ҚАРАСАЗДА ҰЛЫҚТАЛДЫ ҰЛЫ ЖЫР

      Өткен аптаның қасиетті жұма күні жыр киесі қонған қасиетті Қарасазда республикалық Мұқағали оқуының ақтық бәсекесі өткізілді. Айта кетер бір жайт, адам біткеннің жүйкесіне жүк түсіріп, санасына салмақ салған қатерлі індет дәстүрге айналып келе жатқан айтулы шараға да өзіндік кеселін тигізгені. Соның салдарынан өткен екі жыл барысында Мұқағали мұрасын мият тұтқан жас буын талапкерлер баптары мен бақтарын сынайтын дүбірлі бәсекеге еселерін жіберіп алғаны анық. Міне, енді сол ойсыраған олқылықтың орнын толтыру үшін ұланбайтақ жердің төрт бұрышындағы жалпы орта білім беретін мектептердің Мұқағали өлеңдері десе ішкен асын жерге қоятын жас дарындары ақиық ақынның кіндік қаны тамған қасиетті мекенде бас түйістіріп, ұлы жырды кемеліне келтіре ұлықтамақ ниетте.

       Бұл күні ауылдағы Е. Ібітанов атындағы мәдениет үйінің іші-сыртындағы дүбірлі думан бір сәтке де толас тапқан жоқ. Аудандық, облыстық байқауларда оза шауып, баптары мен бақтарын осы бір жөні де, жолы да бөлек республикалық деңгейдегі өнер бәсекесінде сынауға талаптың тұлпарын мініп келген жас талапкерлердің, оларды бәйге алаңына баптап әкелген ұстаздардың көңіл-күйлерінен, шуақ шашқан нұрлы жүздерінен ұлы ақынның туған жерін бір көруге деген арман-мақсаттарының орындалғанынан туған толқынысты, мақтаныш еткен әсерді анық байқауға болады. Бұларға ауыл тұрғындары мен меймандар қосылып, өнер ордасының сән-салтанатын бұрынғыдан да арттыра түскен. Облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі мамандарының, орта мектеп мұғалімдері мен ақын музейі қызметкерлерінің, облыстық «Дарын» орталығы жетекшілерінің осынау шараға деген күні бүгінге дейінгі дайындықтарының соңына нүкте қояр сәттегі апы кіріп, күпі шыққан қимыл-қозғалыстары, қазылар алқасының өз міндеттеріне сергек қарап, мүлтіксіз атқарып шығуға деген ынта-ықыластары шараның мән-маңызына айрықша рең беріп тұрғаны да анық.

      Айтулы шара басталысымен алғашқы сөздің тізгінін ұстаған Алматы облыстық білім басқармасының бас маманы, шараны ұйымдастырушыларының бірі де бірегейі Руслан Әлімбатырұлы өткізіліп отырған бәсекенің мақсатымен таныстырды. Республикалық Мұқағали оқуының ережелеріне сай аудандық, облыстық білім мекемелерінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек жасады. Ақын мұрасын ұлықтауға келген талапкерлерге өнер жолында сәттілік тіледі. Келесі кезекте мінберден орын алған аудан әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев пен аудандық «Қамқор-2» кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің басшысы Ұлықпан Әбек ақжарма ниет-тілектерімен алқады. Қазақстан жазушылар одағының өкілі Бағдат Мүбәрәкұлының төрағалығымен қара қылды қақ жарып төрелік жасайтын қазылар алқасы таныстырылды. Биыл республиканың әр аймағынан, нақты айтқанда барлық облыстан, қалалардан 3-4 үміткерден, барлығы 68 талапкер додаға қатысу бақытына ие болған екен. Ендігі кезекте сол үміткерлер сахна төрінен орын алды. Облысы, ауданы, мектебі, жетістігі көпшілік назарына ұсынылды.

