Аманатқа қиянат жасауға болмайды

       Алдағы жылға белгіленген ҚР Парламенті палатасы мен жергілікті мәслихат депуттарының сайлауына дайындық күн өткен сайын қыза түсуде. Бұл орайда «Nur Otan» партиясы қолға алып жатқан жұмыстар республика жұртшылығының қолдауына кеңінен ие болып отырғанын айтқан орынды. Партия тарихында алғаш рет ірі саяси оқиға – партияішілік іріктеу – «Праймериз» өткізу арқылы халық қалаулыларын таңдау өзінің алғышарттары бойынша көздеген межеге қол жеткізетінін айқындап отырғаны анық.

        Осынау жолы да жөні де бөлек саяси додаға біздің ауданымыздың ел-жұрты да айрықша ықылас танытуда. Атап айтқанда, «Праймериз» ережесіне сәйкес «Nur Otan» партиясының Райымбек аудандық филиалы партияішілік сайлауға 42 үміткерді тіркеді. Үміткерлер 7 қыркүйектен бастап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үстінде. Осыған орай,ағымдағы аптадағы сәрсенбінің сәтінде біздің арнаулы тілшіміз аудандық мәслихаттың хатшысы, партияішілік сайлауға үміткер ретінде тіркелген Ерлан Әкімбайұлы ҚҰДАБАЕВҚА жолығып,төмендегідей сұрақтарға жауап іздеген еді.

        — Ерлан Әкімбайұлы! Биылғы жылдың ерекше бір жаңалығы, алда келе жатқан депутаттар сайлауының бұрынғыдан өзгеше түрде өткізілетіндігінде болып отыр. Қазір осы бағытта жоспарлы шаралар жасалып, «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі — праймеризге үміткерлер ұсынылуда. Сол үміткерлердің арасында өзіңіз де бар екенсіз. Алдағы уақытта депутат болып сайлана қалсаңыз, қандай аманат жүктеп, өзіңіз жетекшілік жасап отырған Райымбек аудандық мәслихаты арқылы ауданның тыныс-тіршілігіне өзгеріс әкелетін қандай жұмыстардың оңтайлы шешілуіне ықпал жасайтын едіңіз? Әңгімеңізді осы мәселеден бастасаңыз? -Ия, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев саяси кеңесте сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған пропорционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты. Жаһандану заманында озық тәжірибелерді пайдалана отырып, біз ұрпағымыздың ертеңінің жарқын болуы үшін аянбай еңбек етуіміз қажет. Халықпен бірлесе, үндесе жұмыс жасап отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы жасандылықтан шынайылыққа бағытталған үлгі. Біз дамыған озық елдермен тәжірибе алмаса отырып, жұртшылықтың нақты проблемаларын шешуге әрекет етуіміз керек. Жаңашылдық жастарға жарасады. Сондықтан партияның құрамын жастардан жасақтауды ұсынған тұңғыш Президентіміздің ұсынысын толық қолдаймын. Аудан көлемінде партия төңерегінде атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Аудандық мәслихатта бекітілген штат кестесіне сәйкес 5 адам қызмет атқарып отыр. Барлығы ‘’Nur Otan’’ партиясына тіркелген. Бағдарлама ұжымда жанжақты талқыланып, оны іске асыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

       Өздеріңізге белгілі- мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бөлінісіндегі халықтың еркін білдіреді.

       -Екі айға жуық уақыт болды. «Nur Otan» партиясы «праймериз», былайша айтқанда алдағы үлкен сайлауға іріктеу жұмыстарын қызу қолға алып жатыр. Үміткерлер өздерін ұсынып, сайлауалды бағдарламаларын халыққа таныстыруда. Сол кісілердің арасында өзіңіз де барсыз. Басқаны қайдам, депутаттық мандат Сіз үшін жат дүние емес. Өйткені, дәл қазіргі таңда осы салада жұмыс атқарып отырсыз. Айтыңызшы, Тұңғыш Президент қолға алып отырған праймериз қаншалықты маңызды? Болашақта халыққа қызмет ете алатынына көзіңіз жете ме?

        -Елімізде сан түрлі реформалар жүзеге асып, өз деңгейінде орындалып жатқаны белгілі. Сол сияқты «праймеризді» де жақсы жағынан түсініп, бұл сайлауға біркісідей атсалысуымыз керек. Партияішілік іріктеу науқаны – саясаттағы үлкен өзгерістер мен жетістіктерге алып келетін науқан. Праймериз –партия лидері атап өткендей, күрделі мәселелерді партия атынан шешетін ең белсенді және ең сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді. Таңдаулы азаматтардың халық алдында беделі жоғары болуы тиіс. Олар саяси алаңда еркін жұмыс істей алуы қажет. Көптің алдында тосылмай сөйлеп, істі батыл бастайтындардың бәсі басым болмақ. Мәслихаттарға арналған партиялық тізімнің 70 пайызы праймеризден өткен үміткерлерден құралатыны да өте тиімді. Халық бұл саяси үрдіспен қазіргі ақпараттандырылған заманда жан-жақты танысып, өз пікірлерімен бөлісуде. Пікірлердің барлығы да жағымды.Сол себепті, мен праймериз халықтың көкейінен шығады деген сенімдемін.

