“Қара чемодан”

       Қазақ әдебиетінде, ішінде қазақ поэзиясында өзіндік орны бар осынау Мұқатай Жылқайдаровты біріміз білсек, біріміз мүлде танымаймыз!

       Мұқатай жайында жалпы дерек көзі аз. Ғаламтордан да жарытып ешнәрсе таба алмайсыз.

        …Атам, Кеген жақтан жүк көлігін жүргізетін. Бір сапарында жол үстінде тұрған жолаушыны көріп тоқтайды екен. Жолаушымыз-Мұқатай! Тірісінде ақынның жер басып жүріп талантты болуы қиын әрине, содан болар, аса мәнде берілмеген жолаушыға.

       — Кімнің баласысың?

        — Мұқатай деген ұлыңыз болам, деп сөз бастаған ақын жүрек жол бойына атамның көңілін тапқан екен. Өлең оқып,сырын, жырын айтқан. Сол сырдың бірі Мұқатайдың өзінің аузынан айтылған дерек еді:

       … Үйімде үлкен қара чемоданым болған. Онда менің бүкіл қолжазбаларым, жырларым, қазынам жатқан. Бір күні кеште, достарым келіп( достарының атын атамаған) көңіл көтерді. Таңда тұрып, бір нәрсенің жоқтығын байқадым. «Қара чемодан» -жоқ!

       Мұқатайдың осынау қара чемоданы бар болғанда, бұл күнде біз оны басқа қырынан, жаңаша бір ақын ретінде таныр ма едік?! Ал, бүгінде күдік пен сенім қатар келе жатыр…

Шарқ ұрып шабытымен атырапқа,

Ақындар лайық еді батыр атқа.

Әттең-ай, сыйлаймыз тек біз оларды,

Толтырып екі көзін топыраққа.

Білмеймін, өзгелердің арсыздығы,

Өтті ме, әлде ақынның хәлсіздігі.

Дүние төсін төстеп жүре алмаса,

Ол онда қара жердің әлсіздігі.

Мұқатай! Шыңғыра алмай шектелген ер,

Кеудеңді басып тұрып шоқ терген ел.

Қап-қара чемоданың қайда жатыр,

Кім білсін қаптап жүрген бет-перделер.

Жетімдік желкеңнен кеп басып алды,

Басыңа барып кімнің жасы тамды…

Жатырыңнан шабыт дейтін туған өлең,

Біреуге болған болар «асыранды».

Барыңды дүние алар алдап ұрып,

Бір ақын жүрген болар жалған ұлып.

Жетім жыр өз елінде пана таппай,

Өзге елге кеткен болар аударылып.

Жырларың жүр-ау, сірә, жарықта шын,

Чемодан » сылдырмағын» ағытқасын.

Шаршаған өгейліктен өз өлеңің,

Өзіңе қайта алмай жүр, табыттасың!

Көз соқыр, пенде ғұмыр сенеміз де,

Сенуге болмайтындай себеп ізде.

Сен жазған өлеңді оқып жүрген шығар,

Көтеріп жүрген ақын төбемізге.

Болды енді! Өмір солай білесің бе,

Дәрмен жоқ тірі жүріп күресуге.

Қап-қара чемоданың төрде тұрсын,

Әйтеуір жатпаса екен күресінде!

Марғұлан Ақан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password