АЛЫСТЫ БОЛЖАЙТЫН ТҰЛҒА БОЛАТЫН
Тіршілігінде-ақ, тұғыры биік тұлға атанған адамдармен үнемі жүздесе бермейсің. Сәті түскен шақтарда ғана танысып немесе кездесіп қалатын жағдайлар болады. Сондай кездесулер санасына сіңіп, ұмытылмай ойда жүреді.
Сондықтан, Алтынбек ағамыз туралы қолыма қалам алмауым немесе үндемей қалуым – адамгершілік парыздан аттап кеткенмен тең емес пе?.
Адамдардың бір-бірімен танысу, жолығу, кездесу түрлері көп-ақ. Бұл жағдай көшеде де, көлікте де, бас қосуларда да, жиындарда да болуы мүмкін.
2004 жылдың күз айы. Мен ол уақытта шалғайдағы солтүстік өңір — Қостанай қаласында мемлекеттік қызметте жүрген кезім. Кезекті еңбек демалысын алып Алматыға келдім. Қалада жапырақтар енді-енді сарғая бастаған кез.
Сол уақытта елімізде Қазақстан Республикасының Парламентіне сайлау науқаны қызу жүріп жатқан болатын. Құрманғазы көшесінде орналасқан Ғылым академиясының мәжіліс залында Парламент депутаттығына кандидат Ораз Жандосовтың сайлаушылармен өткізген кездесуіне мен кездейсоқ қатысып қалдым. Жиында Қазақстан Республикасының ақпарат министрі, «Ақжол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты талдаулар мен нақты болжаулар айтып, сөз сөйледі. Соңында сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға екі тілде жауап беріп отырды. Оның сөйлеген сөздері мен қойылған сұрақтарға берген нақты жауаптарына қарап, мен ол кісінің өте жоғары білімді, жан-жақты, әрі парасатты тұлға екендігін түсіндім.
Жиын аяқталған соң, ол кісімен танысу үшін президиумға көтерілдім. Алтынбек ағамызды сайлаушылар жан жағынан қоршап алып, өзекті мәселелер бойынша сауалдар қойып, біраз уақытқа дейін жібермеді. Қойылған сұрақтарға жауап берген соң ағамыз мәжіліс залынан шығуға бет алды.
Сол тұста мен алдынан шығып:
– Ассалаумағалейкум, Алтынбек аға!- деп қолымды ұсындым.
– Уағаликумассалам, — деп қолымды қысып тұрып, қырағы көзімен мені шолып өтті де, қандай сауалыңыз бар дегендей сыңай білдірді.
– Алтынбек аға, мен Райымбек ауданынан боламын, — дедім.
– Жақсы, деп жылы шыраймен жауап берген соң ол:
– Қай жерде қызмет етіп жатырсың? — деп сұрады.
– Қостанай облысында қызмет жасаймын. Еңбек демалысына шығып едім, бүгін міне, сізбен танысудың реті келіп отыр, — дедім.
– Тым алыста екенсің ғой, ол жақта жүргеніңе қанша уақыт болды? — деп сұрады.
– Бес жылдан астам уақыт, — деп жауап бердім. Содан кейін, ол кісі сәл ойланып тұрып, маған қарап:
– Қостанай қаласында тағы бір жерлесің бар. Аты — жөні Ерлан Баққожаұлы Мұқай. Қостанай облыстық Салық комитетінің басшысы болып қызмет етеді, — деді ол кісі. Содан кейін ары қарай сөзін жалғап:
– Өзіміз жақтан шыққан жігіт, танысып, көрісіп жатсаң, менен сәлем айт! — деді Алтынбек аға.
Одан әрі, ол кісі сол қыркүйек айында өтетін Парламент мәжілісінің сайлауында білікті, әрі білімді азамат Ораз Жандосовтың Мәжіліс депутаты болуын қалайтындығын айтып өтті. Мен өз тарапымнан, Алтынбек ағаға алдағы жауапты сайлау науқанында сәттілік айтып, ізгі тілегімді білдіріп, сол жерде қоштастық.
Кейін уақыт өте келе, 2005 жылдың күз айында Алматы қаласында өткен үлкен бір жиында Алтынбек Сәрсенбайұлымен тағы да кездесудің сәті түсті. Сол жиында Алтынбек ағамыз көлемді түрде баяндама жасады. Баяндаманың кіріспе сөзін ол кісі мынадай өлең шумақтарымен бастағаны әлі есімде:
Мен жанбасам лапылдап!
Сен жанбасаң лапылдап!
Аспан қалай ашылмақ….!
Сол жиында болған кездесуден кейін еліміздің өркениетті даму бағытындағы ой пікіріміз, көзқарасымыз бір арнаға тоғысқандықтан, алдағы өтетін сайлау науқанында ол кісімен бір бағытта бірге қызмет атқаруға шешім қабылдадым.
Бұл кісінің бойынан байқағаным, биік лауазым иесі болғанына қарамастан өте кішіпейіл адам екендігі. Ең әуелі алдына келіп тұрған адамды мұқият тыңдап, тиянақты байлам жасайды. Түрлі оңтайлы нұсқаларды ой елегінен өткізіп, ылғи сабыр сақтай отырып барып шешім қабылдайды.
Алтынбек ағамыздың ерекше қасиеті – қазақ және орыс тілдерінде сөзді мағынасымен, мәйегімен сөйлеуші еді.
Асыл ағамыздың «Таңдау жасар сәт туды!», «Тәуелсіз елде тәуменді тұлға болмау керек!» атты кітаптарын басынан — аяғына дейін оқып шыққаннан кейін бұл кісінің алысты болжайтын қасиетіне деген ілтипатым бұрынғыдан да арта түскенін жасыра алмаймын.
Алтынбек ағамыз қандай жағдай болса да адал адам болудың, елге адал қызмет жасаудың үлгісін көрсетіп кетті.
Қазақта «Жақсы — ісімен жасайды» деген мақал бар. Сондай іргелі ісімен өшпес із қалдырған жанның бірі, бірі емес, бірегейі осы Алтынбек Сәрсенбайұлы дер едім.
2005 жылдың 28 желтоқсаны күні Алматы қаласындағы Қалдаяқов көшесінде орналасқан мейрамханада «Әділетті Қазақстан үшін!» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жаңа жылды қарсы алу мерекелік іс шарасы болып өтті. Аталған мерекелі отырысқа қатысушылар үшін бұл іс шара — көңілді әрі, ерекше қуанышты әсерде болғаны әлі есімде.
Алтынбек ағамыз осы отырысқа көтеріңкі көңілмен келіп, барлығымен шын пейілімен амандық, саулық сұрасып, осы кеште жайдары, көңілді отырып қайтты.
Сөз арасында, ол кісімен еркін түрде дидарласудың сәті түсті. Осы отырыстың естелігі ретінде Алтынбек аға екеуіміз бірге суретке түстік. Кеш соңында қол алысып, бірлесіп атқарған жұмыстарымызға рахметін айтып, шын жүректен қоштасты.
Бұл – аяулы ағамызбен соңғы кездесу екенін қайдан білейік…
2006 жыл, 11 ақпан. Сол күні елін сүйген, елі сүйген, халқы құрметтеген, халқын қадір тұтқан, елі үшін еңбектенген Алтынбек ағамыз кенеттен қайтыс болды…. Қара ормандай халық күңіренді. Өксіген көңіл, қаяулы жүрек. Сол бір сәтте асыл ағамыздың ұмытылмас бейнесі кешегісінен де маған бүгін жақындай түскен еді.
Санат ӨМІРХАНҰЛЫ,
Нарынқол ауылы.
0 Пікір