АМАНГЕЛДІ АТАЛАТЫН БҰЛ КІСІ, АЙТА ЖҮРЕР ЕЛ-ЖҰРТЫНА ҮЛГІ ІСІ

                                                    Сөз басы

        Солай! Өзім күнделікті өмір ағынында бетпе-бет жүздесіп, ара-тұра әңгімелесіп қалып жүрген соң да ол жайында жазылар дүниенің тақырыбын осылай атауға бел будым. «Жамандар жақсымын деп айқайлайды, Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген тәмсіл бар халықта. Мен Амангелдіні осы соңғылардың қатарына жатқызар едім. Өйткені, бүгінге дейін атқарған ісін, жеткен жетістіктерін жеке басының пайдасына ғана жаратуды жақтамай, және  «мен, мен» деп кеудесін ұрмай, қарапайым ғана жүріс-тұрысымен бар жақсылығын  туған жерінің жарқын болашағы үшін деп түсінетін осы сынды азаматтар арамызда некен — саяқ болса да жүргені анық. Реті келгенде, аттарына осылайша жақсы тілек, ізгі ниет білдіріп қойғанның артықшылығы жоқ-ау, деп ойладым.

                                                  Өмір  өрнектері

      Алдыңғы толқын ағаларға қарап марқайсаң, артыңда өкше басып келе жатқан інілерге қарап, өзіңнің де біраз жерге барып қалғаныңды аңғарасың. Күнделікті көріп жүрген соң да жас жігіттей көрінетін Амангелді інім де әне-міне дегенше өтпелі өмірдің біраз сүрлеу-соқпағын артқа тастап, 50 атты ердің жасына табан тіреп үлгеріпті. Әрине, абзал азамат жер ортасы аталатын осынау жасқа оңайдан-оңай келе салмағаны анық. Тағдыр талайының маңдайына жазғанын басынан өткеріп, жалғанға балайтын жарық дүниенің ащы-тұщысының дәмін татқаны, қалтарыс-бұлтарысына үңіле біліп, жақсы-жаманын екшей алуға жете мән бергені аян. Ерінбеген еңбек, бәрін де жеңбек. Бүгінгідей ердің жасына келгенге дейінгі абырой биігіне көтерген жетістіктері сол еңбегінің жемісі десек, қателеспейміз.

