Алматы облысында ардагерлерге құрмет көрсетілді

      Ел аумағындағы пандемиялық ахуалға байланысты дәстүрлі түрде өтетін шерулер тоқтатылды, бірақ Ұлы Отан соғысы ардагерлері назардан тыс қалмады. Жеңіс күні облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласының ардагерлерін арнайы құттықтады.
Біз — ардагерлерімізді ардақтайтын, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз, — деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Айшықты сөздің айқын дәлелі ретінде, аймақ басшысы 1941 жылы Кеңестік армия қатарына шақырылып, 796 атқыштар полкіне жіберілген Михаил Барановтың шаңырағына арнайы ат басын бұрды. Михаил Васильевич I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, жауынгерлік және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Амандық Баталов құттықтау сөзінде, Михаил Баранов Отанын қалтқысыз сүйіп, адал өмір сүрудің бірегей үлгісін көрсетіп, табандылығымен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргенін айтты.
«Жеңіс үшін үлкен рақмет! Еліміздің жас буынын тәрбиелеуге қосқан үлесіңіз ерен. Біз сізбен мақтанамыз және өзіңізге қарап бой түзейміз»,-дейді өңір басшысы.
Қарт майдангерге шипажайға жолдама мен азық-түлік толы себет сыйға тартылды. Артынша, әскери оркестр патриоттық әндер орындап, жиналғандардың жанарына еріксіз жас оралды.
Өз кезегінде Михаил Баранов облыс басшылығына көңіл бөліп келгендері үшін алғысын айтып, аспанымыз ашық болсын деп тілегін жеткізді.
«Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық. Биыл мереке күні өзгеше ахуалға тұспа-тұс келсе де майдангерлердің ешбірі елеусіз қалған жоқ»,- деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Олардың ерлігі ел есінде мәңгі қалады. Сондай майдангердің бірі, 18 жасында майданға аттанған ҰОС ардагері Қаңтарбай Сәрсенбайды облыс әкімі мерекемен құттықтады. Қаңтарбай Сәрсенбай поляк жерін жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылғы ұрыста қос қолынан ауыр жараланады. Ардагер бірінші және екінші «Отан соғысы» орденімен, басқада медальдармен марапатталған.
« Бүгінде еліміз өркендеп келеді, осының бәрі сіздердің арқаларыңыз. Болашағымыздың жарқын болуы жолындағы ерліктеріңізге тағзым етеміз.Жеңіс туының желбіреуі келешегіміздің кемел болуына кепіл болды. Бұл үшін қарыздармыз. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты атаулы күнді өз дәрежесінде дүбірлетіп өткізу мүмкін болмай тұр. Деседе, біз қарт майдангерлерді назардан тыс қалтырмаймыз»,-дейді Амандық Баталов.
Әскери оркестр бұл жолы да ардагердің үйінің ауласында шеру өткізді. Көршілері де куә болып, ардагерге деген алғысын жеткізіп, қошемет көрсетті.
«Бізді ұмытпай, құрмет көрсеткендеріңізге рақмет. Биыл тәуелсігімізге 30 жыл. Баршаңызды еліміздегі осы басты оқиғамен құттықтаймын.Әр қашан көгімізде бейбітшілік орнасын»,- деді ҰОС ардагері Қаңтарбай Сәрсенбай.
Айта кетейік, Алматы облысында Жеңістің 76 жылдығына орай ҰОС қатысушылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға 1 млн. теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді. Бүгінде Алматы облысында 41 ҰОС қатысушылар мен мүгедектер тұрады.Оның ішінде 24-і қатысушы, 17-і мүгедектер. Бұдан басқа, ҰОС жеңіске жетуге көмек көрсеткен 15 санаттағы тұлғаға бір реттік көмек көрсетілді.

15 санаттағы тұлғаларға жалпы сомасы 328,2 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам адам қамтылды.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password