13.4 C
Нарынкол
Воскресенье, 21 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

“ЕНЕ, КЕЛІН, ҚЫЗ” БАҒЫН СЫНАДЫ

     Жуырда ауданымызда, отбасылық құндылықты арттыру мақсатында, ене мен келіннің және қыздың қарым-қатынастарын айшықтау мақсатында “Ене, келін, қыз” атты байқау өтті. Аты айтып тұрғандай, байқауға бір әулеттің енесі мен келіні және қызы қатысады. Аудан бойынша 7 ауылдан 21 қатысушы қатысқан тартысты байқау 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы айналым қатысушылардың өзін-өзі таныстыруына арналды. “Мен қазақтың қызымын, анасымын, келінімін” атты таныстыру айдарында ене, келін, қыз өздерін жеке-жеке көркемсөз оқу арқылы таныстырды. Батылдық танытып жарысқа қатысып, өз өнерлерін көрсеткен қатысушылар тобын арнайылап атап кеткеннің артықтығы болмас, таныстыруды алғашқы болып бастаған Нарынқол ауылының “Ыстық ұя” тобы, болса, сайысты жалғастырған Жамбыл ауылының “Шуақ” тобы, Қайнар ауылының “Әкебаевтар” отбасының арулары да осалдық танытпады. Сарыжаз ауылынан “Насеновтар” отбасы қатысса, Текес ауылынан “Байсақаловтар” отбасы өнерімен ерекшеленді. Шәлкөде ауылынан “Құтпанбай” отбасы, Сүмбе ауылынан “Сайрабековтар” отбасы ерекше көзге түсті.  Қатысушылармен таныс болған көрермендер асыға күткен екінші кезең-көрініс кезеңі. Көрініс тақырыбы — халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін жаңғырту. Өз кезегінде аса өзекті мәселені арқау еткен көріністер мазмұны жағынан түрліше сипат алды. “Ыстық ұя” және “Әкебаевтар” тобы өз көріністерінде “асар” және “үме” сынды дәстүрлердің мәнін ұғындырды. Асар сөзін жиі естігенімізбен үме дегеннің не екенінен көпшілігіміз бейхабар секілдіміз, үме дегеніміз-асармен мәндес дәстүр түрі. Қандай да бір үлкен шаруа барысындағы ауылдастардың, туыстардың, таныстардың бір-біріне жәрдем ету дәстүрі. Мәселен, шөп шабу, баспана тұрғызу, тағы да басқа ауқымды жұмыстарды бірлесе атқару мақсатында жасалатын дәстүр. Үмеге жақын туысқандар да мал беріп, қымызын әкеліп, т.б. көмектерін көрсеткен. Үме кезінде ұйымдастырушылар тарапынан арнайы  үй тігіледі де, ас әзірленеді. Ас ішіліп, желінгеннен кейін аяқ жағы той-думанға ұласқан. Кейде үлкен үмелерде жігіттер күреске түсіп, қара жарыстар ұйымдастырылған. Үме кезінде әркім өз өнерін көрсетуге тырысқандығы ел арасындағы “Үмеге келген үндемей қалмайды”, т.б. мақалдар айғақтайды. Үме дәстүрі қазақ халқының береке-бірлігінің куәсі іспеттес. Сонымен қатар, аталған екі топ қазақтың тағы бір ұмыт қалып бара жатқан дәстүрі — қолға су құю дәстүрін ұайта насихаттады. Дастархан басында отырған қонақтарды әуре қылмай аса ізеттілік танытудың бір көрінісі — қолға су құю дәстүрі. Көріністе, шаңырақтың келіні отырған қонақтардың қолдарына су құйып, баталарын алды. Жамбыл ауылының “Шуақ” және Сүмбе ауылының “Сайрабековтер” тобы қонақ күту дәстүрін насихаттап, қыз баланың төркіндеп келу салтын жаңғыртты. Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Жыл аунамай төркіндеуді жаман ырымға балайды. Ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне бармайды. Ұзатылған қыздың жыл аунап төркіндеуінің өзіндік жолы, сыры, мәні мағынасы бар. Төркініне жалғыз күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақ сары бас қой сойып, үлкен той жасап береді. Күйеумен қызға, балаға төс, асық жілік арнап асады. Кетерінде жиенге қырық шұбар тай (кей жерде қырық серкеш) қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан жауып ат мінгізеді. Қызына әсте сыңар мал бермейді, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Онысы — «қуыс үйден құры шықпасын», «бала жолы — бал» десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі — қызымыз сыңарсыз қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені. Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі — ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын деп отбасына сүйіспеншілігі артсын дегені.

