ҚАНСОНАРДА
(Лирикалық әңгіме)
Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Ақсәуле ӘБДІХАЛЫҚҚЫЗЫ 1955 жылы 1-ші мамырда дүниеге келген. Балалық шағы Талды тауының етегіндегі Талды ауылында, ес білген кезі Тасбұлақ ауылында, ал бойжеткен шағы Қарқара ауылында өткен. 1967 жылы Тасбұлақ бастауыш мектебін, ал 1973 жылы Қарқара орта мектебін бітірген. Қарқара орта мектебін бітірген соң «Туған жерге туыңды тік!» деген девизбен Семей облысындағы шұбартаулық жастардың үндеуіне үн қосып ауылда қалып мал шаруашылығында жұмыс істеген. С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің математика факультетін «Математик-оқытушы» мамандығы бойынша бітіргеннен бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі физика-математика факультетінде қызмет атқаруда. 2013 жылдан бері зейнеткер. «Мәңгілік сағынышым», «Арамыздасың, Абдолла», «Сағындым, сағым жылдарым», «Жұмақ мекен, талбесігім Тасбұлақ», «Сағыныш екен сол бір шақ», «Жаңақорған Қаратаудың етегінде», «Тау қызы», «Елік қыз», «Димаш» атты кітаптардың авторы.
Өмірдің тосын сыйы көп қой. Таудың сұлу бөктерінде өткен аяулы да қимас күндер Қорланның жүрегіне сөнбес шоқ тастар деп кім ойлаған?!… Ол табиғаты ғажап, адамдары да көркем мінезді сол бір өлкеге қансонарды қызықтай барып таудың тұлғалы бір ұлына іңкәр боп оралды.
Алматыға келгелі көз алдынан сол бір күндер кетпей қойды. Ақ көрпесін қымтай бүркенген тау баурайы. Ұлы өмір шуылынан аулақта үнсіз ғана мүлгіген қарлы адырлар. Ал оның етегін ала керіліп жатқан ақ жазық сол төңіректегі ауыл жігіттерінің саят құратын жері көрінеді. Тап осы жерді дүбірге бөлеген құсбегілер жиынына еліміздің әр түкпірінен бүркітшілер ат терлете келіпті. Олар сонарға құс салып қана қоймай құмай тазыларын да жетелей келген екен. Тұғырдағы қырандары жан-жағына отты жанарымен қаранып, ал тазылары қарғыбауын тартқылап әлекедей жаланып-ақ тұр. Иелері олардың тағатын көп тауыспады. Дабыл қағылған бойда алмас қанат қырандар қайқаң етіп көкке көтерілді.
Қыраттан қарағанда ойдағы жазық алақандағыдай көрінеді. Қияда қалықтаған күйі жердегі жыбырлаған ұсақ жәндікке дейін көретін қырағы жанар тастүлек кенет төбе тасасынан бұлаң еткен олжасына қарай шүйліге ұшты. Ол да оңай олжа болғысы келмей төскейдегі қалың шілікті бетке алып ышқына шауып барады. Алайда әбден бапталып, қос қанаты алдаспандай жарқылдаған жас бүркіт көз ілеспес екпінмен ағып келген күйі олжасын екі бүктеді. Тура көз алдыда Абай суреттегендей «Қар әппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» деген көрініс болып жатты. Сәлден соң бар-жоғы бірер минутқа созылған арпалыс сап тыйылып түлкі қимылсыз қалды. Олжаға кенеліп, қанжығасы майланған бүркітшілер мәз.
Бабадан қалған асыл өнерге, оның бүгінгі мұрагерлерінің жарысын тамашалауға келген адам қарасы бүгін де көп сияқты. Қырандарға қызыға қараған Қорлан да риза болып қуанышты сезімде тұрған болатын. Алайда осы бір сәттерде ол өзінің бойын бұдан басқа бір беймәлім, алабөтен, тәтті де мұңды сезім билеп алғанын аңғарды. Оның басында көптен бері болмаған сезім. Мұндай сезімді ол осыдан көп жыл бұрын, сонау студенттік жылдары басынан өткізген болатын. Махаббаттың отына күйіп-жанған кезі де сол шақ еді. Оған Алматының айлы түндері куә… Оған сол күндерді бірге өткізген достары куә… Қорлан сол пәк махаббатын Мағжанға мәңгілікке арнаған болатын. Мағжан да Қорланды жанынан артық сүйді. Дос қызығып, дұшпан күйінер тату-тәтті жұбайлық өмір де кешер ме еді кім білсін?!… Бірақ Мағжанның ғұмыры қысқа болды. Үйленгендеріне 2-3 айдың жүзі болғанда кенеттен өмірден өтті. Содан бері ол Қорланның жүрегінде өмір сүруде. Оның жүрегінде Мағжаннан басқа ешкімге де орын да жоқ болатын. Олай болуы мүмкін де емес еді. Жалғыздық құдайға ғана тән екенін білсе де Қорлан қайтып тұрмысқа шықпады. Өмірін тек жалғыздықпен өткізіп келе жатыр. Кезінде оған көз салған, сөз салған жандар баршылық болды. Бірақ ешқайсысына қайрылмады. Селт ете алған жоқ. Оның бар сезімі Мағжанмен бірге кеткен болатын. Тіпті бұл күнде өзінің әйел екенін де ұмытуға айналғандай еді.
