ҚАЛАУЫМЫЗ — ТЫНЫШТЫҚ, БЕЙБІТ ӨМІР

        Биылғы қаңтар айының басы күтпеген жағдайға душар етті. Рас, 4 қаңтар күні желіден Жаңаөзен қаласы тұрғындарының сұйытылған көгілдір отын бағасын төмендету туралы орынды талап қойып, бейбіт шеруғе шыққанын көріп қалдық. Бұл шерудің соңы Алматы қаласындағы, көптеген облыс орталықтарындағы тәртіпсіздіктерге ұласты. Халықтың бейбіт шеруін ел ішінде жүрген содырлар мен лаңкестер пайдаланып, мемлекет қарамағындағы ғимараттар, көліктер өртеліп, қиратылды. Көптеген сауда орындары зардап шекті. Ел басына түскен сын сағатта мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл іс-шараларын қолына алып, күні-түні жүргізіп, жағдайды назарынан шығармай бақылап отырды. Жүрегі жұмсақ, тілеуі ақ, жаны ізгі анамызғой, жанымызды шүберекке түйіп жағдайдың тұрақталғанын тіледік. Интернет өшіріліп, желіден де ештеңе біле алмай дел-сал болдық. «Хабар», «Хабар – 24», «Қазақстан» арналарынан үздіксіз беріліп жатқан хабарларды көріп отырдық. Қираған, өртенген, беймезгіл қаза тапқан жандар туралы хабарларды көріп жүрегіміз ауырды. Жанымызды қоярға жер таппағандай күй кештік. Шын мәнінде, Тәуелсіздігімізді аяқ асты етуге, мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған сойқанды әрекет орын алды. Біз шалғайдағы Нарынқол ауылының, таулы өңірдің тұрғындары мемлекет басшысының қолына алған шұғыл шараларын көріп, жанымызды жұбандырып, жағдай неғұрлым тезірек тұрақталса екен, лаңкестер ауыздықталса екен деп тілей бердік. Бір апта аумағында республика көлемін- дегі жағдай тұрақталып, көңіліміз орнына түскендей болды. Қарапайым халықтың аңсайтыны, қалайтыны – тыныштық, бейбіт өмір, алаңсыз еңбек, шат тірлік. Егер ол бұзылып кетсе, қандай боларын сол бір қасіретті қаңтар күндері дәлелдеп берді.

       Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет»,- деп атап айтты. Мемлекетіміздің басшысы сын сағатта халқымызға Үндеуін жариялады. Беймезгіл қаза тапқандарды аза тұту күні болып өтті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналар мемлекет басшысының әр ісін, әр қадамын қолдап отырды. Елімізде тыныштық орнауын тілей берді. Сол үмітіміз ақталғандай көңіліміз тыншығандай күнге де жеттік. Жүрегімізді жарып шыққан балапандарымыз, өсірген ұрпағымыз сыртта жүрген соң жанымызды қоярға жер таппай, амандығын тілеумен болдық. Мемлекетіміздің басшысы айтқандай, мұндай оқиға, орны толмас қасірет енді қайта болмасын, жауқазын ғұмырлар беймезгіл солмасын, кеудемізге қайғы толмасын!

       Атамыз қазақта «Ырыс қайда барасың десе, ынтымақты елге бара- мын»,-деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде, ырыс та, құт пен береке де, мереке де ынтымағы жарасым тапқан елге қонады. Бақыт пен береке — бірлігі мен тірлігі жарасқан жерге дариды. Бірлігі бекем елге әрдайым құт қонады. Біз осыны естен шығармасақ, әрбір атар таңдарымыз арайлы, күндеріміз көркем, кештеріміз ғажайып, түндеріміз жайлы болады. Халықтың, ел мен жұрттың бірлігі, қоғамның тұтастығы – тәуелсіздігіміздің мызғымас кепілі, мемлекетіміздің баянды болашағы, кемел келешегі. Кеудесі алтын сандық қариялар, ақ жаулықты асыл аналар, әр шаңырақтың отағасы мен отаналары күнге қарай бойын түзеп өсіп келе жатқан балаларымызға туып-өскен бір ғана қымбатты Отанымызға деген адалдық, сүйіспеншілік, перзенттік парыз бен қарыз, туған тіл, туған ел, туған жерге деген мейір мен пейіл, құрмет туралы айтқан сайын айта беруіміз керек. Қасіретті қаңтар оқиғасы тұсында халықтың шеруіне аса мән бермей қосылып кетіп, жанбай жатып сөнген, қанаттары күйген жастарды көріп жанымыз ауырды. Отан деген қастерлі ұғым шын мәнінде әр отбасынан басталатынын ойласақ, жастардың тәрбиесінде кеткен олқылықтарымыз да көрініс беріп жатады. Қасіретті қаңтар – баршамызға сабақ болуы керек. Үйің өртеніп, қабырғасы күйреп, шаңырағы ортасына түсіп жатса, қайтер едің, қандай күйде болар едің?! Біз Алматы қаласындағы сондай жағдайларды көріп қабырғамыз қайысып кетті. Ару Алматы, әсем Алматы бір күннің ішінде бұрынғы ажарынан ажырап қалғандай болды. Беймезгіл гүлдей солып оққа ұшқан, қаза тапқан жандар – ұлтымыздың ауыр қасіреті. Жанға түскен жарасы. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, баршамыз болып, ел-жұртымыз болып Жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етейік! Ақыл-ойымызды, парасатымызды, іс-тәжірибемізді жұмсайық! Бар қиындықты бір тілек, бір жүрек, жұдырықтай жұмылған білек арқылы жеңіп шығуға болады.

Балжан ОМАРОВА,

аудандық аналар кеңесінің төрайымы,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

Ы. Алтынсарин атындағы медальдың иегері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password