АЛМАТЫДА ШОҒАН АБЫЗДЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ

       Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұлы тұлғаның есімі ұлықталды. Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты «Рахат-мәдениет» ықшамауданындағы көшелердің бірі енді Шоған абыздың атымен аталады. Баба рухы қайта жаңғырған игі шараға зиялы қауым өкілдері мен абыздың ұрпақтары қатысты. Көшенің ашылу рәсімінде сөз алған ҚР еңбек сіңірген дәрігері Тұрарбек Төлендиев абыздың асыл қасиеттерін тарихи деректерге сүйене отырып, жиналған көпшілікке паш етті.

Шоған абыз Есім ханның ел билеген дәуірінде, XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген аты аңызға айналған тұлға. Ол туралы Қазақ-совет, Жетісу энциклопедияларында тың деректер келтірілген. Сонымен қатар, Н.Аристовтың, М.Тынышпаевтың, Қазыбек бек Тауасарұлының еңбектерінде де аз жазылған жоқ. Көдек Байшығанұлының өлеңдерінде, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» дастанында бабамыздың болмыс-бітімі бейнеленген.

Шоған абыз өзінің шешендігімен, қиын-қыстау кезеңдерде жол тауып шығар көсемдігімен, терең ойлы ақыл-парасатымен ел жадында қалған. Оның есімі, әсіресе, Жетісу аймағына, Қаратау, Қазығұрттан бастап, Еренқабырғаға дейін созылып жатқан байтақ елге кең тараған. Ол халық аузында абыз атанған.

— Заманында кең-байтақ қазақ жеріне көз тіккен шапқыншылар аз болды ма? Сол бір тарыдай шашырап, қынадай қырылып, арқардай ауып жүрген қилы кезеңде Шоған абыз бабамыз елдің бірлігі мен ынтымағын сақтап, жесірін жатқа бермей, жетімін рулы ел еткен кемеңгер болған. Ол туралы кезінде тарихшылар жазды. Бүгінгі шара, ең алдымен, жастарға керек. Өскелең ұрпақ бабаларының ұлағатты істерін жүрегіне тоқып, бойларына сіңіріп, рухани жаңғырады. Көше атауын сұрап, тиісті орындарға хат жазған Бексұлтан Нұржеке, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбек, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай сияқты азаматтарға айтар алғысым шексіз, — деді Тұрарбек Төлендиев.

Ердің есімі – елдің есінде. Қазіргі таңда Қайнар ауылында Шоған абыздың еңселі ескерткіші бой көтерген. Хантәңірі шыңына баратын жолда Швейцария табиғатынан кем емес әйгілі Шоған сайы деген бар. Енді міне, әсем қала Алматыдағы көше баба есімімен аталып жатыр.

Салтанатты шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Мақпал Мыса сөз алып, өзінің Шоған абызға арнап жазған дастанынан үзінді оқып берді.

— Бірі еді бахадүрдің о да нағыз,

Байқасақ аз қалмапты одан аңыз.

Алаштың баласына аға болған,

Атыңнан айналайын, Шоған абыз! – деп жыр жолдарын төгілдірген ақын депутат көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Бұдан кейін Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз бен келіні Бақытгүл Айдарова, Стахан Белғожаев, Ызғарбек Бектұрсынов, Бексырға Данышпановтар сөз алып, құтты болсын айтты. Ақ жаулықты әжелер шашу шашты.

Шара соңында Шоған абыз бабаға ас беріліп, Құран бағышталды.

Болат МӘЖИТ,

Алматы қаласы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password