Ал сонда мынау тосын сезімді не дейді?… Махаббат па, әлде рухани достық сезімі ме?!… Қалай болғанда да ол кешегі қансонарда танысқан осы бір бекзат болмысты тау баласын жақсы көріп қалды. Оның келісті келбеті, тал бойына жарасқан ақыл-парасаты, ұлтжанды болмысы, кісілік асқақ рухы, елін, жерін жанындай сүйген үлкен жүрегі мысын құртып жан-дүниесін еріксіз баурап алды. Көкірегі сәулелі әйел баласын, оның сұлулыққа, ізгілікке іңкәр нәзік жүрегін ғашықтық сезімге жетелейтін де азаматтың бойындағы осындай асыл қасиеттер екеніне тағы да көзі жете түсті. Оның бұған ең алғаш көргендегі сондай бір іңкәр сезіммен қарағаны ойынан кетер емес. * * *
Жарыс басталған күні ит жетектеп, ат мінген ауыл жігіттері көп келді. Қорлан жылқышының қызы болатын. Кішкентайынан аттың жалына жармасып, құлағында ойнап өскен еді. Бойында қаны ойнап, бір сәт атқа мінгісі келіп делебесі қозды. Жағалап атқа мінгендер жаққа барған. Көзі бірден құйрық жалы төгілген ақбоз атқа түсті. Шиыршық атып бір орында тұрмай тұр екен. Қорланға да керегі осындай ат еді. Иесі өзі қатарлас жан көрінді. Бірақ ол Қорланға назар аударар емес. Қасындағы жігітпен сөйлесіп тұр. Қорлан қалған аттарды байқап көру үшін әрі қарай өтіп кетті де қайта қайтты. Оның көңілі ақбоз атты қалады. Ат иесінің әңгімесі бітпеген екен. Қорлан күтіп тұрмады. «Атыңызға мінуге бола ма?» деп қойып қалды. Әлгі кісі жалт қарады да сауалдың өзіне арналғанын бірден түсінді. «Жығылып қалмайсыз ба?». «Мен атқа мініп өскен қызбын»,- деді Қорлан күліп. «Солай ма?». Бейтаныс жан атынан түсіп тартпасын қайта тартты. Атта мін жоқ. Тыпыршып тұр. Қорлан аздап жүрексінгендей болды. Атқа мінбегеніне де біраз жылдардың жүзі болыпты. «Қалай болар екен?» деген болар-болмас қорқыныш та пайда болды. «Тәуекел,- деді артынша өзін-өзі жинап. — Тәуекел, атам жаудан қайтпаған ғой. Тартынбайын, әйтпесе мына кісі мазақтап жүрер». «Атыңыздың қандай сырлары бар? Айтып қойыңыз». «Аса бір қорқынышты емес. Жуас ат. Сыйпай қамшыласаңыз аяңдап жүре аласыз. Басын тартып тебінсеңіз тайпалған жорға бола кетеді. Қамшы бассаңыз шу жүйрік болады. Негізі бәйгенің аты ғой. Бірақ қорықпаңыз, сыңар езулеп бұра тартатын әдеті жоқ. Бас бермей кететін асау да емес. Дегенмен абайлап жүріңіз!». Әлгі кісі Қорланды қолтығынан демеп мінгізіп жіберді. Үзеңгісі де шап-шақ бола кетті. Қысқа да, ұзын да емес. «Уайымдамаңыз, ақырын жүремін»,- деді Қорлан оған күлімсіреп қарап. Сөйтті де таудың сағасын бетке алып жүріп кетті. Алдымен сыйпай қамшылып жеңіл жүріске салды. Қалыптасайын дегені ғой. Еңкейіске түскен соң басын тартып тебініп жорға жүріске салды. Енді ат тұрмақ Қорланның денесі қыза бастады. Алдында шағын ойпат жатыр. Арғы жағында қыр көрінеді. Әрі қарай биік төбелер басталады. Алдымен өзінің жағдайын бақылады. Атқа мінуді ұмытпапты. Отырысы нығыз. Жүрек орнында. Ендеше жылдамдығын арттыруға әбден болады. Ол солай ойлады. Ойлады да атына қамшы басты. Онсыз да денесі қызып шиыршық атып тұрған ақбоз ат атырылып кетті. Басын тартқан жоқ. Қорықпады. Өйткені жоғары қарай шауып келе жатыр еді. Қорлан сол құйғытқан күйінде қырға шығып барып бірақ тоқтады. Тізгінін тартып артына қараған. Бір атты адам өзіне қарай шауып келе жатыр екен. Әлгі кісі екенін жазбай таныды. Қорыққан болар сірә да?!… Расымен де сол кісі екен. «Шапқан кезде жығылып қала ма деп қорықтым»,- деді қасына келгенде.
