АРДАҚТЫ АНАЛАРДЫҢ ҚУАНЫШЫНА ДӘНЕКЕР БОЛДЫ

        Жаратылыста адам баласының адамдық бағасы жасаған жақсылығымен өлшенетіні хақ. Жақсылық жасауға адам баласын мәжбүрлеу немесе міндеттеу мүлде қалыптаспаған қағида. Бір ерекшелігі, жақсылықтың өлшемі қандай болса да, жақсылық атауынан айрылмайды.

      Мерекеге орай жүзеге асырылған құттықтау шараларының бірі- Нарынқол ауылдық округі әкімі Шенебеков Амангелді Смайлұлының арнайы құттықтауы болды. Ауыл әкімі нәзік жанды ауыл тұрғындары арасынан бірқатар ақжаулықты әжелерді, ардақты аналар мен аруларды марапаттап, құттықтау тілегін білдірді. Әйел азаматшаларының қоғамда алатын рөлін айшықтап, ауыл көркін кіргізетін сұлулық символы екенін мақтанышпен мәлім етті. Халқына жақындықты жаны сүйетін Амангелді Смайлұлына аналардың айтар алғысы шексіз, берер батасы ұшан-теңіз. Жиын барысындағы жомарттықтың тағы бір үлгісі — жаңа баспанаға ие болған көпбалалы ана қуанышы. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург жерлесіміз Баққожа Мұқайдың отбасы атынан мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған көпбалалы ана Жәутікбаева Күляйхан Сманқызына 3 000 000 теңгеге баспана сыйлады.

     Адам баласына өлшеусіз жақсылық жасап, жомарттық танытудан жалықпайтын жанның бірі де бірегейі, жерлесіміз, табысты кәсіпкер, Талғар ауданының мәслихат депутаты, Райымбек және Талғар аудандарының Құрметті азаматы Тілек Юсупов. Бұл есім аталған сәттен, кез келген жерден жомарттықтың жылы лебі еседі. Сүмбе ауылының тумасы, өмірге көзқарасы айрықша азаматтың жақсылығы жайлы айтар жандар аз емес. Сол жандар қатарына қосылмаққа бекініп, қолға қалам алып, жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытпақпын.

        Игілікке жаны құмар азамат жуырда туған өлкеге ат басын бұрды. Бұл жолғы сапары Нарынқол ауылының әкімі Амангелді Шенебеков пен Нарынқол ауылдық әкімшілігі жанындағы аналар кеңесі төрайымы Ажар Өмірәлиеваның ұйымдастыруымен  жүзеге асты. Әдеттегідей, жақсылық жасау үшін қарбалас жұмысын ысырып қойып, алтын бесік ауылға асыққан кәсіпкерді «өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» демекші, ауылдағы жұртшылық та қуана қарсы алды. Ресми түрде қарсы алу мен алдыңғы орынға жайғасуды қажет етпеген қарапайым жан аудандық мәдениет үйіне ерекше жылулық сыйлады. Мерекеге орай, жалпы саны 36 нәзік жандыға, оның ішінде ақ жаулықты әжелер мен іскер аруларға, алтын құрсақ аналарға сый-сияпатын көрсетіп, шексіз алғысқа ие болды. Сыйлықтармен қатар, өз қолынан өсірген әдемі гүлдерін табыс етті. Сыйға сый көрсетіп, ақ жаулықты әжелер атынан ауданымыздың құрметті азаматшасы Бихан әжей кәсіпкерге ақ батасын берді. Алғыс айтуды азаматтық парыз деп білетін, Алтынкүл Ысқақова, Балжан Омарова сынды аяулы аналар ерекше ықыласпен ризашылық білдірді. Сонымен қатар, шара ұйымдастырушысы ретінде Ажар Өмірәлиева анамыз ерекше ықыласты лебізін білдіріп, барша нәзік жандылар қауымын мерекемен құттықтады. Осындай жақсылыққа себепкер болған жанға айтар аналардың алғысы да аз болмады.

        Кәсіпкердің аналарға деген құттықтау сөзі де жанды ерекше жылытты. Өмірден өткен анасы Рахима әжені еске алып, ана қадірін ұғынудың маңызын салмақтай өтті. Жүздеріне қараса көңілге қуаныш, көзге жылу сыйлайтын ақ жаулықты аналарға сый-құрмет көрсету азаматтың жанына рахат сыйлайтыны көрініпақ тұр. Осынша алғыс пен ризашылыққа бөленген кәсіпкердің жетістікті табысы еткен еңбек пен төгілген тер нәтижесінен болса, байлықтың баянды болуы Жаратушының Жомарт жанның ниетіне берген несібесі деп білемін. Өмірде адам баласының қаржылық және материалдық байлығы бір бөлек те, жан дүниенің рухани байлығы мүлде бөлек сипатқа ие. Көптің қуанышын арқалаған жерлесіміздің жан дүние байлығы оның табысынан артық бағаланатынына келтірер күмән, айтылар уәж жоқ.

Ақерке БИЖАН.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password