     Амангелді Шенебеков 1972 жылы 12 маусымда сол тұстары ауылшаруашылығы бойынша атағы бүкіл республикаға жайылып, абыройы асқақтап тұрған Сарыбастау ауылында қарапайым отбасында өмір есігін ашыпты. Әкесі Смайл колхоздың қара жұмысына жегіліп, өмірінің 35 жылын трактор тізгінінде өткізген. Сол қарапайым еңбегімен-ақ, шаруашылықтың әрбір жұмысының бел ортасынан табылып, колхоз экономикасының көтерілуіне сүбелі үлес қосқан адам екен. Сол қарапайым еңбегімен-ақ, абырой арқалап, ауылдастарына үлгі болыпты. Жылдың 9 айында трактор тізгінінен қолы босамаса, 3 айын «дала кемесі» аталатын комбайн рөліне отырып, алтын дәнді ысырапсыз жинап алуға арнапты. Және, өз ауылында ғана емес, Алматы облысының Күрті, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарына да комбайнын айдап барып, маңызды науқанға қолғабысын тигізіпті. Белгіленген жоспарын артығымен орындап, астық оруда озаттар көшін бастапты. Ал, анасы Жанұзақова Алтынхан үйлерінің қасындағы кірпіш зауытында жай жұмыс істесе, енді бірде атбазда шөп турау жұмысына қатысып, енді бірде ортақазанда аспаздақ жасап, шаруашылықтың сан-салалы жұмысының бел ортасына табылған екен. Ерлі зайыптылар 4 ұл 3 қызды өмірге әкеліп, бәріне тәлімді тәрбие, өркенді өнеге беріпті. Отбасындағы ұлдың үлкені Амангелдінің бүгінге дейінгі өмір ағысында екінің-бірі жете бермейтін жетістігі сол әке-мен шешеден алған адами құндылыққа толы тәлім-тәрбиенің нәтижесі деп астын сыза айтқан орынды. Өзі айтпақшы, еңбекке мектептің бірінші сыныбын бітіргеннен-ақ араласқан. Жазғы демалысқа шығысымен колхоздың арық-тұрақ малын бағатын әпке-жездесіне қолғабыс жасапты. Малды бірге бағысып, күнделікті әкелінетін қойлардың кіріс-шығысын жазуға машықтаныпты. Бір айта кетерлігі, ол жасаған есеп-қисап жұмыстарынан қате кетіп көрмегені. Ай соңында колхоз кеңсесіне барып, есеп өткізетін жездесі мұның атқарған жұмысына риза болып, талай талай сүйсінісін танытқаны күні бүгінгідей көз алдында. Сол кезде жасы ары кетсе 8-де ғана шығар! Осылайша үлкендерге көмектесе жүріп, қой союды да үйреніп алғаны бар. Жазғы демалысқа шыққан әр жылдары текестегі туыстарына келіп, картоп өсіру сияқты машақаты көп жұмыстарға да атсалысқаны, Ойқарағайдың сай-сайына кіріп алған сиырларды жаяу қайырып, қораға айдап әкелетіні көз алдында. Ересек тартқан шақтарында колхоздың шөп шабу, мал дәрілеу, қой қырқу сияқты науқандарына белсене араласып, әке-шешесіне қолғанат болғаны санасында сақтаулы. Бәлкім, Амангелдінің спортты сүйіп, палуандықты меңгеруі сол жастайынан бейімделген еңбектің жемісі шығар! Өйткені, бала күнінен араласқан қара жұмыс қабырғасын қатайтты. Қандай қиындық болса да, мойымауға үйретті. Табандылыққа, төзімділікке шыңдады. Абырой да, бедел де, толайым табыс та ерінбей еткен еңбек арқылы қаланатынына көзін жеткізді. Сөйтіп, болашағының бағыт-бағдарын айқындап берді. Соның бәрін де Алланың берген сыйындай көреді Амангелді бүгінде.

