5.4 C
Нарынкол
Пятница, 19 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

ҚАРАСАЗДАН ШЫҚҚАН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ

…Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

       Мұқаң өзінің туған жерін өлеңге осылай қосып, өлеңдеріне халқы елеңдеп отыратынын және поэзияның тоқтап қалмайтынын осылайша айтып кеткен. Кез келген өлеңдерін мән беріп оқысаң мағынасы кең, мазмұны терең өзінше жатқан бір филасофия. Барлық өлеңдерін оқырмандары асыға күтетін ақын. Асқар Сүлейменов айтқандай: «Оның таңдамалы емес өлеңі бар ма еді?»- дегендей барлық жазған өлеңдері таңдамалы шығармалар. Аспанда жанып тұрған жұлдыздар көп, бірақ соның ішінде жарқырап жанатыны өте сирек. Елімізде ақындар көп, (көп бола берсін) ал Мұқаң сол ақын жұлдыздардың бірі емес, жарқырап жанған бірегейі болды. Мұқаңды бүкіл қазақ баласы біледі және өлеңдерін жатқа айтатындар Аллаға шүкір баршылық. Оған Стамбулда және Парижде болған кезде сондағы қазақтар Мұқаңды білетініне көзім жеткен. Жай ғана білмей өлеңдерін жатқа айтқан еді. Сөз арасында Мұқағалимен жерлес екенімді айтып, мақтанғаным есімде. Оларға Мұқаң туралы білетіндерімді айтып, біраз әңгімелескен едік. Мұқаңның Қарасазда дүниеге келгенін білеміз. Сол Қарасаздың тарихын толық біле жүргендеріңіз дұрыс болар деген ниетпен тарихқа біраз тоқтала кетейін. 1928 жылы орталықтың 27 тамызда «Ірі бай шаруалар мен жартылай феодалдарды тәркілеу мен жер аудару декреті» шыққан. Сол декретке байланысты 1929 жылы ауданда ұжымдық шаруалар құрыла бастаған. Қарасазда осы жұмыстарды ұйымдастыруды Сыздықов Жақан қолға алған. Алғаш сол ұжымдық шаруашылықты «мойынсерік» деп атаған. Қарасазда құрылған алғашқы мойынсерікті Бұршақбаев Әбдіразақ басқарған. 1930 жылы мойынсерік Тұрар Рысқұлов атындағы колхоз болған. 1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалып жатқан жерінде Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп ұсталып кеткен жылы колхоздың атын үлкен басшылар Ежовтың атына ауыстырып, Айдаров Өмірбек басқарған еді. 1934 жылы колхозды Тұржанов Сыдық басқарған. 1938 жылы Боранбаев Бұқабай колхоз басшысы болып тұрған кезде ұсталып кеткен Ежовтың орнына колхоз Мирзоян атындағы колхоз болып өзгерген. 10 шілде 1938 жылы колхозшылардың жалпы жиналысы болып, колхозды Энгельс атына ауыстырған. Оған Шойбеков Рақымберді басшылық жасап, кейін оны Асауов Қуандық ауыстырған. Колхоздың орталығы Қарасаз ауылы болған. 1950 жылы «Жылыбұлақ»,«Социалистік Қазақстан» және Энгельс атындағы колхоздар ірілендіріліп, Энгельс атындағы колхоз болған. Орталығы Шәлкөдесу ауылына ауысқан. 1954 жылы 23 сәуірде Қазақ ССР нің №1244 қаулысына сай Киров, Ворошилов және Энгельс атындағы колхоздар бірігіп, Киров атындағы колхоз болып ірілендірілген. 1961 жылы колхозшылардың арыз-шағымдарына байланысты көктем айында колхоз Киров атындағы колхоздан бөлініп, Қарасаз ауылы Энгельс атындағы колхоз болып қайта құрылған. Есмолдаев Кәкен колхоз басшысы болған. 1961 жылы ескі Қарасазда (бұрын «Жаңа саз» колхозы болған) орналасқан ауылдың жер асты суының көтерілуіне байланысты қазіргі Қарасаз ауылына түгелдей қоныс аударған. Мұқағали оқыған Қарасаз мектебі алғаш екі басқышты мектеп болып 1922 жылы ашылып, Беласаров Мұқаметқали алғашқы мұғалім болған. (Толық мәліметті «Нарынқол өңірінің тарихы» кітабынан табасыздар.)

       Сонымен ақиық ақынымыз 1931 жылы Қарасаз ауылында, Тұрар Рысқұлов атындағы колхоз кезінде дүниеге келген екен. Ақын өзі туған қасиетті Қарасаз көріністерін ойына түскенде өлең жолдарымен жазып отырған.

… Тамаша еді жазғы орман,

Тамашалап мәз болғам.

Қайран Қарасазымай!

Үйрек ұшып, қаз қонған!

