ҚАЙШЫБҰЛАҚТА ТУҒАН ҚАЛАМГЕР Қазақ журналистикасының қайраткері, ақын Иемберді ТАСТАНОВ жайлы әңгіме

    Сөз басы Қаламдас, әрі ақылшы аға туралы әңгімені қаламыма осыдан екі ай бұрын арқау етуім керек еді. Салғырттық па, болмаса жар бермеген жалқаулық па, ойда жүрген істі мерзімінен кешігіп барып қолға алып жатқан жайым бар. Бұл кемшілігіме ағам түсіністікпен, кешіріммен қарайтын шығар деген ойдамын. Мақтағанды онша жаны қаламайтын абзал ағам өзі құлшыныс танытпаса да «Еш те болса, кеш жақсы» деген ниетпен 70 жасқа толған айрықша сәтінде өзіме өнеге тұтар өрнекті өмірі мен қарым-қабілеті жайлы шынайы ықылас – пейілімді ақ қағаздың бетінде көсілтіп бір көргім келді.
ЖАҚСЫДА ЖАТТЫҚ ЖОҚ
Диірменнің тасындай дөңгеленген уақыт шіркінде тоқтау болсашы! Күні кеше ғана сияқты еді. Иемберді ағамның 60-қа толған қуанышына ортақтастығымды білдіріп, көлемі көп-көрім мақала жазғаным. Өзім куә болған журналистік өмірін қаламыма арқау, сөзіме тұздық жасағаным. Содан бері де аттай желіп 10 жыл өте шығыпты. Жаңа жылға санаулы күн қалғанда өзі телефон шалып, 70 жасқа толып отырғанынан хабардар еткенде барып, осыншама уақыттың көзді ашып-жұмғанша өте шыққанына таңқалдым. Қуанышымен құттықтап, ізгі тілегімді білдірдім.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. Ақын болуды армандап, қолыма қалам алдым. Бәлдір-батпақ жазған дүниелерімді аудандық «Советтік ше- кара» газетіне апта құрғатпай жіберіп, күн аралатып келетін басылымды асыға күтемін. Төрт парақ газеттің ішкі-сыртқы бетін түгел ақтарып, әрбір мақаланы бір сөзін қалдырмай оқып шығамын. Танымал ақындардың өлеңдеріне есім кете үңілемін. Соншама сөзді қайдан тауып, қалай құрастырып жазатынына, өлеңді қалай ұйқастыратынына қайран қаламын. Таңданамын, қызығамын. Солардай болсам деген арман бұрынғыдан да асқақтай түседі. Күндердің күнінде газет бетінде Иемберді Тастанов деген жаңа есім пайда болды. Газеттің қай бетін ашсам да осы есім мен мұндалап, көзге ұрып тұрады. Және жылы ұшырап, өзіне тарта береді. Мақалалары мәйекті, өлеңдері де өрнекті. Қаламынан туған дүниелердің қай-қайсысына көз жүгіртсеңіз де жадағайлығы жоқ, көлгірсу, көпірмеліктен ада, өзгеше үрдіс, тың серпін, заман талабымен заңдасып, уақыт үнімен үндескен жаңашылдық айқын аңғарылады. Көп ұзамай талантымен тамсандырып жүрген ағаммен бетпе-бет жолығысудың да сәті түсті.