                                      Спорт – жан серігі, айнымас досы

     Амангелдінің спортқа келуі өзі айтпақшы айқайлап, аттандайтындай оқиға болмаған. Мектептегі күрес үйірмесіне қатыспай жүрген күннің өзінде-ақ, күштері бойларына сыймай алысып-жұлысып жүретін қатар-құрбылары мұнымен күресе кетсе, өздеріне қарсы күштің басымдығын ақын сезінетін еді. Ұстаса кеткенде сүйектерінің мығым, бұлшық еттерінің шымыр екендігін бірден аңғарып, мыстары басылып қалатын. Бұл қарсыластарымен ұстаса кеткенде қалайда ебін тауып, сол жамбасына келтірудің айла шарғысын іздейтін. Сол жамбасқа келген адам қанша мықты болса да жауырыны жер иіскеп жататын. Қол күрестіре қалса да басымдығы басқалардан айқын сезіліп тұратын. Сабақтан бос уақыттарында іні-қарындастарына бас көз болып, дімкәс анасына көмектесіп, үйдегі шаруаны күйттеуден аса алмаған баланың жоғарыда айтқанымыздай күрес үйірмесіне қатысуға бас кездері уақыты болмағаны рас. Бірақ, күндердің күнінде бәрі-бір осы бір қасиетті өнерді үйрететін орынның есігін ашуға тура келді. Өйткені, әрқандай нәрсенің қыр-сырын, амал-айласын жетік меңгеру үшін қара күш қана емес, сол салаға қатысты ғылыми негіздің де қажеттігі айқын еді. Бұл ойын анасына айтса, жібермей қояды деді ме, ең алғаш рет, «француз тілінен қосымша сабаққа баратын едім» деп кітапты қолтығына қыстырып, аяулы жанды алдап шыққаны әлі күнге есінде. Бұрын да Амангелдінің палуандық өнерден қара жаяу емес екеніне қанық Қасен Шампаев ағасы мұның боз кілемге атбасын бұруын қуана құптады. Өйткені ол, денесі мығым, тығыршықтай жігіттің болашағынан үлкен үміт күтетін еді. Міне, сол күннен бастап, Амангелдінің палуандық өнерді меңгеруге деген сүрлеу-соқпағы басталды. Алғашқы күннен-ақ, күрес өнерінің қай түріне болса да жетік ағайының ақыл-кеңесіне ден қойды. Берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, жаттығу жұмыстарын күрес залында ғана емес, үйде де үзбей жалғастырып отырды. Оның алғашқы нәтижесі көп өтпей көрініс берді. 8-сынып оқып жүргенде Қақапақта Грек-Рим күресінен мектеп оқушылары арасында өткен жарыста 48 килограммдық жарыста  қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сөйтіп аудан чемпионы атанды. Жасөспірімнің боз кілем үстіндегі жеңісті жолдары осыдан кейін жалғасын таба берді. Аз ғана уақыт ішінде Қазақша күрес, Самбо сияқты күрес түрлерін де жетік меңгеріп, шеберлігін шыңдады. Бір айта кетерлігі күрестен республика, облыс, аудан көлемінде өткен жарыстарда 8-ден 10-сыныпқа дейінгі үш жыл аралықта бірінші орынды ешкімге бермепті. Айтулы жарыстарға басқа өңірлерден келген палуандар мен жаттықтырушылар ең алдымен Амангелдінің осы жарысқа келген-келмегенін сұрастырады екен. Келгенін естісе, бірінші орыннан үміттерін үзіп, екінші-үшінші орынға таласатын көрінеді. 9-сыныпта оқып жүргенде Алматыда өткен «Алатау-88» атты еркін күрестен 1968 жылы туғандар арасында өткен жарыста ересектер арасында Қайназаров Бақыт деген жігіттің орнына күресіп, командасына бірінші орын сыйлапты. Ауданның намысын қорғағаны үшін сол тұстағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыт Оспановтың қабылдауында болып, аудан басшысының жүрек жарды алғысын арқалапты. Аудандық комсомол комитетінің грамотасы мен заттай сыйлықтарын алып, ауылына арқаланып қайтқанын ұмыта қойған жоқ.  Палуандық өнер жасөспірімді мектеп бітірген соң Алматыдағы спортжәне дене тәрбиесі институтына алып келді. Бірақ, бұл жолы оқуға түсе алмады. Дегенмен, Амангелдінің спорттық жарыстардағы жетістіктеріне бұрыннан қанық политехникалық институттың спорт мамандары оны аталған жоғары оқу орнынан жұмысқа шақырады. Осылайша оның өмір белесіндегі алғашқы еңбек жолы жоғары оқу орнынан басталды. Аталған оқу орнында дене тәрбиесі және спорт кафедрасында перепаратор қызметін атқарды. Осыған дейін боз кілем үстінде жинақтаған тәжірибесі арқылы осы өнерге бейімі бар студенттерге ұстаздық жасады. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Нархоз, АЗВИ аталатын атағы дардай жоғары оқу орындарында да қызмет атқарып, дене тәрбиесінен дәріс берді. Және осы қызметтерінің бәрін де ол өзі қалаған оқу орнында оқымай-жүріп-ақ атқарып, нәрлі нәтижелер арқылы аталған оқу орнының абыройларын аспанға көтеріпті. 1990-91 жылдары Армия қатарында қызмет атқарып,ЦСКА командасының құрамында КСРО қарулы күштері арасында самбодан өткен жарыста Түркістан әскери округінің намысын қорғады. Қазақстанда, Ресейдің  Мәскеу, Тула, Украинаны Киев, Өзбекстанның Ташкент қалаларында, Молдавияда, Қырғызстанда өткен жарыстарда шеберлік танытып, республиканың көк туын желбіретті. Қазақстанның барлық қалаларында өткен жарыстарға қатысып, тек қана бірінші орындарды иеленді. Осы күрес өнері бойынша Шымкентте өткен жарыстарға 22 рет қатысыпты. Өскеменде 5, Жамбылда 6 рет болып, бәрінде де жеңіс тұғырын бағындырды. Қазақша күрес пен самбодан неше дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері атанып, алтыннан алқа тағынды. Жеңіс тұғырына өзі ғана көтеріліп қоймай, соған лайық палуандар тәрбиеледі. Амангелдінің алдынан дәріс алған шәкірттерінің өзі де атақ абыройлары талай жерге кеткен палуандар санатында. Ернат Жиенбаев, Нұрбол Қырғызбаев, Мұса Тұрысбаев, Фархат Тапалов, Дәурен Асқаров сияқты жігіттер қазір қоғамның сан саласында мамандықтары бойынша еңбек етіп жүр. Кезі келгенде кіммен болсын белдесе кетіп, ел намысын қорғауда атойлап алға шығатын азаматтар. Күштері қанша тасып тұрса да өздерін тәрбиелеген Амангелді ағаларының алдын кесіп көрген емес. Қай кезде де бастарын ие құрмет көрсетумен келеді.