Қорлан бейтаныс жан екеуі биік төбе басында тұрып ойдағы өтіп жатқан жарысты қызықтап біраз тұрды. Алаң алақанда тұрғандай болып анық көрінеді екен. Жалпақтау келген қырдың дәл ортасына орналасқан дала сахнасы шөгіп жатқан үлкен кемені елестетеді. Айналасы ығы-жығы адам. Сахнаның етек жағын ала тізіліп қаз-қатар орналасқан көліктерден көз сүрінерліктей. Ал сахнаның артқы жағына арасына ашық алаңқай қалдырып киіз үйлер мен шатыр тігіліпті. Қалай болғанда да жарыс өтетін жер жақсы таңдалғаны көрініп тұр.
Жарыс басталған сыңайлы. Алғашқы жарыс. «Қыранды қолға қондыру» деп аталады. Қорлан оның бәрін бағана жүргізушінің хабарлауынан естіп алған болатын. Қарсы жақтағы биік төбенің басына бүркітшілер барып алыпты. Олар төбенің басында тұрып қыранын ұшырады. Ал ойпатта тұрған екіншісі бүркітші оны шақырып қолына қондырады.
Төбе мен жарыс өтіп жатқан қырдың арасын тынбай жалғап ақ түсті «Нива» машинасы жүр. Қорлан бағана Алматыдан келген өзі қатарлы ерлі-зайыптылармен танысып еді. Осы жарыс өткізіп жатқан ауылдың адамдары екен. Сенбі-жексенбіні пайдаланып қансонарды қызықтауға келіпті.Олар да өзі секілді дәрігерлер болып шықты. Манас- кардиолог, ал Айғаным- балалар дәрігері екен. Солардың айтуы бойынша ақ машинаның иесі осы ауылдың басшысы көрінеді. Бағана жарыстың салтанатты ашылуында Қорланның өзі де көрген. Өте қағілез жан. От сияқты жанып тұр. Сөзге шешен екен. Сөзінің аяғын жырмен аяқтады. Енді қарап тұрса ол өте батыл жан да сияқты. Ақ «Нивасын» заулатып биік төбенің басына шыққанда қарап тұрған адамның зәресі ұшады. Машина аударылып кететін сияқты көрінеді. Қия бетте мынандай тайғақта жүру жанкешті жанның ісі ғой. Бір Алла өзі жар болсын!…
Қорлан бала кездегі әдетімен төңіректі асықпай қарап шықты. Ешнәрсе көзінен таса қалған жоқ. Тіпті анау тау етегіндегі жалғыз үйлі қыстақты да көзі шалды. Ол үйдің адамдары да мерекені қызықтап жүрген болар сірә да?!… Әйтеуір тым-тырыс, кірген-шыққан адам көрінбейді.
Осылай тұрғанда «Аты-жөніңізді білуге бола ма?,- деді бейтаныс жан. «Әрине болады. Құпия жан емеспін. Алматыдан келдім. Мамандығым дәрігер. Өзім осы жақтанмын. «Тасашы» деген ауылдың қызымын. Атым Қорлан. «Той десе қу бас домалайды» деген ғой. Туған жерімде «Қансонар» мерекесі өтетінін естіп біраз күн демалып қайтайын деп әдейі келгенмін».
