ҚАЙСАР МІНЕЗДІ ЕҢБЕКҚОР АНА

           ЛӘЗЗАТ ҚАЙСАРҚЫЗЫ ТУРАЛЫ

        Таулары көкпен таласқан, шыңдары бұлттан әрі асқан өлкенің қасиетті топырағынан алысжақын шетелге, елімізге танымал тұлғалар аз шыққан жоқ. Қастерлі жердің суын ішіп, ауасымен тыныстап өскен қыздарының да осалы аз. Біз сөз еткелі отырған Ләззат Қайсарқызы республикамыздағы кәсіпкерлікпен айналысатын қыз-келіншектердің көш басынан көрініп жүргендердің бірі десек, қателеспейміз. Ләззат – Хантәңірі шыңының баурайындағы Текес ауылының бір перзенті. Даласының әсем гүлін теріп, бар жақсы дүниесін құшағына жинап өскен жан. Әкесі Қайсар, анасы Панаргүл де бекер адам болған жоқ. Әкесі өз тұсындағы Нарынқол ауданында шаруашылық басқарған бірегей азамат болса, анасы «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының негізін қалаған іскер ана болды. Ата-анасынан қайсарлық, табандылық, еңбекқорлық секілді жақсы қасиеттерін дарытқан Ләззат та Жетісу өлкесіне, республикамызға танымал болған кәсіпкер ана.

       Ләззат Қайсарқызы Текес ауылындағы қазіргі Қ. Шорманов атындағы орта мектептің бір түлегі. Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Ізденіміпаз, еңбекқор, білімді, тындырымды қыз «Гипрохиммаш» жобалау институтында есепші болып еңбек жолын бастады. Көп ұзамай Алматы тұрғын үй құрылыс тресінде мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды. Алматы қаласында көптеген тұрғын үйлер салып, ел алғысына бөленген 350 адамдық іргелі ұжымда үлкен өмір мектебінен өткен Ләззат қайда жүрсе де іскерлігімен танылды. Табанды еңбегі, тиянақты ісімен көп сеніміне бөленді. Жасқа тән қажыры мен қайратын, білімі мен білігін көрсете жүрді. Ата-анасынан дарыған ұйымдастырушылық қабілеті де ұжымның игілігін құрауға, бірлігі мен берекесін жарастыруға жетіп жатты. Он жылға тарта уақыт Алматы қалалық әкімшілігінің тұрғын үйлерді тіркеу және бөлу басқармасында бас инспектор болып жемісті еңбек етті. Соңғы жиырма жылдық мәнді де мағыналы ғұмыры туған ауданындағы «Ойқарағай» көмір кенішіне қарайтын «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясымен біте қайнасып келеді десек, артық айтпаймыз. 2001 жылы аталған компанияның вице-президенті болып тағайындалса, 2006 жылдан бері қарай «Бүркіт» ОЭК ЖШС-нің басшысы болып абыройлы жұмыс істеп келеді.

       Ләззат Қайсарқызы республикамыздағы екі жүзге тарта көмір кеніші орындарының бірін басқарып жүрген бірден-бір кәсіпкер ана, еңбекқор нәзік жан. Кішкентай кезінен қайсар мінезді, өз ісіне сондайлық ұқыпты, іздене, еңбектене, орнымен талап қоя білетін ол жердің тереңінен ашық әдіспен көмір өндірудің бар қиындығын, ауыртпалығын көтеріп келеді. Ләззат Қайсарқызы басқаратын көмір кеніші «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Қарағанды филиалы берген Б маркалы (3Б топты) қоңыр көмірдің сертификатына ие. Ойқарағайдың көмірін Райымбек, Кеген аудандарының тұрғындары, әлеуметтік орындары, мектептер мен дәрігерлік шаңырақтар, мәдениет үйлері пайдаланып келеді. Соңғы жылдары Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының ел-жұрты да пайдалана бастады. Республиканың аумағынан, Шымкент, Сарыағаштан, тіпті Өзбекстаннан тапсырыс түсіп, көмір сатып алуда. Тамызықты көп қажет етпейтін, шоқтанып жататын, жылуы мол көмір ширек ғасырдан астам уақыт бойы тұрғын үйлердің берекесін кіргізіп, игіліктерін асырып келеді. «Ойқарағай» көмір кенішінің қиындығы сол жеті қат жердің астындағы көмірді алақанға салғандай етіп өндіру оңай шаруа, оңай шағылатын жаңғақ емес. Таза көмірдің қабаты 9-10 метрді құраса, көмірдің үстіңгі қабаты 50-57 метрге дейін жетеді. «Ойқарағай» көмір кенішіндегі еңбек ұжымы әр жылдың сәуір айынан қараша айына дейін көмірдің үстіңгі қабатын аршумен айналысады. Бұл мақсатта жыл сайын еліміздің Жаңатас, Кентау, Жетіқара, Қарағанды қалаларынан «БелАЗ» маркалы ауыр жүк көліктері, жүргізушілерімен көмекке шақырылады. Осылайша әрбір қатал қысқа қажетті көмір қоры дайындалады. Аталған көмір кенішінен соңғы жылдар ауқымында 30 мың тоннаға дейін қоңыр көмір тұтынылған. Көмір кенішінде еңбек ететіндерге барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдермен, жайлы жатын орнымен, асханамен, моншамен қамтылған. Жоғары еңбекақы төленеді. Кен орнының техникалық жабдықтары, өнеркәсіптік базасы барлығы белгіленген стандарттарға сәйкес. Қытай, Корея, Жапонияның озық техникаларымен қамтамасыз етілген.