                                             Туған жеріне – туын тіккен

    Амангелдінің жастайынан өзі қалаған оқудың босағасын төрт рет аттап, жолы болмай, тауы шағылып қайтқанынан, сонда да меселі қайтпай бесінші жылы ғана түсіп, бітіріп шыққанын екінің бірі біле бермейтін шығар. Бірақ, шындығы солай. Оның өзі қалаған оқу орнын бітіріп шыққан кезі бұрынғы Кеңес өкіметі тарап, ел-жұрттың не істерін білмей сабылысқа түскен шағы еді. Үлкендер де, жастар да жұмыс іздеп қалаға қарай қозғалғанда бұл туған ауылына қарай бет түзеді. Ел астанасында жеткен жетістіктерін, ерінбей еткен еңбектен тапқан бақытын туған ауылы — Сарыбастауында жалғастырғанды жөн санады. Келсе, бұл бұрын сағынышын арқалап, қуана жететін ауылдың күйі кеткен. Мәдениеті де, тәртібі де көңілге кірбең ұялататын дәрежеге дейін төмендеген. Жастар арасында тәртіп бұзушылар, ұрлық-қарлық, төбелес-жанжал сияқты керағар құбылыстар жалына қол апартпауға айналыпты. Жас жігіттің ауылға біражола келгенін естіген ауыл әкімі Канауат Әбиев, мектеп директоры Әлия Ақаева, басқа да білікті азаматтар қуана құптап, туған ауылдың бұрынғы көсегесін қайта көтерісуге, тәртібін жолға қойып, мәдениетін жандандыруға көмектесуге шақырды. Кеудесінде туған жерге деген құрметі кеудесін дүрсілдете соққан, бойында күші тасып тұрған азамат ауыл басшылары мен ел ағаларының ұсынысын қабыл алды. Мектепке мұғалім болып орналасқан күннен, жас буынға дәріс беріп қана қоймай, ауыл жастарының тәртібін жолға қоюға да бар ықыласымен кірісті. Өйткені, ауыл өзінікі. Кіндік қаны тамған ыстық ұясы. Сонымен қоса, Нүсіпбек Әшімбаевтай дала академигі атағын аспандатқан аяулы атамекені. Сондықтан оның жақсы атағын қайта оралтып, бағын қайта жандыру, баяғы көрікті келбетіне қайта әкелу жолында аянып қалар жері жоқ. Осыған белді бекем буған Амангелді мақсатты іске білек сыбана кірісті. Үлкендердің ақыл-кеңесіне жүгінді. Жастардың ортасында жиі болып, өмір тәжірибесінің аз да болса өзі көрген жақсы қырларын олардың  ой елегіне ұсынды. Ауылдың бұрынғы атақ абыройын алдарына көлденең тартты. Осы жердің өсіп-өркендеуіне қажыр-қайратын аямаған бірегей тұлғалардың ізгілікке толы өнегесін арқау жасады. Ауылда белсенді топтардың басын қосып, түнгі кезекшіліктер ұйымдастырды. Мәдени-спорттық шаралардың көптеп ұйымдастырылуына ұйтқы болды. Көп ұзамай-ақ, алға қойған мақсаттың жетістігі көріне бастады. Жастар арасындағы бұзақылықтар бірте-бірте азайып, тәртіп мәселесі де жолға қойылды. Ауыл спорты қайта жанданып, қастерлі өнерге ден қоюшылар қатары өсе түсті.Аптал азамат қандай істі болсын көпті көрген ардақты жандармен, жинақтаған тәжірибесі мол азаматтармен қоян-қолтық араласа, тізе түйістіре жүріп шешуді назарынан шығарған жоқ. Қазір Сарыбастау ауылы бұрынғы береке-бірлігін қайта тапқан, ырыс ұялап, қызыр қонған о бастағы қалпына оралып отырған жайы бар. Мұның бәрі де туған жерін сүйіп, оның өсіп-өркендеуі жолында қажыр қайратын аямай жұмсай білген азаматтардың ізгілікті істері арқылы қаланғаны аян. Солардың арасында туған жеріне туын тігіп, абыройын асқақтатуды мақсат еткен Амангелдінің де бар екенін мақтанышпен айтқанның артықшылығы жоқ.