Сөз кезегі өзіне тірелгенін ұққан болуы керек енді әлгі кісі де өзін таныстыра бастады. Айтысына қарағанда ол кісі де осы жақтан екен. Көрші ауылда тұратын көрінеді. Кезінде аудандағы ірі шаруашылықты басқарыпты. Еліне, жеріне қызмет етіпті. Қазір жеке шаруашылығы бар екен. «Қазір зейнеткермін. Жеке қожалығым бар. Мал шаруашылығы. Сонымен айналысамын. Анау тауды көріп тұрсыз ба?»,- деді Тәңіртау жақты қолымен көрсетіп. «Шұбартал жайлауын айтасыз ба?». «Иә, иә, сол Шұбартал жақта қыстауымыз бар. Бұрын қыстау деуші едік. Бүгінгі тілмен айтсақ фазендамыз бар. Бір күн ауылда болсам, бір күн таудамын. Бүгін мынау мерекені қызықтап көрермен болып қайтайық деп ауылдың бүкіл жігіттері ұйымдасып тазы жетектеп, ат мініп келдік. «Қансонар» — ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр ғой. Осынау мерекенің біздің аймақта өтіп жатқанын қуана құптадық. Өкініш жоқ, бір сусындап қалдық. Рухани жаңғырдық. Әттең, кезінде ел басқарып тұрғанда, қолда билік бар кезде мұндай мерекелерді өткізбедік қой. Ұсыныс болған жоқ. Егер ұсыныс болғанда өткізер едік. Бірақ әлі де кеш емес. Қазіргі ел басқарған азаматтардың өресі биік, ой-өрістері кең ғой. Соның бір көрінісі мынау өтіп жатқан мереке. Шіркін, осындай ұлттық спорт түріне жататын дәстүрлер, мерекелер көбірек өткізілсе ғой». Қорлан оның сөзіне қарап бойында қазақтың қаны ойнап тұрған ұлтжанды, туған жерін сүйген үлкен жүректі, асқақ рухты парасатты жан екенін ұқты. «Дұрыс екен, өркендеп өсе беріңіздер! Туған жерге, елге деген сезіміңіз ортаймасын! Бірақ атыңызды айтпадыңыз ғой». «А, солай ма? Атым Сұлтан болады». «Қазақ сұрастыра келгенде бір-бірімен туыс болып шығады» деген рас екен. Қорлан әлгі кісі тұратын ауылдағы туыстары жайлы айтып еді, оларды жақсы танитын болып шықты. Сөйтіп ортақ таныстар табылды.
Сәлден соң екеуі қайтадан тау етегіне түсіп жарыс алаңына қарай бет алды. Тіпті оларды байқаған адам да шамалы сияқты. Жарыс қыза түскен. Бәрі бүркіттердің ойынын қызықтау үстінде екен. Қорлан аттан түсіп рахметін айтты да қаз-қатар отырған құсбегілердің қасына барып тұрды.
Түс ауа бүркіттерді «шырғаға салу» жарысы басталды. Бұл жарыстың шарты бойынша атқа мінген адам ұзын жіпке байланған түлкінің терісін атпен сүйреген кезде биік төбеден ұшырған бүркіт сол терінің үстіне қону керек екен. Сірә да бүркітке түлкі қашып бара жатқан сияқты болып көрінетін болуы керек. Бүркіттер де әрқалай болады екен. Біреулері ұша салысымен-ақ туралап келіп әлгі аңның терісін бүре кетсе, кейбіреуі басқа жерлерге қонып, содан кейін қайта ұшып барып теріге түсіп жатты. Ал тіпті кейбір қырандар лағып айдалаға ұшып кетті. Оларға қойылған баға да олардың осындай іс-әрекеттеріне қарай беріліп жатты. Қорлан жарыстың барлық сәттерін шамасы келгенше фотоаппаратының ұңғысына түсіріп алуға тырысты. Арасында көрермендерді де түсіріп қояды. Осылай жүргенде Сұлтанмен бірнеше мәрте бетпе-бет келіп қалды. Бірақ ол нысанаға іліне қоймады. Оны суретке түсіріп алу да Қорланның ойына келмеді. Олар сол күні осылай жарыс барысында кездесіп қалып жүрді.
