ҚАРАПАЙЫМ МЕКТЕП ПЕН ГИМНАЗИЯНЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

   Ауданымыздың білім саласында көңіл қуантарлық жаңалық. Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы орта мектеп ендігі уақытта, қатардағы мектеп емес, мектеп-гимназия дәрежесіне ие. Мектеп-гимназия тынысындағы өзгерістерге толығырақ қанық болып, қарапайым мектеп пен гимназия айырмашылығының ерекше тұстары жайында мектеп директоры ТӨЛЕГЕНОВА Гүлмира Әселбайқызымен ашық сұхбат құрдық.

   — Қайырлы күн, Гүлмира Әселбайқызы! Өзіңіз басшылық ететін білім ордасында болып жатқан оң өзгерістер жайлы өзіңізбен әңгіме өрбітсек деймін.

— Қайырлы күн, Ақерке! Иә, мектебіміз гимназия дәрежесіне көтеріліп, білім беру жүйесінде бірнеше ілгерілеу үрдістері жүзеге асып жатыр.

Өте қуаныштымын. Алғашқы сауал мынадай, гимназия мен қарапайым мектептің айырмашылығы қандай? Гимназияның оқу процесіне сипаттама бере кетсеңіз?

-2021-2022 оқу жылдарының қыркүйек айынан бастап Б. Соқпақбаев атындағы оқу ордасына “мектеп-гимназия” дәрежесі берілді. Орта мектеп пен гимназияның айырмашылығы, гимназияда гуманитарлық бағыттағы пәндер тереңдетіле оқытылады. Мысалы, әрбір мектепте 27 сынып комплектісі болса, оған қосымша “гимназия сағаттары” есебінен 8 сағат беріледі. Бұл 8 сағат гуманитарлық пәндерге, оның ішінде, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі мен тарих пәндеріне арнайы бөлінеді. Аталған 8 сағат негізгі сағаттардан тыс жүреді және оған ұстаздар арнайы авторлық оқу бағдарламасын дайындайды. Сонымен қатар, пән ерекшелігіне қарай тақырып тағайындап, шәкірттерді сол тақырып аясында оқытады. Мысалы, сиқырлы ағылшын тілі, Бейімбеттану, Ұлы даланың тарихи тұлғалары, Мағжантану, мәнерлеп оқу, тарихи тұлғалар, Мұқағалитану, Отан тарихнамасы, морфология сынды тақырыптық бағыттарда білім береді. Сонымен қатар, гимназия сыныптарының үлгерімдері әр тоқсан сайын емтиханмен бақыланатын болады.

Алдағы оқу жылынан бастап оқушыларды мектеп-гимназияға қабылдау  мен іріктеу үрдісі қалай жүзеге асады?

Алғаш мектеп-гимназия дәрежесіне көтерілген сәттегі уақыт тығыздығына байланысты, мектеп ұжымы аудандық білім бөлімі мамандарымен ақылдаса отырып, арнайы іріктеу арқылы гимназия сыныптарын өзара келісіммен таңдадық. Алдағы оқу жылынан бастап, гимназияға қабылданатын оқушыларды арнайы тестілеу мен психологиялық сауалнама арқылы қабылдауды  нақты жоспарлап отырмыз.

Педагогикалық құрам мен оған қойылатын талап қандай?

Бүгінгі таңда гимназияда 61 мұғалім жұмыс жасайды, оның 15-і жас мамандар. Ұстаздардың сапалық құрамы ойдағыдай жұмыс атқаруда, оларға қойылар талап та жоғары. Педагогтарымыздың кәсібилігінің нәтижесінде, соңғы үш жылдағы білім сапасы айтарлықтай жоғары дәрежеде. Биылғы бірінші жарты жылдықтағы білім сапасы 78/4, Ұлттық біріңғай тестілеу нәтижесі бойынша да алғашқы үштіктен орын тептік. Өткен жылғы түлектер саны 34 болса, оның 32-сі мемлекеттік грант иегерлері атанды. Мұндай жетістікті көрсеткіштер  ұстаздардың сапалық құрам сипатынан хабар берсе керек. Қазіргі сәтте гимназия мұғалімдерінің 68%-ы аттестациялаудан өз дәрежелеріне лайық нәтижемен өтті. Жас мамандар үшін арнайы тәлімгерлер тағайындап, тәжірибе жинауына жағдай жасалуда. Ұстаздардың шеберлігін арттыру мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылды. Оған қоса, Қарасай ауданында орналасқан Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясымен магниттік мектеп сипатында бірлесе жұмыс жасап, жақын күндері 3 күндік облыстық шара ұйымдастырып, жоғары деңгейдегі бағалауға ие болдық. Аудандық түрлі шаралардың басым бөлігі біздің мектепте өткізіледі. Сол себептен, бұл білім ордасын іс-тәжірибелер бөлісу алаңы деуге толық негіз бар.

  — Аудандағы бірнеше мектептер ішінен Б. Соқпақбаев атындағы мектептің гимназия дәрежесіне ие болуына ықпал еткен ұсыныстар қандай?

Негізінен, мектеп тарихына назар салатын болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мектеп гимназия сатысында жұмыс жасаған. Кейіннен аудандық өзгерістерге байланысты қарапайым мектепке айналды. Білім бөлімі басшысы Саят Ерсайынұлы мен мектебіміздің педагогтарының ұсынысы бойынша бұл сатыға қайта көтерілдік. Дегенмен, гимназия статусын қайта жаңғырту жолында қыруар жұмыстар жасалып, сансыз құжаттар рәсімделді.

— Гүлмира Әселбайқызы, енді өзіңіздің осынау киелі білім ордасындағы еңбек жолыңыздан  сыр шертсеңіз?

Менің негізгі мамандығым – дене шынықтыру пәні мұғалімі, алғашқы еңбек жолымды спорт мектебінде оқу ісі жөніндегі орынбасарлық қызметпен бастап, 2003 жылы Бердібек Соқпақбаев мектебіне педагог-ұйымдастырушы болып жұмысқа тұрдым. 16 жыл мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым, 2017 жылы қазан айында директорлық қызметке тағайындалдым. Содан бері мінекей, 20 жыл артта қалды. Мектеп директоры болған сәттен бастап менің арманым- қарапайым мектепті мектеп-гимназия дәрежесінде қайта жандандыру болды. Нәтижесінде, арманым орындалды. Бұл нәтиже жолында жасалған еңбек күші қаншалықты мол болса, алда одан екі есе көп қыруар шаруа күтілуде. Білім министрі А.Аймағанбетовтың хабарлауынша, білім саласын түрлі реформалар мен үлкен өзгерістер күтуде. Осыған орай, біздің гимназия да  алдағы уақытта аталған реформалар аясында жұмыс жасап, мектептегі шағын орталықтан бастап жоғары сыныпқа дейінгі тәрбие ісін ілгерілету мақсатында әрекет етуді жоспарлап отыр. Себебі, Әбу Насыр әл-Фараби ойшылдың айтқанындай: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы ” дегендей тәрбиенің ақсауы білім саласына үлкен кесапат.

Салиқалы әңгімеңіз үшін өзіңізге үлкен алғыс білдіремін! Еңбек жолыңызға толағай табыстар тілеймін!

Сұхбаттасқан: Ақерке Нұрәлімқызы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password