масақ теруге шығаратын. Қараңғы түскенше масақ тереміз. Соғыстың зардабын қазіргі менің жасымдағы қарттардың бәрі көрді ғой. Масақ терді, тұлық тасқа отырды, колхоздың ауыр жұмыстарын істедік. Он жылдықты бітіріп оқуға кеттім. Қолымызға диплом алып келгеннен соң «Хрущевтің тапсырмасы»- деп Қорғалжынға тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысына жіберді. Табан аудармай 2 жыл тылдың жұмысына жегілдік. Біздің көкейімізде соғыс тезірек бітсе екен деген ой ғана болды. Әкем Нығметов Ысқақ та соғыс ардагері. 1943 жылы Сталинград соғысында ерлікпен қаза тапқан. Менің бейбіт күндегі тілегім жер бетінде соғыс болмасын. Аналар жесір, балалар жетім қалмасын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Ел шеті аман болсын. Ауылымыз гүлденіп, жастарымыз туған еліне қызметін арнасын. Өзім сияқты әжелер «мейірімді әже» болсын, айналайындар. Тіпті, келіндеріне қызындай қарасын», — деп жымиды анамыз.

        Туған жерге деген патриотизм және махаббат қасиеттерінің үлгісі болып табылатын ардагер анамызды құрметпен тыңдап, деніне саулық тіледім!

Советай ҚҰДИЯРБЕКҚЫЗЫ,

Қайнар ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password