АЛҒЫС АЙТАМЫН!

        Кез келген адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақандарының жылуын сезінеді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына — дауа, тәніне — шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалайтын ақ желеңді абзал жандар.

       Мен өз кезегімде адам жанының арашашысы болып жүрген аудандық аурухананың ақ халатты абзал жандарына алғысымды жеткізіп, ықыласымды білдіргім келеді. Екінші перзентімді өмірге әкелер сәтте қатты қиналып, аудандық ауруханаға түстім. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып, дәрменсіз қалған шағымда өзім мен перзентіме жаңа өмір сыйлаған жандарды ешқашан ұмытпаймын. 2020 жылдың 20 қазанында өмірге шекесі торсықтай ұлды аман есен әкеліп, екінші мәрте ана атануыма себепкер жандардың жақсылығын жазбау маған сын. Перзентхана бөлімінің гинеколог дәрігерлері Назгүл Айтақынқызы, Балауса Ниязбекқызы, акушер дәрігерлер Ұлдаш Байғожаева, Анар Рахметова, балалар медбикесі Бақыт Тұрарбекова, кіші мед қызметкер Тұражан Абдимакимова сынды қиналғанда қол ұшын берген аяулы жандардың ерен еңбектеріне, дер кезінде көрсеткен көмектеріне зор алғыс білдіремін.

       Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артуда. Себебі, жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен күнге үдеп, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің еңбегі орасан зор екені ақиқат.

       Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, шаңырақтарына шадыман шаттық, баянды бақыт тілеймін!

Ботагөз БАЙЖАНҚЫЗЫ,

Қақпақ ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password