      Амангелдінің Сарыбастаудан басталған қызметі бұдан кейін Райымбек аудандық білім бөлімінде жалғасты. Спорт саласының тізгінін ұстаған аз ғана уақыт аралығында біршама жанды жұмыстар атқарды. Нәтижесінде мектептердегі дене тәрбиесі сабақтары жаңаша үрдіс алды. Спорт залдары осы саланың талабына сай жаңашылдықпен жұмыс істей бастады. Аудандық спорт мектебінің директоры Бекболат Бірбаевтың аттай қалап шақырып алуымен аудандық спорт мектебінде атқарған жаттықтырушылық қызметтері де жеміссіз болған жоқ. Тәлімін алған шәкірттері боз кілем үстінде республикалық, облыстық дәрежеде өткен жарыстарда шеберлік танытып, жеңіс тұғырынан көрінді. Қолынан іс келетін, жауапкершілігіне алған жұмысынан нәтиже шығаратын жігітті аудан басшылары да тани біліп, еңбегін орынды бағалады. Зор сенім артты. Жұмысы шатқаяқтап, аттаған адымы кері кетіп тұрған Көксай орта мектебіне директор етіп тағайындады. Тәртіп бар жерде табыс болатынын өмір тәжірибесінен үйренген жаңа басшы білім ордасындағы жұмысын салған жерден тәртіптен бастады. Оқушылардың емес, соларға тәлім-тәрбие беретін ұстаздардан бастады. Әрқайсысының мамандық бойынша атқарған жұмыстарына, тәжірибелеріне, жауапкершіліктеріне, мәдениеттіліктеріне, шәкірт пен ұстаз арасындағы қарым-қатынасқа баса назар аударды. Әрқайсысының жұмыстарына терең зерттеу жүргізіп, талдау жасады. Кеткен кемшіліктерін тез арада түзеудің жолын ұсынып, үлгерім мен сапа көрсеткішіне қатаң талап қойды. Білім ордасының ішкі-сыртқы тыныс-тіршілігін айрықша бақылауға алды. Әріптестерін ұйымшылдыққа үндеді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара, шығармашылықпен еңбек етуге шақырды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Тәртіп жолға қойылды. Үлгерім сапасы жақсарды. ҰБТ қорытындысы бұрынғы 42 орыннан 5 орынға жоғарылады. Осының бәрі де Амангелдінің басшылық қызметіндегі ізденісті еңбегінің жетістігі екені анық.