        Биылғы Мұқағали оқуындағы тағы бір ерекшелік, жарыс бұрынғысынша жеті бағытта емес, үш бағыт бойынша ғана жүргізілетіндігінде болды. Осыған дейін өткізіліп келген жарыстарда үміткерлер ақын өлеңдерін мәнеріне келтіре жатқа оқып қана қоймай, оларға ғылыми негізде кестелі тілмен талдау жасап, мақсаты мен маңызын айқындайтын. Санаулы ғана минут ішінде өз жандарынан өлең құрап, көпшіліктің талғамына ұсынатын. Бір минутта он сұраққа қолма қол жауап беруге міндеттелетін. Бұл жолы жеті бағыттың төртеуі алынып тасталған екен. 68 үміткер үш топқа бөлініп шараның басынан аяғына дейін үш бағыт бойынша ғана білімдерін сынауға міндеттелінді.

       «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деп аталатын алғашқы бағытқа қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа әрі мәнерімен оқудан білім сынасты. Бұл жерде үміткерден ақын өлеңдерінің қаншасын жаттап келгені жіпке тізілді. Қатесіз, жолдардан жаңылмай, ұмыт қалдырмай оқулары талап етілді. Үміткерлер өздері жаттап келген өлеңдерінің тізімін қазылар алқасына ұсынды. Және олар тарапынан қойылған талап бойынша білім-біліктерін анықтай алды. Жетістікті 5-10 баллдық жүйемен бағалау барысында үміткерлердің көпшілігі өздері көздеген мақсаттан көріне алмады десе де болады. Біреулері жаттаған өлеңін ұмытып қалып мүдірсе, енді біреулері жолдарын шатастырып жатты. Өлең жолдарын қазылар айтып берген жерден бастап кетуде де кемшіліктер аз болмады. Қай қиырға салсаң да қаймықпай, ылдидан шауып, төске озған жүйріктер де көп екені тайға таңба басқандай көзге ұрып тұрды. Өлеңді мәнеріне келтіре, сан құбылта оқып, жыр сүйер қауымның жүрегіне жол тапты. Сөйтіп, әділ бағаларын алды.

       «Жыр эстафетасы» бағытындағы бәйгеге шыққан келесі үміткерлер «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек! Райымбек!», «Алтай-Атырау» дастандарын жасырылған үш конвертті таңдау арқылы өздерінің бақытына бұйырған шығарманы жатқа оқудан өзара сайысқа түсті. Мұнда да жетістіктермен қатар, кемшіліктер де аз болған жоқ. Бірінен кейін бірі іліп әкетіп оқуда көпшілігі талап деңгейінен табыла алмады. Өрелері, қарымдары, жетпеді. Талғамдары кемшін тартып жатты. Жолдарды шатастыру, ұмыт қалдыру, сөздерді қате оқу, сахна мәдениетін сақтау, киім үлгілері, жүріс-тұрысы сияқты талаптар жан-жақты ескерілді. Жеткен жетістіктер де, кеткен кемшіліктер де көпшілік пен қазылар назарынан тыс қалған жоқ. Ереже талаптарын ескермей, дастандардың бір-екі бөлімін жаттаумен ғана шектелгендер де кездесті. Әрине, мұндайда бабы келіскен шын жүйрік қана мәре сызығын бірінші болып кесетіні анық. Соңғы мәреге сондай деңгейден көрінгендер ғана жетіп, ақын жырларын қаншалықты деңгейде меңгергенін анықтай алды.

       Өлеңге әркімнің-ақ таласы бар екендігі бәйгенің «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты үшінші бағытында тағы бір айқындалды. Бұл бағыт бойынша үміткер өзінің өлеңдері жинақталған кітапшасын қазылар алқасының сараптауына ұсынып, солардың нұсқауы бойынша 3-5 шумақтан аспайтын бір немесе екі өлеңін мәнерімен оқыды. Жеке шығармаларын орындау барысында Мұқағали өлеңдерімен сусындап, муза атты ұлы әлемге құлаш ұра бастаған жас таланттардың да осы топ ішінде саусақпен санардай болса да бар екендігі байқалды. Әркім өзінің өресіне қарай қазылар алқасы тарапынан лайықты бағаларын алды. Осылайша ауылдан басталып, республикалық деңгейге көтерілген Мұқағали оқуларының байқауы көргеннің көзайымына айналып, көрмегендерді арманда қалдырып, қасиетті Қарасазда өз мәресіне жетті. Шын жүйрікті аяқ алысы мен шабысынан танитын атбегідей өрендердің білім-білігін, өлең-жырға деген айрықша ынтасын, талабы мен талғамын, талантын мүлт жібермей қадағалаған қазылар алқасы ешкімге бұра тартпай, әділ шешім жасады. Үміткерлердің ұлы жырды ұлықтау жолындағы еңбектеріне лайықты бағаларын берді.

