Алматы облысында «Ең үздік ауыл әкімі» анықталды

   Халқының бабын тауып, барын берген атқамінерлер, «Бесінші аймақ» тәуелсіз ақпараттық порталының нұсқасы бойынша, лайықты марапаттарына ие болды. Бүгін облыс орталығындағы «Журналистер үйінде» бұқараның базыналы мәселесінің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатып жүрген үздік әкімдер тұғырдан табылды.

Еңбегімен ер атанып жүрген әкімдер арасындағы аламан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде жүзеге асты. Ғаламторы ғаламат, желісі жүйрік қоғамда, басшылар арасындағы басты бәсекеде қатысушылардың әлеуметтік желідегі белсенділігі мен тұрғындардың сауалына жылдам жауап беруіне басым назар аударылды.
«Бесінші аймақ» ақпараттық сайтының директоры Анвар Алдашевтің айтуынша, дәл осы ауыл әкімдері мемлекет пен қоғамның коммуникациясында алдыңғы қатарда тұр. Қос тарап «тонның ішкі бауындай» болып біртұтас дамуы, ел дамуының негізгі тетігі болып табылады.
«Бүгін біз байқау жеңімпаздарын ғана емес, мемлекет саясатын ең жақсы түрде жүзеге асыратын табысты басқарушыларды да марапаттаймыз. Жалпы, сәуір айынан бастап дауыс беруге 250 мыңнан астам интернет желісін пайдаланушылар қатысты, бұл бүкіл облыс халқының 10% — дан астамын құрады», — деп бөлісті Анвар Алдашев.
Әлеуметтік желідегі дауыс беру нәтежиелері бойынша, елінің бағын жандыру арқылы өзіде бақытқа кенелген жандар жеңімпаздар қатарынан табылды. Атқарған жұмыстары ел көңілінен шыққан билік иелері бір дегенде бірнеше марапатты қанжығаларына байлады. Солардың бірі, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылдық округінің әкімі Қуат Ақшабаев. Ол «Үздік сумен жабдықтау әкімі», «Электрлендіру бойынша үздік әкім», «Халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі үздік әкім» деген үш бірдей аталымда топ жарды.
Ал, «Ауылдық елді мекенді жарықтандыру бойынша үздік әкім» және «Аудан тазалығы мен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша үздік әкім» номинациясының иесі Еңбекшіқазақ ауданының, Қаратүрік ауылдық округінің әкімі Айбек Ілебай атанды.
Сонымен қатар, «Алматы облысының үздік аудан әкімінің аппараты» номинациясында Көксу ауданы жеңіске жетті.
Саясаттың сұрмергендерінің арасында өтен сайыста, «Алматы облысының әлеуметтік желідегі үздік ауыл әкімі -2021» атағы мен 1-дәрежелі диплом Мәулен Базалиевқа бұйырды. Ол Көксу ауданы, Айнабұлақ ауылдық округінің әкімі қызметін атқарады.
Ендігіде, әкімдердің рейтингтері республикалық, облыс және ауданішілік болып бөлінетінін болады. Алдағы уақытта әрбір адам AKIMY.KZ жаңа мобильді қосымшасында ақ жағалылардың жұмысының сапасын бағалауға мүмкіндік алады.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password