                                         Әкім бол, халқыңа жақын бол

      Қолынан іс келетін, айтқан сөзінде тұратын директорды Қақпақ ауылының тұрғындары аудан әкіміне талаптары мен өтініштерін өткізе жүріп, өздеріне әкім етіп сайлады. Амангелді өзіне көрсетілген сенімге селкеу түсірмеу үшін бұл жерде де аянып қалған жоқ. Халыққа қызмет-абыройлы міндет деп түсінді. Ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық араласып, ел-мен жердің тағдырын солармен бірге шешуді бағдаршам етіп ұстанды. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруы мен ауыл мәдениетінің көтерілуі қай кезде де өзекті мәселе болып қалыптасқаны белгілі. Ал, оның оңды шешімін табуы іскерлікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыны жақсы сезінген ауыл әкімі тұрғындардың талап-тілегіне жете көңіл бөлді. Ұсыныс-пікірлерін тыңдап, одан нәтижелі қорытынды шығарудың жолдарын іздеді. Көпті көрген көне көздерді, ел басқаруда тәжірибесі бар ауыл азаматтарын айналасына топтастырып, қандай мәселені де солармен ақылдаса отырып іске асыруға ұмтылды. Солардың ақылдарына жүгінді, көмектеріне сүйенді. Қарапайымдылықты өмірлік ұстанымы ете білді. Алдына келген тұрғындардың меселін қайтарып, көңілін жықпай, ризашылықпен шығарып салды. Қыжалат жандарға қамқор қолын созуды бірінші кезекке қойды. Ауылдағы ауыз су мәселесінің орынды шешілуіне, білім ошағының күрделі жөндеуден өтуіне мұрындық болды. Тозығы жетіп, жарамсыз болып тұрған мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі үшін жоғары орындарға ұсыныс қойып, жобасының өтуіне себепші болды.

   Нарынқол ауылы ауданның орталығы. Шешуін күткен түйінді мәселелер жетіп артылады. Осыдан үш жыл бұрын сол тұстағы аудан әкімі, марқұм Жолан Омаров Амангелдінің Қақпақ ауылындағы атқарған істеріне ризашылық танытып, аудан орталығының әкімдігіне тағайындады. Әкім болуды мәнсап емес, халыққа жақын болу деп ұғынған азамат өзіне сеніп тапсырылған қызметті де абыроймен атқарып келе жатқан жайы бар. Оған аудан орталығының барша тұрғындары куә. Артық айтып, арық шыққан жерлері болса, құрғақ уәдеге құрық салумен ғана шектеліп жүрген жайлар болса, ауыл тұрғындары алдағы уақытта өздері айта жатар. Ал, біздің Амангелдідей азаматтың ер жасы 50-ге келіп отырған шағында оның жүріп өткен өмір жолын сөзімізге арқау етіп, ел алдындағы еңбегіне берген бағамыз осындай болды.      Орайы келгенде біз де аптал азамат, білікті басшы, Назым Мұқаевадай аяулы жанға асыл жар, 2 ұл,бір қызға ардақты әке, өнегелі шаңыраққа орны бөлек отағасы бола білген Амангелді Смайлұлы Шенебековты 50 жасқа толған қуанышымен құттықтап, алдағы өмірі де мәнді-мағыналы болып, туған халқына қызмет етуден танбайтын адал ұлы бола беруін тілегенді жөн санадық.

    Редакциядан:  Осы мақала жазылып, жарыққа шығып бара жатқанда тағы бір жайдарман жаңалық құлағымызға жетті. Амангелдінің қоғам мен ел алдындағы бүгінге дейінгі еңбегі ескеріліп, оған аудан әкімі мен аудандық мәслихат «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» деген абыройлы атақ беріпті. Қуанышыңызға ортақпыз, Құрметті Амангелді Смайлұлы!

                                                                                  Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

                               Қазақ журналистикасының қайраткері,

                                                                                   Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password