Алматы облысында 13 мектептің құрылысы аяқталуға жақын

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған сәйкес, өңірде 5 мыңнан астам іс-шара өткізу қарастырылған. Бұл мақсатқа қазынадан 7 млрд 057 млн 578 мың теңге бөлініп, балалар жылы өткізу бойынша Штаб құрылды. Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова хабарлады.
Балалар жылы аясында Жетісу жерінде 13 мектептің құрылысы аяқталмақ, бұған бюджеттен 10 млрд 725 млн теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар, 1 млрд теңге сомасына қос бірдей колледж жатақханасын салу көзделіп, Алакөлдегі балаларға арналған сауықтыру лагерін қайта жаңартуға басымдылық берілуде. Жарқын болашақтың иелері – балалар үшін атқарылар игі істер мұнымен таусылмақ емес. Соның басты дәлелі, Еңбекшіқазақ ауданынан бой көтерген « Қамқорлық» орталығының есігін айқара ашуы.
Айжан Маманқызының айтуынша, аталмыш мекеме жыл соңына дейін 600 баланы қабылдамақ. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігіде назардан тыс қалмақ емес. Өңірдегі 95 білім ошағындағы бейнебақылау қондырғыларын модернизациялауға 237 млн теңге ақша бөлініп, 156 мектепке 242 млн теңгеге турникеттер орнатылады.
«Білімді ұрпақ-жарқын болашақ» дәл осы ойды басшылыққа алған облыстық білім басқармасы аймақтағы 308 261 жастың қосымша білім алуына және де 43 484 жасөспірімнің спорт мекемелерінде жаттығуына жағдай жасап отыр.
Рухани байлық адамның өмірлік азығы десек, бұл бағытқа да көп көңіл бөлінуде. Облыстағы білім беру ұйымдарының кітап қорын көркем әдебиетпен толықтыруға 123 799 млн теңгені қарастырғаны сөзімізге дәлел, өткен жылы бұл сома 115 млн теңгені құраған еді.
«Облыс бойынша ерекше білім беруді қажет ететін 15 600 бала бар, оның 5 548-нің мүмкіндігі шектеулі. Бүгінгі күні мүгедек балалардың денсаулығына уақытылы ем алуы үшін Нұр-Сұлтан қаласының «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығына» 58 бала жіберілді»,-деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығының аясында балалар үйінің 210 тәрбиеленушісіне 2 млн 523 мың теге көлемінде түрлі сыйлықтар табыс етілді.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password