Күн еңкейе бастағанда жарыстың алғашқы күні де аяқталып еді. Сұлтан Қорланды шығарып салып өзінің ақбозымен тауды бетке алды. Қорлан болса Қарагеріне отырып «Тасашыға» кетті…
Сұлтанмен танысқан алғашқы күн Қорланның өміріне өзгеріс әкелгендей. Сол күні қоштасар сәтте Сұлтан Қорланның қолын ұстап тұрып: «Сіздің көзіңіз ұнап қалды»,- деді. Қорлан оның бетіне жалт қарады. Жанары отты екен. Тесіле қарап қалыпты. Беті «ду» ете түсті де көз жанарын тайдырып әкетті. Сол жанардан ішіне «лап» етіп от түскенін сол сәт Қорлан өзі де байқамай қалды… * * *
Жарыстың қалған күндері Сұлтан атпен емес машинасымен келіп жүрді. Ол да ел-жұрт тамақтанған кезде Қорландармен бірге барып тамақ ішеді. Қалған уақытта бүркіттердің ойындарын тамашалайды. Манаспен бұрыннан таныс сияқты. Әйтеуір Айғаным үшеуі жұптарын жазбай бірге жүрді. Олар көбінесе қалың жұртшылықтың ішінде болады. Әлде қасындағылардан қымсына ма әйтеуір Қорланға аса көп жақындамайды.Тек әрі-бері жүрген кезде кездесе қалса екеуінің көздері тоқайласып қалатын.
Екінші күні Сұлтан оны «Сарыжаз» ауылына дейін шығарып салып қайтты. Қызық, өз машиналарында жалғыз-жалғыздан отырған олар жол бойы ақырын ғана жүріп отырды. Сұлтан — алда, Қорлан — артта. Ауыл ортасына жеткенде Қорланның алдын кес-кестеп өрістен қайтқан бір үйір жылқы өтті. Сұлтан «Сарыжаздан» өтіп барып тоқтап Қорланды күтіп тұр екен. Ол да тоқтап жерге түскен. Аз ғана уақыт сөйлесті. Қорланнан қашан қайтатынын сұраған. «Ертең жарыс бітісімен қайтамын. Арғы күні жұмыста болуым керек»,- деді Қорлан. «Сізбен кездескелі бері өзгеше бір күй кешіп жүрмін. Сізбен танысқаныма өкінбеймін»,- деді Сұлан қоштасар сәтте Қорланның қолын алып. Мұның да жетісіп жүргені шамалы еді. Бірақ білдірмеді. «Солай ма?»,- деді өтірік күлгенсіп. Бірақ жүрегі сыздап тұрған болатын.
Қорлан қоштасып машинасына отырып «Тасашыны» бетке алғанда Сұлтан артынан қарап қала берді. Қорлан оны машинасының айнасынан көріп келе жатқан болатын. Ол бел асып кеткенше орнынан қозғалмады. Осы сурет көз алдынан кетпеген Қорлан сол түні тағы да ұйықтай алмай шықты. Дөңбекшумен таң атырды… * * *
Соңғы күн Қорланға ауыр тиді. Оның бойында қимастық басым еді. Ол сол күні де күндегі әдетінше ертерек келген еді. Ел-жұрт та әжептеуір жиналып қалған екен. Қарагерін шеткерілеу тұсқа қаңтарып қойды да өзі қолына фотоаппаратын алып жарыс өтетін алаңға келді. Шығысты алтын жалқыққа бөлеп күн шығып келе жатқан мезгіл болатын. Алдымен жан-жағына айнала қарап шықты. Қар жамылған сұлу мекен бүгін де таңмен бірге оянып тіршілігін бастап кетіпті. Қай жағыңа қарасаң да сұлулықтан көзің жасқанғандай. Төрт құбыланы қоршап тұрған көгілдір таулар да бүгін өзгеше сияқты. Олар Қорланға қастарын керіп кербездене қарайтын сияқты ма, жоқ әлде Қорланның көңілімен үндестік тауып қимастықпен қарап тұрған секілді ме?… Әйтеуір басқаша. Көз ұшында көк тіреген Хантәңірі. Әншейінде көзге көп көріне бермейтін еді. Бүгін найзадай сүйір ұшы көк тіреп ап-анық көрініп тұр екен. Қорлан осының бәрін жақсылыққа жорыды. Оның көңіл-күйі де дәл сол сәтте Хантәңірі секілді шексіз биік еді… Бірақ тұманды мұнарға батып тұрған болатын…
