Қарасаз ауылдық мәдениет үйіне Еркін ақынның есімі берілді

        Қасиет қонып, Қызыр қараған Қарасаз ауылындағы кезекті тарихи күннің куәсі болып қайттық. Баурайына құт дарығын Аспантау халқының тағы бір талантты ақыны тұғырына қонды. Осынау қуанышқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы және аудан әкімінің қаулысы негіз қалап отыр. Дауылпаз ақын, елінің еркесі, есіл жырдың егесі болған Қарасаздың перзенті Еркін ІБІТАНОВТЫҢ есімі Қарасаз ауылдық Мәдениет үйіне берілді.

   Атаулы шара аудан басшылығының және ақын ұрпақтарының ұйымдастыруымен ресми түрде аталып өтті. Көңіл толқытар іс-шараға ақынның жары Алтынгүл апамыз бастаған әулет мүшелері мен туыс-туғандары, ақынның қаламдас әріптестері, достары, ізбасар інілері Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан бастаған, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Жарас Сәрсек, жерлес қаламгерлер Сәлім Жусанбаев, Биғайша Медеу, Даубай Абдисаев, Қанағат Әбілқайыр сынды бірқатар ақын-жазушылар қатысты. Жыршы Сүйіндік Серіктің келген қонақтарға жырдан шашқан шашуы рухты көтеріп, сананы серпілтті. Салтанатты жиынның лентасын Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан, ақын Жарас Сәрсек, «Қазақ әдебиеті» газеті бас-редакторының орынбасары, сатирик жазушы Қанағат Әбілқайыр, ақын Сәлім Жусанбай, режиссер Асқар Наймантаев және ақынның ұлы Ерлан Ібітанов ресми түрде қиды. Ақ жаулықты, ақ дидарлы аналар шашу шашты. Қонақтар «Еркін Ібітанов атындағы Қарасаз ауылдық мәдениет үйіне» бас сұғып,«Туған өлке-тұнған шежіре» атты кітап көрмесінің таныстырылымын тамашалады. Сахна шымылдығы жуырда Абай телеарнасынан жарық көрген ақын Еркін Ібітановты еске алуға арналған Батық Мәжитұлының сұхбаты негізінде өрбіген «Ұмытпаймыз» бағдарламасымен ашылды. Режиссер А.Наймантаев құрған «Хан-Тәңірі» халық театрының әртістері Қарасаздық қос ақын Мұқағали мен Еркін Ібітанов бейнелерін көрермендермен қауыштырып, қойылымды ерекшелендіре түсті. Е.Ібітановтың шығармашылығы мен өміріне арналған іс-шараны ақын Бақыт Беделхан жүргізді. Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ақын Е.Ібітанов шығармашылығы хақында баяндама оқыды. Сөз соңында ақынның жары Алтынгүл апайдың иығына камзол жауып, сый-құрмет көрсетті. Өз кезегінде Алтынгүл апа ел-жұртына, жиналған халыққа, осы жақсы істің оңды шешілуіне себеп болған барша жанашырларына алғысын білдірді. Алқалы бас қосуда Ж.Сәрсек, С.Жусанбай, Қ.Әбілқайыр, А.Наймантаев, Б.Медеу, Е.Ахметкерім, М.Қалиұлы, Д.Мамытұлы ақын жайлы есінде қалған естеліктерімен бөлісіп, қаламгердің шығармашылығы мен болмысы туралы жүрекжарды ойларын ортаға салып, өлеңдерін оқыды. Өнер саңлақтары Жабықбай Әлішер «Мен деп ойла!», Монтай Айбол «Әке!» әндерін орындап көпшіліктің қошеметіне бөленді. Жиын соңын Ерекеңнің ұлы Ерлан Ібітанов ауылдағы Мәдениет үйіне атын беруге қолдау көрсеткендерге ақын әулеті атынан алғысын білдіріп, әкесіне арнаған жүрекжарды өлеңін оқыды. Кеш соңында ақынға арналып ас беріліп, құран бағышталды.

        Айта кетейік, Еркін Жұмаділұлы Ібітанов 1935 жылы 4 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. Алғаш Қарасаздағы орта мектепте, одан кейін аудандық халық театрында жұмыс істеген. Аудандық «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Осы редакция жанынан құрылған М.Мақатаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі бола жүріп, бүгінгі таңдағы әдебиетіміздегі орны бар ондаған қалам иелерінің қалыптасуына ықпал етті. Өткен ғасырдың 1935 жылында таланты тас жарған осындай ұлдардың өмірге келуі қазақ ұлты үшін, оның жазба поэзиясы үшін оңай олжа болмағаны да рас. «ХХ ғасыр қазақ әдебиеті үшін алтын ғасыр болды» дейтініміз де осындай шын жүйріктердің шабысына сүйсінгендіктен айтылса керек. 1959 жылы жарық көрген «Көктем тынысы» атты жас ақындардың топтамасына өлеңдері енген. Алпысыншы жылдардың бас кезінде «Қойшылар» атты поэмасымен жарқ етіп көрінді. «Қойшылар» поэмасы – қойшылар туралы жазылған шығарма емес. Қазақтың ұлттық өмірін сыр ғып шерткен үлкен толғаныс. Төрт түлік малды кәсіп еткен елдің кешегісі мен бүгінгісін көз алдыңызға елестетіп отырып ой түйеді. Ата, әке, бала деп аталатын үш ұрпақтың сипатын ақындық шеберлікпен бейнелейді. Мәселе, ақынның таңдап алған тақырыбында тұрған жоқ. Поэмадағы шумақтар, қиыннан қиысқан тіркестер қай жағынан қарасаң да жасандылықтан ада. Бәрі жүректің табиғи үніндей болып құлаққа құйылады. Мұндай шеберлік – сирек кездесетін шеберлік. Сол кездегі әдебиетті зерттеген оқымыстылар жас ақынға зор сенім артып, лебіздерін арнады. Сөйтіп, «Қойшылар» поэмасы әдебиет оқулығына қазақ поэзиясының таңдаулы шығармасының бірі ретінде енді. Іле-шала «Қойшылар» деп аталған жыр жинағы жарық көрді. Ол қолдан қолға ауысып, кітап сөресінде тұрмай қалың жұртты аралап кетті. «Қойшылар» поэмасын жатқа айтатын талантқа табынушылар пайда болды. Ақын үшін бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Топтама өлеңдері «Жырға сапар» ұжымдық жинағына енген. «Қойшылар», «Арман-әлем», «Хантәңірі, қайдасың?», «Қасиетті де қасіретті ғасырым», «Елшенбүйрек» атты жыр жинақтарының авторы. «Мен білетін Мұқағали» деректі эссесі жарық көрген. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Сегодняшний день» жинағына енгізілген.