       Аспантаулар өлкесіндегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды жылытумен, сапалы көмір отынымен қамтамасыз етумен айналысып келе жатқан Ләззат Қайсарқызы басқаратын кен орны өңірдің түрлі іс-шараларына қатысып, демеушілік көрсетіп отырады. Қос аудандағы аз қамтылған отбасыларына, тыл ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін көмір беріліп келеді. Ләззаттай іскер ана, жетелі жетекші ардагер геологтар мен жас геологтарға, ОФ «Мир капельки любви» атты жетімдер үйіне, қайырымдылық қорларына, жалпы көмекке мұқтаж жандарға қаржылай қолдауын көрсетіп жүр. Жыл он екі айға созылатын ерен еңбек, төгілетін тер құры алақан емес. «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы «Сауда үздігі-2016» атты республикалық байқауда «Ең үздік көтерме сауда кәсіпорны» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

        Республикамыздағы көмір өндіру ісімен айналысатын кен орындарының бірін басқаратын, еліміздегі кәсіпкерлікпен шұғылданатын қыз-келіншектердің көшін бастаушыларының бірі саналатын Ботабекова Ләззат Қайсарқызының қажырлы ісі, табанды жұмысы, игілікті шаруасы еленулі. Кәсіпкерлік сала бойынша 2014 жылы Райымбек ауданы бойынша «Жыл адамы» болды. Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мерекелік медальіне, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ІІІ және ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгілеріне, облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медальімен марапатталды.

       Еңбекқор, ізденімпаз жанға, кәсіпкер анаға биылғы жылдың бергені де айтуға тұрарлық. Жылдың басында «Атамекен» Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Алғыс хатын алды. Көп ұзамай Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы төрайымының «Аруана» атты бизнес құрметі сыйлығының лауреаты атанды. Алғашқы беріліп отырған мұндай сыйлыққа алғашқы болып ие болып отырған қазақтың қыз-келіншегінің бірі екенін орнымен айтуға болады. Ләззат көмір кенішінде білікті басшы болса, отбасында Тоқан Ботабековтей азаматтың сүйікті жары, Мұхтар мен Олжас атты ұлдарының мейірімді анасы, немерелеріне шуағын шашқан бақытты әжесі.

       Жанна Қырғызәліқызы бастаған Кеген ауданындағы кәсіпкерлік палатасының ұсынысы, ұйғарымымен, көптің қалауы, қолдауымен биыл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан «100 жаңа есім» жобасына үміткер болып отырған жайы бар. Бұл ең ауыр жұмыс – көмір өндіру ісімен тұрақты айналысып келе жатқан қазақтың кәсіпкер қызына көрсетіліп отырған орынды таңдау, дұрыс шешім, байыпты байлам. Елі мен жеріне аянбай қызметін көрсетіп жүрген, ердің, нардың жүгін ауырсынбай арқалап жүрген Ләззат Қайсарқызына көрсетілген құрмет пен сенімнің жарқын көрінісі. Ендеше, бұл лайықты сында да қайсар қыздың, қажырлы кәсіпкер ананың жүзі жарқын, мерейінің үстем, мәртебесінің биік боларына бек сенеміз!

Қанат БІРЖАНСАЛ,

 «Ойқарағай» көмір кеніші,

Ұзақ батыр ауылдық округі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password