Ел-жұрт түскі тамаққа кірген кезде Қорлан қайтуға қам жасады. Манас пен Айғаным қанша өтінгенмен олармен бірге отырып тамақ іше алмады. Ішер еді, батпады. Көңілі ойпы-тойпы болып тұрған. «Мен қайта беремін» деп олармен қоштасып шығып кетті. Олар алдында бірге ала кетулерін өтінген болатын. Бірақ Қорлан өмірінде бірінші рет өтірік айтты. «Бос орын жоқ болып тұр. Жолдан туыстарымды аламын»,- деді. Себебі ол өзінің жағдайын сезіп тұрған болатын. Жандүниесі жабырқаулы еді. Қиналатынын білді. Сол қиындықты ешкімге көрсеткісі келмеген. Жаны жалғыздықты қалады…
Сұлтан да тамаққа кірмей саяқ жүр екен. Қорлан Қарагеріне отырып жатып көз қиығымен оның өзіне қарай келе жатқанын көрді. «Ақырын жүргін! Аман-есен жеткейсің! Хабарласып тұрамын»,- деді қолынан ұстап тұрып. Қоштасар сәттің осыншалықты қиын боларын кім білген?!… Қорланның одан әрі шыдап тұруы мүмкін емес еді. Қос жанарына шүпілдеп толып қалған жасын көрсеткісі келмей жүзін бұрып әкетті. Сөйтті де қолын тартып алды. «Жақсы, аман болыңыз!» деген жалғыз ауыз сөзді айтуға ғана шамасы әрең жетті. Қарагеріне қамшы салды. Қарагер ытқи жөнелді. Күре жолға апарып қосатын даланың ойлы-қырлы жолына түскенде айнадан артына қараған. Сұлтан сол жерде әлі қарап тұр екен.
Арада санаулы минуттар өткенде Қорлан қалаға баратын күре жолға келіп қосылды. Жолдың ені кеңдеу жеріне келіп тізгінін тартып тоқтап сыртқа шықты. Өзіне соншалықты ыстық болып кеткен аяулы мекенге соңғы рет қимастықпен көз салды. Ішкі жандүниесі өртеніп бара жатқандай аласапыран күйге түсіп екі бүктеліп қалды. Бұл қалпында Қарегеріне ие бола алмасын білді. Білді де еркін қос жанарына берді. Қос қолымен екі бетін басып тұрып солқылдап жылады. Ішкі жағынан бір нәрсе үзіліп түсіп анау қыр үстінде қалып бара жатқандай күй кешті. Әудем уақыттан соң солығын басып өзіне-өзі келгендей болды. Қыр басына тағы бір рет қарады. Бірнеше машина төмен қарай түсіп келе жатыр екен. «Ел-жұрт қозғала бастапты ғой» деп ойлады. Сөйтті де ауыр бір күрсініп алып Қарагеріне отырды. Отырды да қамшы басты. Артына қарамауға бекінді. Алдындағы тұмсықты айналғаны сол еді төрт күн бойы көңіліне қуаныш сыйлаған ыстық мекен де, Лабасының ақша қарға малынған сұлу табиғаты да, ұшар басын көк тіреген Хантәңірі де, басын мәңгі қар басқан Тәңіртау да көзден ғайып болды… * * *
Қорланның «Қансонардан» келгеніне де біршама уақыт өтті. Келгеннен бері алағай күн кешіп, толағай мұң кешіп жүр. Көңілінен де, көз алдынан да Тәңіртаудың етегінде өткізген күндері бір кетпейді. Көлбеңдеп тұрады да қояды. Жүрек шіркін күні бойы лүпілдеп бір басылмай ертегідей бір өмір кешіп жүрген жайы бар. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес сияқты. Мөп-мөлдір бір сезім күндіз-түні оның жандүниесін баурап алып жан таптырар емес. Сезімнің шарабы дел-сал қылғандай сол бір тәтті де мұңлы, мөлдір сезім күн өткен сайын Қорланның бойын еріксіз билеп барады. Бұл тек өзіне ғана аян. «Ғашықтың тілі — тілсіз тіл» деп Абай жөн айтқан. Оның үстіне өзі қазақтың иба сақтаған қызы болған соң да іштей тынулы. Көңіл ынтықтығына еріп диуана болған хәлде. Бүгінде бір сәт арманы болған сол бір ғашығын ойлайды. Енді бір сәт Мағжаннан кешірім сұрайды. Қорланның бұл ісі оны ұмыту емес, керісінше қазақтың сол секілді бір асыл перзентін пір тұту, оның адамгершіліктің жоғары деңгейіндегі асыл мінезіне сүйсіну, тәнті болу. Адамдар бірін-бірі жақсы көрсе несі айып?