Қаламымнан туған тың туындымды қолтықтап өзім асқартауға балайтын қасиетті шаңырақтың есігін аштым. Бұрын да келіп жүрген үйреншікті мекен. Көз таныс болып қалған ағаларым саламымды жылы қабылдап, хал-жағдайымды сұрастырып жатыр. Солардың арасында бұрын кезіктірмеген, айналасындағылардан жастау, орта бойлы, мығым денелі, жүріс-тұрысы ширақ қара торы жігіт жылы ұшырай берді. Жаттығы, мамандығын мақтан тұтып мардымсуы жоқ жұмсақ мінезі көптен білетін сыралғы жандай-ақ, бірден баурап алды. Бұл – аудандық газетке келгеніне 2-3 айдың ғана жүзі болған, өзім қаламгерлігіне тәнті болып жүрген – Иемберді Тастановтың дәл өзі екен. Бұрыннан етене араласып жүрген жандай-ақ, бірден әңгімеге тартып, не істеп, не қойып жүргенім жайлы қағыстырып сұрай жөнелді. Жағдайыма қанығып барып, журналистік мамандықтың қыр-сыры жайлы, газеттің жай-жапсары, мамандықты меңгеру үшін көп оқып, көп ізденудің қажеттігі жайлы ойын айтып, ақыл-кеңесін беріп жатыр. Ол кезде одақ көлемінде ауылшаруашылығы дүркіреп тұрған кез. Аудандық партия комитетінің органы саналатын аудандық газеттің көтеретін жүгі, арқау ететін мәселесі де осы сала төңірегінде болып келетін. Иемберді ағам осы бөлімде істейді екен. Жазып әкелген өлеңдеріме көз жүгіртіп шықты. Шамасы көңіліне онша қона қоймаса керек, өлеңнен гөрі аудандық газетке мақала көбірек қажет екенін түсіндірді. Осы салаға машықтануым жөнінде және жазған мақалаларымды ат сабылтып әуреге түспей-ақ, пошта арқылы тікелей өзінің атына жіберіп тұруымды ескертті. Осыған дейін жазғандарына тәнті болып жүрген журналист ағаммен осылайша танысып, келген жағыма арқаланып қайтқаным күні бүгінгідей көз алдымда. Күндердің күнінде «Советтік шекараның» дәмі тартып, газеттің «арбасын» мүйізі қарағайдай ақын-журналист ағаларыммен бірге сүйресу бақытына ие болдым. Иеш ағаммен арамыз бұрынғыдан да жақындап, бірге туған бауырлардай араласып кеттік. «Жақсыда жаттық жоқ» деген осындайда айтылатын шығар, бәлкім!
БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ БЕЛ-БЕЛЕСТЕРІ
Нарынқолдың шығысында екі мемлекеттің аражігін ажыратып тұрған шекара бар. Сол шекарадан өтіп, тауға қарай бет бұрған адам үлкен аңғарды бірден байқайтыны анық. Ортасын арқыраған тау өзені бөліп жатқан бұл аңғарды Нарынқолдың тұрғындары «Қайшыбұлақ» деп атайды. Иемберді аға, міне, осы «Қайшыбұлақта» 1952 жылы қаңтардың екінші жаңасында қарапайым ғана отбасында өмір есігін ашыпты. Отбасы қарапайым болса да бұл үйдің отағасы оңай аспаптағы адам емес көрінеді. 1895 жылы осы өңірде туған Сасықбай Тастанов дүние астаң-кестең болған 1916 жылы тағдырдың жазуымен Нарынқолдан Ташкентке кетіпті. Патшалық Россияның астанасы Петербургте болып, әйгілі қазан төңкерісін көзімен көрген куәләрдің бірі екен. Ленин сынды пролетариат көсемін, жалынды революционер Фрунзені көріп, сөздерін тыңдаған. Буденныйдың атты әскері қатарында азамат соғысына, Тұрар Рысқұловпен бірге «Түріксібті» салуға қатысыпты. Туған еліне оралған соң, Қызылорда жақтың Шәлипа атты қызымен шаңырақ құрып, ерлі-зайыпты екеуі Нарынқолдағы колхоздастыру жұмысына білек сыбана араласқан. Ұлы Отан соғысы кезінде туған інісі Асықбай қан майданға аттанса, бұл Украинаға Кузбастағы еңбек майданына алынып, көмір өндірудің машақатын бастан өткеріпті. Көмірдің ысы өкпесін қауып, денсаулығы сыр бере бастаған шақта «өлсе де еліне барып өлсін» деді ме екен, шахта