     Сарыжаз ауылының “Насеновтар” отбасы “сыңсу” салтын дәріптеп, көркем көрініспен көрсетті. Сыңсу — қыз ұзату дәстүріне байланысты туған тұрмыс-салт жырларының бірі. Бұл — қыздың ұзатылар алдындағы ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып- өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылады. Сыңсуды ұзатылатын кыздың сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған. Сыңсудың өлеңін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған. Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің мұңын, қайғықасіретін жеткізген. Сыңсуда қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Сыңсудың өлеңі құрылысына қарай 7, 8, 11 буынды болып келген. Қазіргі кезде негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатып, туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Қыз өзінің ішіндегі бар сағынышын шығарып, жұртына кетеді.

    Халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі – ұзын сары. Бұл дәстүрді Шәлкөде ауылының “Құтпанбаевтар” әулетінің көрінісінен тамашаладық. Ұзын сары- көктемнің көкөзек шағына сақталатын сүр ет.

    Салт-дәстүрлердің тағы бір тағылымды түрі- “тоқымқағар”. Бұл дәстүрді ұлықтаған, Текес ауылының “Байсақаловтар” тобы. Тоқым қағар — ойын-сауық, салт ойыны, көбінесе жас баланың алғаш рет үйден жырақ, алыс сапар шеккен кезінде немесе қызы ұзатылған үйге жиылып «Тоқым қағар» ойынын бастаған. Әдетте ауыл адамдары ән, күй, айтыс секілді өнер түрлерін айта отырып, көбінесе, үй иесіне жолаушының оң сапарда болуын, қыздың бақытқа жетуін тілейтін жақсы тілектер айтысқан. Көріністе, әскерге кеткен ұлдың жолына тоқым қағу дәстүрі жасалды. Тоқым қағу барысында, келіннің қайнысының атын тура атамай, еркелете ат қойып, “ат тергеу” салтынан да хабар берді.

   Көріністен кейінгі кезең — қатысушылардың ас үй мәзірі мен қолөнер бұйымдарына негізделген көрмелері. Ұлттық тағамдармен толықтырылған үстел мен көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары көрермендерді таңғалдырып, әділ қазылар алқасының көңілінен шықты.

   Қатысушыларға әділ бағасын берген әділқазылар құрамында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жамила Қоқымбаева, аудандық Хантәңірі газетінің директоры Перизат Ізтелеу, зейнеткер ұстаз Әлия Айтақынова, ұстаз Сәркеева Гүлбану сынды жандар қатысушыларды тиісінше бағалап, лайықты марапатпен қуантты. Байқау қорытындысы бойынша, жүлделі 1 орынды Нарынқол ауылы “Ыстық ұя” тобы иеленсе, 2 орынға Жамбыл ауылы “Шуақ” тобы лайық деп табылды. 3 орынды Шәлкөде ауылының “Құтпанбай” тобы иеленді. Орын ала алмаған қатысушылар да арнайы ынталандыру сыйлықтарына ие болып, мәз-мейрам болып тарады. Жеңімпаздарға сыйлық үлестіріп, байқауға қолдаушы болған- аудандық Хантәңірі газетінің директоры Перизат Ізтелеу.

Ақерке БИЖАН

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы «JASYL EL» жастар еңбек жасағыныңХХ жұмыс маусымының ашылу салтанатының БАСПАСӨЗ БАЯНЫ

Алматы облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының XX маусымы ашылды.Еліміз бойынша «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асып...

Осыған ұқсас мақалалар