… Абай атамыз Алла тағаланың адамзатты махаббатпен жаратқанын айтады. Махаббат сезімі адамның өзге тіршілік иелерінен артықшылығы емес пе?… Махаббат — Тәңірден берілетін асыл сезім. Ғашық болу, сүйіп қалу деген есіңнен тандыратындай теңдессіз бір алапат күш екен. Оны кім білген?!… Ондай кезде жүрегіңнің қалауымен кеудеңде риясыз тап-таза бір сезім орнайды екен де құдайдың құдіретімен сен сол сезіммен ғана өмір сүретін сияқтысың. Жүрек шіркін әміршіңе айналып қияли жанның күйін кешесің. Сезім де адам еркінен тыс болатын дүние сияқты ғой. Кей күндері өз еркі өзіне бағынбай лағып кетеді. Ондай кезде кеудесін кернеген сағыныш жанын сыздатады. Тау ұлы күніне екі мәрте — ертеңді-кеш хабарласып қояды. Сөз ыңғайына қарасаң ол да үлкен тебіреністе жүрген сыңайлы. Сағынып жүргенін айтады. Ойлап отырса екеуі сол күндері ең болмаса бір рет те бірге суретке түспепті ғой. Оның бейнесі Қорланның тек көңіл-көзінде ғана сақталып қалыпты. Тұрғаны, сөйлегені, күлгені көз алдында суреттей болып тұрады да қояды. Әсіресе Алматыға шығарып салардағы оның жанарындағы қимастық отын айтсайшы!… Қорланның есіне қансонар мерекесі өтіп жатқан екінші күні жарыс өтетін төбеге жетпей бір әдемі әлемге кез болғаны түсті. Таңертеңгілік мезгіл болатын. Сол күнгі ауа райы да тамаша болып тұрған. Бір шөкім бұлты жоқ аспан көкпеңбек еді. Сонау көз ұшында Хантәңірі шыңы көрініп тұрды. Тәңіртауының қарлы шыңдарынан күн көтеріліп келе жатты. Айнала ақ көрпе жамылып жатқан. Бетінде бірде бір із жоқ ақша қардың беті шыққа тұнып тұр екен. Алтын күннің арайлы шұғыласына малынып «жылт-жылт» етіп көзді арбайды. Тіпті басуға қимайсың. Қорлан «Ойпырмай, жаңбырдан кейін пайда болатын шықты талай рет көріп едім. Қардың бетіне де шық тұрады екен-ау!» деп ойлады. Ол Қарагерінің тізгінін тартып тоқтады да жерге түсті. Оның сұлулыққа құмар жаны фотоаппаратына айызы қанғанша түсіріп алды. Қазір сол бір сәт есінен кетпейді. «Менің өзіңе деген сезімімнің тура сол бір таңғы шықтай мөлдіреп тұрғанын сезер ме екенсің, тау ұлы?!» деп ойлады.
Өткенде жұмыстан келсе үйде ешкім жоқ екен. Інісінің қызы мен ұлы бірге тұратын. Жұмыстан әлі келмепті. Қорланның ешнәрсеге зауқы соқпады. Сырт киімін шешпеген күйінде жарықты жақпастан қонақ бөлмедегі жұмсақ креслоға отыра кетті де телевизорды қосты. 31-ші каналда Еленаның концерті болып жатыр екен. Жүрегі өте нәзік қыз ғой. Дауысы да ерекше. Жүректің қылын шертеді. Мынау орындап жатқан әні де сезімге толы екен. Қорланның жүрегін қозғады. Онсыз да сағыныштың отына өртеніп жүрген оған мына ән май тамызғандай болды.
Көктемнің жылы лебімен,
Сенім боп жанға еніп ең.
Сағым боп ұзап кеттің бе?
Сағынып жүрмін сені мен.
Жаутаңкөз жаздың төрінен,
Жайдары күйде көріп ем.
Жапанда жалғыз жабығып,
Сағынып жүрмін сені мен.
Сап-салқын күздің демінен,
Қалтырап тұрып егілем.
Жанымның нұры қайдасың?
Сағынып жүрмін сені мен.
Қантардың суық өңінен,
Түңіліп шер боп төгілем.
Жетсеңші-ай маған жылылық,
Сағынып жүрмін сені мен.