әкімшілігі мұны мерзімінен бұрын босатып жіберіпті. Нарынқолға, үйіне өлімші болып оралған Сасықбайды сол кезде бұлармен көрші тұратын, тонның ішкі бауындай араласып кеткен орыстар күн сайын ертеңгісін ашқарынға бір стақан таза керосин ішкізіп жүріп, ажал құрса- уынан аман алып қалған екен. Аурудан құлан-таза айыққан отағасы бұдан кейін колхоздың бір отар қойын бағып, қалған ғұмырын осы «Қайшыбұлақ» аңғарында өткізіпті. Бұл жайттың бәрін Иемберді аға екеуара әңгімемізде майын тамыза айтқаны бар. Осыдан үш жыл бұрын жарық көрген «Ескі қыстау» атты жыр жинағын оқып шығып, балалық шағының бел-белестерінен тағы біраз мағұлмат алғаным бар. Соғыстан кейінгі қиын кезең, колхоздардың мүшкіл халі, мүшелерінің ауыр тұрмысы, адамдардың пейілі мен мейірі сол тұстағы баланың ойында тайға таңба басқандай сақталыпты. Қыстаудағы аңғал-саңғал қойшы үйлері, айғайға аттан қоса келетін белсенділер, қойды бір шетінен бағып, бір шетінен үйлерін бүтіндеп жүрген қойшылардың күйбең тірлігі. Азық-түліктің жетіспеушілігі, тауға шыққан аңшылардың қанжығалары майлы болса да бұлардың үйлерінің тұсынан өтіп бара жатып, олжа тастауға жарамаған сараң тірлігі, Тәңірдің тартқан сыйындай ойда-жоқта қораларына кіріп кеткен бұғының шиеттей бала-шағаға азық болғаны, есік алдында ойнап отырған мұны әкесінің туған ағасы Кенепбай атасы алдына мінгестіріп, Нарынқолға алып кететіні, әке-шешесіне іздеттіріп қоятыны күні бүгінгідей есінде. Бір жылдары бұларға Бердібек Соқпақбаевтың әкесі Ыдырыс қоңсы отырыпты. Күндердің күні түн жарымында сиыр мөңіреп, қой маңырап, ит ұлып, қыстау азан-қазан, у-шу болып кетеді. Сөйтсе, Ыдырыстың иті құтырған екен. Ертесі ауылдан қару- лы адамдар келіп, құтырған ит қапқан малды да, иттерді де ата бастапты. Сонда бұлардың қойға ес болып жүрген екі иті арқыраған өзеннен жүзіп өтіп Қытайға қашып кетіпті. «Не деген ақылды иттер еді», деп сүйінішін білдіре қаламына арқау етіпті Иеш аға. Нарынқолдағы сегізжылдық мектептің есігін алғаш аттағаны, мектептегі оқушылық өмір, жай көптің бірі емес, алдыңғы қатарлы оқушылардың қатарынан көрініп жүргені, Байынқолдың жағасында өткізген балалық шақтың базарлы күндері, қызық қуған бозбалалық сапқының тасындай зуылдап өте шығыпты.
Бал күндер өткен – ертегі,
Сырларын бүгін шертеді.
Қамығып жүрген көңілді,
Тәтті оймен баурап, елітеді.
Аңсатты-ау, бүгін қылығың,
Жанымның баурап тынымын.
Сарғайып кеттің қайтейін,- деп балалық шақтың белбелестерін өлеңмен өріп, осылайша еске алатын еді қаламгер аға. Колхоздың таңды түнге, түнді таңға жалғап, өмірі бітпейтін жұмысынан бір сәтте қалыс қалып көрмеген Сасықбай мен Шәлипа өздері қиындық көрсе де бала тәрбиесіне аса мән берді. Өздері көрмеген қызықты балалары көрсін, оқысын, алдыңғы қатарлы азаматтар болып қалыптассын деп, қолдарынан келген жақсылықтың бәрін осылардың алдына тосты. Үлкен үміт күтті. Балаларының еліне, жеріне, Отанына адал қызмет ететін азаматтар болуын тіледі. Адами құндылық атты ұлағатты ұғымды бойларына барынша сіңіруге тырысты. Сол бір асқартау әкенің қаны мен асыл ананың ақ сүті арқылы берілген тәрбиелері зая кеткен жоқ. Оның айқын дәлеліне бүгінде жетелі жетпіс жастың есігін ашып отырған Иемберді ағаның осы ғұмырына дейінгі елі мен жері үшін атқарған адал қызметі, өңірдің дамуына қарымды қаламы, білімі мен білігі арқылы қосқан үлесін таразылаған әркім-ақ көз жеткізері анық.