       Өзі аруағына сиынып отыратын Қарасаз көріністерін осылайша ықшамдаған.

        Мұқаңның жас кезіндегі жылдар заманның өте ауыр да қиын кезі екенін тарихтан білеміз. Сол жылдары дүниеге келіп, 1937 жылдардағы зұлматты, соғыс басталғанда ерлер соғысқа кетіп, әйелдер барлық шаруаны өздері атқарған жылдарды көзімен көріп балалық бал-дәуренді Мұқағали көрмей өсіп ержеткен.

«Суытып ізін жасырған,

Белгісіз екен өткен күн.

Жетім де қалдым жасымнан,

Соғысты бастан өткердім.

Ананың төсін аймалап,

Әкенің алдын көрмедім.

Құдайым болып бай-манап,

Уайым болды ермегім»-деген өлең жолдары Мұқаңның «бал-дәурен» шағынан толық мағлұмат беріп тұр. Өзі сияқты замандастарына;

«Сенде қалдың әкеңнен, мен де қалдым,

Бейбастық шолжаң жастық жөнге қалды.

Бейнеткер әкелердің кетпендері,

Кеберсіп егістікте, шөлде қалды.

Жойқан соғыс бәрін де тонап алды,

Заманы алай-түлей бола қалды.

Аналар көйлек емес, шалбар киіп,

Шарт буынып, қолына орақ алды»— деп сол заманның кезеңдерін өлеңмен жазып берген. Мұқаң ата мен немере арасындағы нәзік силастықтың, үкілі сезімді ардақ тұтудың тәлімін дәл тапқан. «Тоқта ботам! Атаң келеді артыңда, Дария шалқар даналығын ал, тыңда! Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын, Айырбастап ала алмай жүр алтынға» -деп, ата сыйлаудың ардақ қасиет екенін, үлкенді сыйлауды ұлттық дәстүр екенін осылай жазған-ғой. Сонымен қатар Отан, туған жер және сол заманға сай поэмалар мен өлеңдерді көп жазған. Кез келген тақырыптағы өлеңдерін мысал ретінде айтуға болады. Енді мына бір жайға тоқтала кетейін. Кейінгі кезде бұрын айтылмай келген шындықтар қазір жазылуда. Кезінде Мағжан Жұмабаевты ұстап берген Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіровың әйелін аяғы ауырлығына қарамай үйінен қуып шыққан Мұқаметжан Қаратаев сондай-ақ 16 желтоқсан кезінде алаңға шыққан жастарды оқудан және комсомол партия қатарынан шығаруға белсене ат салысқан белсенділер жайлы ашық жазылуда. Мұқаңды да Жазушылар Одағынан шығару кезінде өзімен бірге жүрген «достары» мен атақты ақын – жазушылар Одақтан шығаруды қолдапты. Солардың ішінде Мұқаңды Жазушылар Одағынан шығаруға қарсы болған Ғаббас Қабышев, Қажығали Мұқанбетқалиевтер мен Оразбек Сәрсенбаевтар ғана болған екен. Сондай талас кезінде Ғаббас мінбеге шығып:

        — Ал, Мұқағалиды Одақтан шығардық. Сонда бұл Одақта кімдер қалады. Ұят қайда ағайын! Жазушылар үйінде Мұқағалидай аруақты ақын жүрмегенде кім жүреді?! Кімге қарсы дауыс бергендеріңді білесіңдер ме сендер? Тентек суды осында қайыссың ішпедіңдер, қане? Масқара бұларың! Бүйте берсек өзіміз әлгіде айтқан қара шаңырағымыздың қасиетін түсіріп алмаймыз ба?-деп тура сөйлеген. Иә,қазақ десек бәрімізге тиеді. Өкінішке орай арамызда көре алмаушылық, іштарлық, жағымпаздық деген болған, болады және әлі де болып келеді. Осы ауырудан айрылмайынша қазақта алға  қарай даму бола қоймас.

«Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.» -деп кезінде өзі жазып кеткен еді. Жазуымды Әлнұр Мейірбековтың: «Мұқағалидің күлкісінде, езу тартып жымиғанында басқаға мүлде ұқсамайтын, өзіне ғана жарасатын ерекше бір шуақ болушы еді»- деген сөзімен аяқтайын. Халқыма айтарым Мұқаңның езу тартып жымиғаны мен күлкісін мәңгі есте сақтай білейік демекпін.Мұқаңның иманы жолдас, жатқан жері жайлы болсын!

Беркін ӘКЕБАЕВ,

Алматы қаласы.

Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының сауда орталықтарында терроризмге қарсы жаттығулар өткізіледі

Ағымдағы айда Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штабтың күштері мен құралдарының Террористік көріністерге шұғыл ден қою жөніндегі іс-қимылдарын...

Осыған ұқсас мақалалар