Аузына кермек дәм тиді. Көз жасы ғой. Қорлан сонда ғана өзінің жылап отырғанын білді. Қос жанарынан аққан жас бетін жуып төмен қарай құлап жатыр екен. Ол өз еркіне өзі ие бола алмай қалды. Армансыз жылады. Көкірегін кернеген сағыныш көз жасымен бірге төгіліп жатты. Ол әудем уақыттан соң барып әрең дегенде өз-өзіне келді. Ғашық болудың азап екенін тағы да бір мәрте мойындады…
* * *
Қорлан бүгін де бір сәт қиялына ерік берді. Ойша тау баласына хат жазды. «Несін айтайын, мен Сізді сүйіп қалдым, тау ұлы! Ол үшін мені айыптайтындар болса оған да көнулімін. Сіз менің әсершіл жүрегіме сөнбес сәуле сыйладыңыз. Сезіміме сөнбейтін от тастадыңыз. Ол от өзіңіз жоқ жерде де менің кеудемді жылытып тұрады. Сіз менің көзге көрінбес қорғаным болдыңыз.
Міне, қансонардан келгелі аз ғана күн өтсе де мен Сізді қатты сағындым. Сағыныш бойымды буғанда жер-көкке сыймай кететінім шындық. Ақын Төлеген Айбергенов ағамыз секілді өз сағынышыма өзім өртеніп кетпесем неғылсын. Сіз оны көтерер ме едіңіз?… Не деп кеттім өзі?… «Сап-сап көңілім, сап көңілім, сенен басқа жан жоқ па?». Осылай өзімді жұбатпасам болмас. Мен бір тәтті мұңға батып жүрмін, тау ұлы. Мұңды сағыныш менің жандүниемді тербетуде. Тіпті күн өткен сайын ұлғайып келеді. «Ақша бұлттар арасында арман бар» деп бір ақын досым жырлағандай ақша бұлттардың арасынан арманымды іздеп жерге түспей жүріп алушы едім. Мен сол арманымды тапқан жандаймын.
Мен онсыз да өмірге құштар, рухы асқақ жан едім. Енді міне Сізге деген махаббатым жаныма одан әрі қанат бітірді. Сіздің иман нұры тұнған жүзіңізді көз алдыма әкелсем жүрегім атақтай соғып кеудеме сыймай кетеді. Неткен ғажап сезім бұл?!… «Үйленуді махаббат деп ойлайды, Шын ғашықтың сырын білмес сорлылар» деп белгілі әнде айтылғандай осы бір аяулы сезімімізді жүрек түкпірінде аялап сақтайықшы!… Сізді жүрегімде аялау мен үшін қаншалықты бағалы екенін білсеңіз ғой. Бірақ оны Сіздің сезімтал жүрегіңіздің сезетінін білемін. Өйткені Сіз де сезімтал жан екенсіз. Алып тұлғаңызға бар көркем мінез сыйған. Бүгінгі заманда сирек кездесер, пешенесі ерекше жарқыраған Алланың бір ғажап жаратылысы мен үшін өзіңізсіз.
Менің сұлулыққа ынтызар жаным сол күні ойламаған жерден Сізді кездестірді. Өзіңізді көрдім де «лап» ете түстім. Бұл өзім де күтпеген жағдай еді. Сіздің отты жанарыңыз жандүниемді найзағайдай тіліп түсті. Жалпы мен өн бойымда әйелдік сезім атаулы өліп қалған деп жүргенмін. Сөйтсем өлмепті. Өлмеген екен. Сол сезім Сізді көргелі бері қайта оянды. Бастарын көтерді. Сол күннен бері мен осындай күйдемін. Сізбен танысқан күннен бері менде маза жоқ. Алапат бір сезімнің «құрығына» түсіп есуастың хәлін кешудемін. Ой-ормандарымды аралап, қиялымның қырқаларынан асамын. Әттең ақын болсам кеудемді кернеген бұла сезімімді жыр етіп төгіп-ақ тастар едім. Бірақ ақын емеспін. Сондықтан да сезімімнің сырын ақ қағазға осылай ғана түсіре аламын.
Мен Сіздің, Сіз менің қансонардағы «олжам» болдыңыз. Мен Сіз үшін тілеулеспін. Анашым «Таң алдында тілеген тілек қабыл болады» деуші еді.Мен күн сайын таң алдында құдайдан Сіздің амандығыңызды тілеп жүрмін.Сіз бақытты болсаңыз мен де бақыттымын, жүрегімді жаулап алған тау ұлы!… Құрметпен Қорлан.
0 Пікір