ТОРҒАЙДАН ТАРТҚАН СҮРЛЕУЛЕР
Нарынқол орта мектебінен қанаттанған бозбала Отан алдындағы әскери борышын Моңғолия жерінде өтеді. Әскерден оралған соң, мектеп қабырғасынан қалаған мамандығы — журналист болуға бір жола бет бұрып, С.М. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетіне құжаттарын тапсырды. Жолы болып қазақтың қара шаңырағы атанған оқу орнының студенті атанды. Университет қабырғасында атағы жер жарған ғалымдардың алдынан дәріс алды. Қаламгерлік мамандықтың қыр-сырына терең үңіліп, барынша ұғынуға, жан-жақты меңгеруге тырысты. Жасынан өлеңге жаны құмар жас жігіттің қаламы осы бір қызыл тілдің майын тамызатын ортада ұштала түсті. Алматыда не көп. Баспасөз редакциясы көп. Сабақтан қолы қалт еткен шақтарда сол редакцияларға барып, журналист-ақын ағаларының жазу үлгісіне, журналистік шеберліктеріне ден қойды. Солардың ақыл-кеңесін санасына сіңірді. Жазған мақалаларын солардың сүзгісінен өткізді. Бес жыл мерзім ішінде бір жағы оқып, екінші жағынан тәжірибесін де жетілдіріп, жөні де, жолы да бөлек мамандықты меңгеріп шықты. Қолына дипломы тигенмен жас маманның алғашқы еңбек жолы туған өлкесінен емес, бір қиырдағы Торғай облысынан бұйырды. Ол кезде оқу орны қай жаққа жолдама береді, сонда барып жұмыс істеу айнымас міндет саналатын. Аталған облыстың Қима ауданындағы «Дала таңы» газетінде екі жылға жуық қызмет етіп, оқу орнынан алған білімін осы жерде одан әрі жетілдірді. Еңбекқорлығы, ізденісі, тиянақтылығы, мамандығына деген сүйіспеншілігі ортасына оңды көзқарас қалыптастырды. Газеттегі журналистік өнердің жілігін шағып, майын ішкен қарымды қаламгерлерден үйренген тәжірибесі шеберлігін шыңдауына кеңінен жол ашты.
Иемберді ағаның Торғайдан басталған сүрлеу соқпағы бұдан кейін туған жерінде жалғасты. Аудандық «Советтік шекара» газетінде аға тілші болып қызмет істеген кездері журналистің нағыз толысқан кезеңдері еді. Сол шақта ол кісі маған газеттің негізгі жүгін көтеретін санаулы мамандардың бірі ретінде көрінетін. Қолынан қаламы түспей жан алып, жан беріскен газет жұмысымен апы кіріп, күпі шығып жүретіні есімде. Ауылшаруашылығы саласы қоғамда қандай маңызға ие болса, газеттің ауылшаруашылығы бөлімі де сондай болатын. Жұмыстың ең көбі де, газеттің көлемі де осы бөлімнің еншісінде еді. Журналистердің дайындаған материалдары да, жер-жерлерден келетін мақала, хабарлар да ауылшаруашылығы бөлімінің жұмырына жұқ болмайтын. Сондықтан журналистер бұл бөлімді «комбайн» деп әзілдеуші еді. Көктемгі егін-тегін, мал төлдету, жүн қырқу, су шаруашылығы, күзгі жиын-терін, мал қыстату, техниканы келесі жылғы дала жұмысына әзірлеу сияқты науқандық жұмыстар газеттің көтеретін жүгі еді. Міне, осылардың қай-қайсысы болсын Тастановтың қаламынан тысқары қалмайтын. Және сыпырып салма емес, ғылыми дәлелдерді араластыра отырып жазылатын. Жазу барысында көбінесе ауылшаруашылығына арналған қалыңдығы кірпіштей