       -Сайлауалды бағдарламаңызда көптің көкейінде жүрген мәселелер қамтылыпты. Дегенмен, бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, сол мәселені тағы бір тілге тиек жасап көрсеңіз?

       -«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, мемлекет болған соң, есігің құлыптаулы, шекараң қырағы күзетте болғаны жөн. Алдағы уақытта шекара маңындағы ауданымыздың жағдайын дұрыстау арқылы сол жердің тұрғындарын тұрақтандыруға қол жеткізгеніміз абзал болар еді. Ол үшін өңірімізді жан-жақты дамытуға көңіл бөлу қажет. Аудан экономикасын ілгері бастырып отырған мал шаруашылығы мен егін өндірісі болып келеді. Облыста бұл аудан дотациялық аудан болып саналады. Жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарының ашылуы ауданның Алматыдан және облыс орталығы Талдықорғаннан жол қашықтығына көп байланысты. Осындай табиғаты сұлу өңірде еліміздің келешегі үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар қаншама?! Алайда, олардың бүгінгі таңда көріп отырған қиындықтары да аз емес. Таулы өңір көркем болғанымен, жол қатынасын дамытуда өзіндік проблемалары да бар екені даусыз.

       Бүгінде бірқатар өңірлерде автокөлік жолына, ауыз суға қатысты әлеуметтік мәселелер шешіліп жатқанымен, ауылдықтарды толғандыратын жайттар әлі де бар. Оған шалғай ауылдарды аралау барысында көз жеткіздік.Сондықтан ауданның тыныс-тіршілігіне өзгеріс әкелетін басты мәселе – көлік инфрақұрылымының жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қою керек деп ойлаймын. Бұл ретте бағдарламада атап көрсетілгендей, Алматы-Кеген-Нарынқол республикалық маңызы бар автокөлік жолының жасалуына, және күрделі жасалуына ықпал етудің маңызы зор. Мұның өзі ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына серпін беретін үлкен күш болатыны анық.

       — Ерлан аға! Ауданымыз араға 21 жыл салып қолымызға тиді. Бұған, әрине, осы өңірдің елге, жерге деген ниеттері көл-көсір азаматтардың білек сыбана кіріскені белгілі. Солардың көш басында өзіңізде жүрдіңіз. Биліктің қырына алынамын-ау! Қызметіме, қарабасыма зияны тиеді-ау, деп қауіп ойлаған жоқсыз ба? Мұны сұрап отырғаным, осы мәселені көтерген көптеген азаматтар кезінде белгілі бір орындарға жеккөрінішті болып еді?

        — Елім деп туған азаматтың негізгі міндеті ол — халықтың қамы мен туған жердің көркеюіне өз үлесін қосу. Сондықтан менің сайлауалды бағдарламам тікелей халықтың сұранысын қанағаттанарлықтай жасалды деп ойлаймын. Бағдарламада әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ауданды дамытудың жоспары нақты көрсетілді. Қазақ халқы мың өліп, мың тірілген, не бір қиыншылықтарды басынан өткізген қайсар халық екенін сонау тарихтан білеміз. Халық қайта оралған ауданын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ауданның қайта оралуына қол ұшын созған Сенат депутаттары Қ. Сұлтанов, Т. Асанов, Р.Сарпековтер мен облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа алғысым шексіз. Ел басына күн туғанда, етігімен су кешетін азаматтарымыз баршылық. Елдің ертеңі үшін қолыңнан келіп тұрған істі аямау керек, сол себепті мен үшін Отаным, туған жерім әрдайым алдыңғы қатарда. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын», — демей ме даналарымыз. Мен халықтың адамымын, саналы ғұмырым халықпен қоян-қолтық араласа өтіп келеді. Демек, менің сүйенерім- халық, сүйінерім – сол халқымның жақсылығы. Халқым үшін бар күш-жігерімді аямауды азаматтық борышым санаймын.

       -Аманат жүгі ауыр екенін жақсы білесіз. Депутат болып сайланар болсаңыз,уәде үдесінен шығатыныңызға сеніміміз нық екенін де білесіз деген ойдамыз. Сөзіңіздің соңын қандай да бір өзекті де түйінді мәселемен аяқтар едіңіз?

       -Біз егемендікті, бостандықты, бейбітшілікті, игі істерді жүзеге асыру арқылы өркендеуді, әділдік пен баршаға ортақ мүмкіндіктерді өміріміздің құндылығына айналдырған, ұлы тарихи жолы, өзіндік бет-бейнесі, ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар халықпыз. Біздің басты міндетіміз – ата-бабаларымыз қорғап,аманат етіп қалдырған ұлан-байтақ жерді тәуелсіздігімізді тұғырлы ете отырып, өркендету арқылы бәсекеге қабылетті, қуатты, дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде өз ұрпақтарымызға қалдыруымыз керек. Айналамызға бір сәтке болсын, саналы оймен және шынайы көзбен қарауды ұмытпауымыз керек. Қандай жағдай болмасын ұлы көшіміздің ұлы мұраттарының ұшқынын өшіріп алмауымыз керек. Ата-бабамыздың алдында мәңгі борыштармыз   және ауыр аманатты арқалап жүрміз. Аманатқа қиянат жасауға, әсте болмайды.

       -Ерлан Әкімбайұлы! Әңгімеңізге рахмет! Алдағы додада сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан:

Жұмабек Тәліпұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password