      Жарыстың қорытындысы үш бағыт бойынша жеке-жеке шығарылып, әр бағыттың ерен жүйріктері бәйге төріне көтерілді. Ең бірінші кезекте барлық үміткерлерге ізденістері, талаптары ескеріліп, Алматы облыстық білім басқармасының Алғыс хаттары тапсырылды. Марапатты облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Әлімбатырұлы табыстады. Алматылық Долқын Әлия, түркістандық Бегалы Бекторы, шығыс қазақстандық Оразанбаев Еркебұлан, павлодарлық Рамаданқызы Мерей, атыраулық Бақытжанқызы Қазына, жамбылдық Мақталы Ұлжан 3-дәрежелі дипломға ие болды. Ал, Медетбекұлы Ербол, Кемекова Жансая, Қартбай Мейіржан, Ерболат Әспер сияқты үміткерлер екінші дәрежелі дипломды қанжығаларына байлады.

        «Айтып өткен ақында арман бар ма» бағыты бойынша Алматы облысы, Ұйғыр ауданынан келген Мөлдір Ермұханова,«Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» бағыты бойынша Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның оқушысы Қазыбек Жалғас, «Жыр эстафетасы» бағыты бойынша Алматы облысы, Жамбыл ауданынан келген Әбсемет Жанайым, үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Үш бағыт бойынша барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, ақын аталарының мұрасын мәнсұқтауда білім-біліктерімен дараланып, өзгелерден оқ бойы оза шапқан шымкенттік Сансызбай Еркежан, Ақтөбе облысынан келген Маруанұлы Александр, Алматы облысы, Райымбек ауданынан қатысқан А.А. Барманбекұлы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бүтінбаева Айым бас жүлдені жеңіп алып, мерейлері үстем болды. Бас жүлде жеңімпаздарына компьютер табысталды. 1-3 орын жеңімпаздары да заттай сыйлықтарға ие болды. Марапаттарды облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Әлімбатырұлы, қазылар алқасының төрағасы Бағдат Мүбәрәкұлы, «Дарын» орталығы директорының орынбасары Гүлжихан Жалғасбекқызы, аудандық білім бөлімінің бастығы Саят Үмбетәлиев тапсырды. Жүлделі жеңістерімен құттықтады. Жеңімпаздарға, басқа да үміткерлерге ақиық ақын аталарының аруағы әрқашанда қолдап жүрсін. Бұдан кейінгі жарыстарда да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Алаш жұртының мақтан тұтар ұл-қыздарына айналыңыздар деген ақ тілектерін айтты.

    Иә, қасиетті Қарасазда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас буындар өздерінің бойларындағы таланттары, өнерге, өлеңге, төл әдебиетімізге деген ыстық ықыластары арқылы әр жүректен өшпестей орын алған ұлы жырды осылайша ұлықтады. Айлар, жылдар, ғасырлар өтер. Аузымен құс тістеген небір дүлділ ақындар дүниеге келер. Бірақ қара өлеңнің құдіретін асқақтатып, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Мұқағалидай ақиық ақынның есімі қай кезеңдерде де өз биігін аласартпақ емес. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай бермек. Оның айқын дәлелін өткен аптаның қасиетті жұмасы күні Қарасаз ауылында Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен республикалық Мұқағали оқуы тағы бір айқындап бергені анық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password