кітапқа сүйенуші еді. Кемшін тұстар, шешімін күткен өзекті мәселелер де Иекеңнің ұшқыр қаламы арқылы сынға ұшырап жататын. Және газет бетіне шыққан сын материал атсыз аяқсыз қалмай, аудандық партия комитетінің бюросында қаралатын. Сондықтан барлық шаруашылық басшылары мен мамандары журналистпен еріксіз санасып, алдында құрақ ұшып тұрушы еді. Тіпті, кейбіреулері оны журналист емес, газетке кездейсоқ келген ауылшаруашылығы маманы деп жүргендеріне де куә болдық. Бұл — Тастановтың талмай ізденіп, ерінбей еңбектенгенінің нәтижесі екенін айналасындағылар да, былайғы оқырмандар да жете сезінетін. Сөйтіп, Торғайдан тартқан сүрлеулер осылайша туған жерінде өрісін кеңейткен-ді.
                                          СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕГЕН…
Иемберді ағаның редакциядағы тілшілік қызметі бұдан кейін аудандық «Білім қоғамында» жалғасты. Жоғары білімді, іскерлік қабілеті мол адам аудандық партия комитетіне қажет екен. Таңдау Тастановқа түсіпті. Сөйтіп, қаламгерлікпен қоштасуына тура келді. Жазу-сызуда тәжірибесі жеткілікті қағылез жігіт жаңа жұмыс орнында да қамшы салдырған жоқ. Қандай жұмыс тапсырылмасын жауапкершілікпен атқарды. Тындырымдылығы, табандылығы, таланты жаңа ортада да әріптестеріне өте жақсы пікір қалыптастырды. Атына ыстық ықылас, жылы лебіздер айтылып, абыройға бөленді. Атқарып жүрген жұмысының қыр-сыры мол, жауапкершілігі салмақты болса да Алланың сыйындай қаламын қолынан тастаған жоқ. Айналадағы тынымсыз тыныс-тіршілікке, боямасыз болмысқа немқұрайлылық танытпай, ет — жүрегімен қабылдап, ақ қағазға орамды ой, кестелі тілмен арқау етті. Өңірімізден шыққан тума таланттар жайлы қалам тербеп, оларды халықтың етене тануына себепкер болды. Туған жері, атамекенін жантәнімен сүйді. Қоғамның дамуына еселі еңбегімен үлес қосқан аяулы жандарға, елі мен жерінің гүлденуі жолында тер төгіп жүрген замандастарына деген ізеті мен сүйіспеншілігін тебіреніске толы өлеңмен өрнектеді. Бірақ, қаламын қалай сілтесе де шындықтан, ақиқаттан, турашылдықтан ауытқыған жоқ. Бұған Иембердінің «Ескі қыстауын» оқыған жан анық көз жеткізеді. Қаламына арқау болған дүниелер кейде республикалық байқауларға қатысып, олжалы болғаны да бар. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген республикалық мүшәйрада жүлделі орынды жеңіп алып, аудан мерейін өсіргенін мақтанышпен айтуға болады.
Иемберді аға екі аудан қосылып, орталық Кегенге көшкенде жұмысын сол жерде жалғастырды. Аудан әкімдігінде, «!шкі саясат» мемлекеттік мекемесінде жауапты жұмыстар атқарды. Кейіннен осы мекеменің басшылық қызметін қолына алды. Сенімге селкеу түсірген жоқ. Халыққа қызмет – абыройлы міндет деп білді. Жоғары басшылық тарапынан марапаттарға ие болды. Алғыс арқалады. Ел Тәуелсіздігінің 20-25 жылдығы мерекелік медальдары өңірінде жарқырады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері атанды.
