АЛИМЕНТ ТӨЛЕУ МӘСЕЛЕСІ

       Конституцияның 27-бабында неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

        Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi делінген.

        Парызын орындауға міндетті көптеген азаматтар өз ұрпағының буынын бекітіп, бұғанасын қатайтып, иманды тәрбие беріп, егеменді елге қызмет жасайтын ұлтжанды ұрпақ өсірмек түгілі, балаларын бағыпқағуға қажетті қаражатпен қамтамасыз етуден қашып жүр.

       Бүгінгі күні мемлекеттік сот орындаушысының өндірісінде 38 баланы бағып-күтуге арналған алимент өндіру туралы 27 атқарушылық өндірістер бар.

       Алимент төлеу санының өсуіне негізгі себеп — ажырасудың көбеюі.

       Қоғамдағы осы күрделі мәселемен күресуге бір ғана мемлекеттік органның күші жетпейтінін уақыт дәлелдеді.

        Алға қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін еліміздің барлық облыс орталықтарында мүдделі мемлекеттік органдар қызметкерлерінің біріккен ведомствоаралық жұмысшы топтары құрылып, бірнеше қалалар мен аудандар таңдалып алынып, жұмысы мен қаражаты жоқ борышкерлер жұмысқа орналастырылып, ал алиментті төлеуден қашқандар жауаптылыққа тартылуда.

       Ұсынылған жұмыстардан бірнеше рет бастартқан борышкерлермен күрес қызу жүргізілуде, олардың алимент төлеуге шаралар қабылдамағаны үшін жауаптылықтары шешілуде.

        Сондай-ақ, алиментті толық орындауға мүмкіндігі болса да мардымсыз ақшалай соманы төлеген борышкерлердің де жауаптылығы шешілетін болады.

       Алиментті төлемеу үшін жалақысын, мүліктерін жасырып қалған, мүліктерін иеліктерінен шығарған, жұмыс орны және өзге кірістер туралы сот орындаушыларға ақпарат бермеген, ақшалай қаражатымен мүліктерін басқа да мақсаттарға пайдаланған борышкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.

        Алимент өндіру туралы сот актісін орындамағаны үшін өткен кезеңде 2 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

       Балалардың игілігі үшін жасалып жатқан игі бастамада прокуратура органдары тек үйлестіруші ролімен шектелмей, білек сыбанып, мүдделі органдармен күш біріктіріп, халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауда.

       Еліміздің барлық облыс, қала, аудан прокуратура қызметкерлері осы жобаны жүзеге асыру аясында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаулар жүргізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

       Борышкерлердің жұмысқа орналасуы, заман талабына сай әртүрлі мамандықтар алуы, алимент қарызын төлеудің басқа да тиімді жолдары жайлы мәселелерін шешіп, кеңес беруге прокуратура қызметкерлері әрдайым дайын.

        Неке мен отбасы, ана мен әке және баланы мемлекет қорғайды, ал бауыр еті балаларына қамқорлық жасап, оларды тәрбиелеу әрбір ата-ананың міндеті екенін терең түсінуі қажет.

Т. АБЕКОВ,

Райымбек ауданы прокуратурасының

аға прокуроры.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password