     Еркін Ібітанов туралы төл құрдасы Тұманбай ақын: «Мен сенің бар жазғаныңды ұнатам. Айтпақшы, Мұқағали ағамыз туралы жазған үлкен поэмаң «Хантәңірім, қайдасыңмен» шын жүректен құттықтаймын! Сол поэмаң арқылы сен асыл Мұқаңа аса биік ескерткіш орнаттың. Ақындығың да қатты өскен екен. Жарайсың! Жүрек гүлдерің – жырларың үлкен ақындар жазған жырлармен бірге өмір сүретін шығар, егер мен өлеңнен бірдеңе түсінсем. Өйткені, сен де үлкен ақынсың, Еркін!» – деп кезінде сонау ауылда жатқан ақын досының талантын мойындай отырып, оның өлең-жырларының болашағына алаңдаған кейіп танытыпты. «Мұқағали» журналының бас редакторы, Батық Мәжитұлы өз естеліктерінде Еркін ақын жайлы былай дейді: – Сенсең де, сенбесең де өзің біл, мен аудандық газетте Мұқағали ағама сәт сапар тілеген адаммын, – деді бірде. Оны қалжыңды қатырып айтатын ақын ағаның кезекті әзіліне балап, е дедім де қойдым. Кейін республикалық Кітап палатасының мұрағатынан «Советтік шекараның» көне тігінділерін ақтарып отырып бәрін де көрдім. Ақын ағам бүкпесіз шындығын айтқан екен.

        Нарынқолға атбасын тіреген ақын-жазушылар Еркін ағамызға бұрылмай өтпейтін. Көбі арнайы келіп сәлем беретін. Оспанхан Әубәкіров, Тоқаш Бердияров ол үйдің өз тұрғынындай еді. Сейфолла Оспанов туған бауырындай болды. Кеңшілік Мырзабековтер інісіндей еркеледі. Бірде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Әбіш Кекілбаев арнаулы бригаданы ертіп ауданға келді. Үлкен қонақты жергілікті билік Кеген асуынан қарсы алып, қоғадай жапырылды. Бірақ Әбіш ағамыз қонақ үйді қоя тұрды. Еркіннің қоңырқай шаңырағының төріне барып жайғасты. Сол күні не болды дейсіздер ғой? Сол күні аудан бастықтары Ерекеңнің үйінің отымен кіріп, күлімен шықты. Мұны неге айтып отырмыз? Мұны айтып отырған себебіміз, Еркіннің ақындық беделінің бір қырын сіздерге дәлел етіп көрсету еді. Ақында не бар? Ақында өлеңнен басқа ештеме жоқ. Сондықтан ондай адамға ешкімнің күні қарамайды, ешкімнің ісі түспейді. Сонда неге бұлай? Енді ойлап қарасақ, олар асыл сөздің иесін ардақ тұтып іздегені екен.

        Е.Ібітанов тауда туып, өмірінің соңына дейін тауда ғұмыр кешті. Ақын қарындасы Фариза Оңғарсынованың: «Мен Ерекеңнің ауылда ғұмыр кешкенін ешбір қателікке баламаймын. Ол әдеби қауым ортасынан алыста жүрсе де соқталы дүниелер тудырған, болмыс-бітімімен мінезі бөлек ақын. Орыстардың М.Шолоховында Ібітановтың да әдебиет әлемінде дәуірлейтін заманы болады әлі! Оның өлеңдері соған лайық»,– деп айтқаны бар еді. Осы сөзінің дәлелі міне, Еркін ақын да сәл ғана мызғып — ап орнынан қайта тұрды. Тау етегінде орналасқан М.Мақатаевтың мұражайының қасында «Еркін Ібітановтың атындағы мәдениет үйі» тұр. Қандай жарасымды. «Баурайында егіз ұлың, Мұқағали, Еркін деген!»,-деп әйгілі айтыскер ақын Хасен Саматыров қасиетті Қарасазына арнаған тамаша әнінде айтқанындай, Мұқағали мен Еркін тіріліп келіп, қатар отырып сыр-шертісіп жатқандай әсер алдық.

 Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Қарасаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password