Иемберді ағаның тағы бір ерекше қасиеті — спортшылығы. 1990-91 жылдары баспасөз күні мерекесін екі жыл қатарынан Жамбыл ауданының Фабричный ауылында өткіздік. Облыстағы аудандық газеттің қызметкерлері бас қосқан осынау мерейлі мерекеде спорттың әр түрінен аудандық газеттер арасында жарыстар өткізілді. Осы айтулы шарада Иекең өзінің нағыз спортшы екенін танытып, аудан намысын қорғағаны бар. Шахматта да қаражаяу емес. Бұл тұрғыда ақын ағасы Еркін Ібітановпен бәсекеге түсіп, шеберлік байқасатын. Балық аулауға да ағасымен бірге баратын. Осылайша, Ерекеңмен спортта да, шығармашылықта да сыйластығы жарасты. Ішкі саясат бөлімін басқарып жүргенде жастар форумының алғаш рет Кегенде өтуіне мұрындық болып, ұтымды ұйымдастырылуына күш салды. Кейін бұл шара қолдауға ие болып, облыс пен республикада жалғасын тапты.
Араға ширек ғасыр салып барып Иемберді ағамен «Хантәңірі» газетінде қайта қауыштық. Ол кісі бас редактордың орынбасары, мен бөлім меңгерушісі болып, аудандағы жалғыз ақпарат құралының пұшпағын қатар илестік. Сол баяғы сызат түспеген сыйластық, қылау түспеген қимастық арақатынасымызды бұрынғыдан да жақындастыра түсті. Ақылшы аға, ізетті іні болып ортақ істе бір арнадан табылуға мүдделілік таныттық. Қашанда маған деген ағалық қамқорлығынан айнымаған абзал ағамның тағы бір жанашырлығына тәнті болдым. Осыған дейін жазғандарыма оңды көзқарас танытып келген ағам мені аудандық газеттің бас редакторлығына ұсынып, аудан әкімінің орынбасарына ойын жеткізген екен. Лауазымды басшы қабылдауына шақырып, ағамның ұсынысын айтты. Және өзінің де бұл ұсынысты қолдайтынын білдірді. Бірақ мен бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарттым. Өйткені, қаламгерлік қабілетімді әлі де ұштай түсуім қажет еді. Бұл ісіме ағамның әжептәуір ренжігені бар. Мұндай қамқор көңілді жақыныңнан да табудың өзі қиын-ау! Сондықтан мен қарымды қаламгер, қамқоршы ағама деген ықылас пейілімді ешқашан суытпақ емеспін.
                   ТҮЙІН
Шығармашылық жолда да, былайғы қарапайым өмірде де сыйластығымыз жарасқан Иемберді ағам бүгінде 70 жасқа толыпты. Осынау өмір өткелінде жанына тек қана адалдықты, адамгершілікті, еңбекқорлықты серік етіпті. Адами құндылық атты ұлағатты ұғымға сызат түсіріп, шіркеу келтірмепті. Биғайдай қосағымен қоса ағарып, Ұландай саналы да тәрбиелі ұрпақ сүйіпті. Осының бәрі де Иемберді ағаның көңілін қуаныш боп кернейді бүгінде. Құрметті Иемберді аға! Толып отырған 70 жасыңыз құтты болсын! Денсаулығыңыз зор, өміріңіз ұзақ болып, қарымды қаламыңызбен халқыңыздың ықыласына бөлене беріңіз. Асыл жарыңыз, өмірлік қосағыңыз Биғай жеңгей екеулеріңіздің ұстасқан қолдарыңыз жазылмай, ұрпағыңыз Ұланның қызығын көре беріңіздер! Арман-мақсат жолында әлі де тер төгіп, ғибратты ғұмырыңызды алға қарай жалғастыра беріңіз, аяулы аға, Қайшыбұлақта туған қаламгер!
Зор ықыласпен: қаламдас ініңіз
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password