ҚАЙНАРДАН  ШЫҚҚАН  ҚАЙНАРБЕК

    Аспантаулар өлкесінің ең кереметі, адам жанына тигізер әсері бөлек Хантәңірі шыңын, ең алғаш Қайнар атты қастерлі ауылға бет алғанда көресің. Таулы өлкенің бар тамашасы осы бір Төтенің асуынан өткеннен кейін басталатындай, құшағын жаятындай. Төтенің асуынан, Лабасы тауының құшағынан шыға келгенде Пай, пай, шіркін! Хантәңірі асқақтай көрінеді-ау! Содан кейін көңілің де көтеріліп, жаның жайма шуақтанып, өзгеше сезім құшағында тау қойнауларына, қалаған ауылдарыңа қарай бет аласың. Тәңіртау көзге жылы ұшырай көрінген сайын қайта-қайта қарай бересің. Кеудеңде біздерде мынандай бар, мынандай бар деген мақтаныш сезімі қатар бой көтеретіні де шындық. Республикамыздың, одан бері Жетісу өлкесінің жеріне сән берген, жүзіне әр берген қымбат дүниесі осы – Хантәңірі шыңы! Тәңіртауды көрген де арманда, көрмеген де арманда.

    Қайнарбектей азамат дәл осы Қайнар ауылында дүниеге келді. Етектегі Саз алқабын аралай, күн шығыстағы Жабыр қырқаларын жағалай, Лабасы мен Көккемердей тамаша өңірлерін сағалай өсіп, ер жетті. Күн сайын мал айдап жүрген кезінде Хантәңірі шыңына бір қарап қоятын. Атақты шың туралы, найзадай шаншылып тұрған заңғар ұшына шығуды армандаған, соған қолын жеткізген немесе орта жолда апат болған альпинистер тағдыры туралы кейін-кейін естіп, оқып білді. Хантәңірі – екінің бірінің алақанына оңайлықпен түсе қоятын, ұшар басын екінің біріне сыйлай қоятын шың емес екен. Хантәңірі – ойнауға да оңайлықпен ойлауға да болмайтын, келмейтін шың екен. Туған ыстық мекенінің атымен аталған Қайнарбек кішкентай кезінен, құлдыраңдаған құлын күнінен Хантәңірі шыңына қарап, сол шыңдай асқақ та әппақ армандарына талпынып өсті. Оңашада өзінше ыңылдап ән айтып, қоңыр домбырасын ермек етіп жүретін қарадомалақ анау-мынау емес, өнер дейтін, ән дейтін сырлы әлемді, рухани қазыналы әлемді таңдапты. Ежелден өнерге жақын қазағының домбырасын жанындай жақсы көріпті. Радионың түбінде батырлар жырын тыңдап елітіп отыратын Қайнарбек қазағының халық әндеріне ынтық болыпты. Кейін келе дәстүрлі әнші атануы да осыдан. 1962 жылы Барыс жылы өмірге келген Қайнарбек Қайнар орта мектебінің үміт күткен түлектерінің бірі болды. Мәдениет қызметкері болуды армандаған ол Шымкент қаласындағы бірден-бір, Қазақстан бойынша жалғыз мәдениет қызметкерлерін дайындайтын жоғары оқу орнына атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Шымкент педогогикалық және мәдениет институтына оқуға түсіп, жоғары оқу орнын мәдени-ағарту саласы бойынша ұйымдастырушы әдіскері мамандығы бойынша бітіріп шықты. Өнерге ынтық, таланттары мен талаптары таудай, сен тұр мен атайын іспетті жастардың ортасына түскен Қайнарбек оқу ордасында өткен жылдары бойына көп нәрсені жинады. Бойына бой, ойына ой толғандай күй кешті. Санасын серпілтті, қиялын қалықтатты. Институттағы ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесіне айналды. Мәдени-әдеби кештерінің жұлдызындай болды. Домбырасына қосылып, майда қоңыр үнімен әуелете ән салғанда, көрермен қауым сілтідей тынып тыңдап қалатын. Шымкент нағыз той-думанның өлкесі-ғой. Оқудан қолдары бос кездерінде той басқарған кездері де аз болған жоқ. Сол арқылы қаражаттарын құрастырып, жағдайларын жақсарта жүргендері шындық. Осының бәрі Қайнарбектің ән айтуға да, сөз сөйлеуге де төселуіне жол ашты.

         Мәдениет саласы бойынша жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маманды туған ауданы да жылы қарсы алды. Осынау адамға рухани нәрін сыйлайтын сала бойынша алғашқы еңбек жолы туған ауылы Қайнарда өрілді. Қайнар ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болды. Ауылдағы жылжымалы клубта да еңбек етті. Аудандағы бірсыпыра мәдениет үйлеріне жетекшілік жасады. Жоғары білімді, іс-тәжірибесі толысқан білікті маман Райымбек аудандық мәдениет үйінің директоры болып жемісті жұмыс істеді. Қазіргі таңда Тегістік ауылдық мәдениет үйінің директоры болып еңбек етуде. Мәдениет үйінің жанынан «Шуақ» атты әжелер ансамблі құрылған. Түрлі-түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ауылдағы мәдениет үйінің шағын ұжымы, өңір тұрғындары апатты жағдайда деп танылған мәдениет үйінің орнына жаңадан ықшамды, заманауи, бір қабатты мәдениет үйі салынса жақсы болар еді деген жақсы үміттің, тілек пен ниеттің құшағында жүр. Ол күнде алыс емес шығар.

    Барыс жылы туған өнерлі азамат, дәстүрлі әнші Қайнарбек Әшімбаев Райымбек аудандық мәдениет үйінің директоры болып тұрған кезінде басымыздан өткен жайды ұмытқан емеспін. Райымбек ауданының әкімі Ызғарбек Бектұрсыновтың кезінде 1996 жылы Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Төте асуына кіреберіс өңірден Райымбектей батыр бабамызға арналып еңселі ескерткіш тұрғызылды. Соның ашылу салтанатында батырдың өмірінен шағын ғана сахналық қойылым көрсету жоспарланды. Осы қойылымның сценарийін жасауды аудан басшылығы Қайнарбек екеуімізге тапсырды. Райымбектей батыр бабамыз туралы жазушы Жолдасбай Тұрлыбаев жазған «Тамыз таңы» атты кітабынан қажетті жерін алып, сценарийдің жобасын жасаған едік. Кейін осы қойылым сәтті өтті. Сол айтпақшы, Қайнарбектей білімді маман, өлмес өнер иесі, дәстүрлі әнші талай-талай ауданның мерейлі тойларының, іргелі қуаныштарының сценарийлерін жасап жүрді. Дүбірлі тойлардың өз мәнінде өткізілуінің негізін қалады. Еткен еңбек, маңдай тері елеусіз емес. Аудан әкімдігінің, мәдениет бөлімінің және облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамоталарымен, өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Тәуелсіздігімізге 30 жыл» атты мерекелік медальмен марапатталды.

    Биылғы сәуір айында мерейлі алпыс жасына толатын Қайнарбек Әшімбаев Тегістік ауылындағы өнегелі, өнерлі отбасының отағасы. Өмірлік серігі, таңдап жүріп тапқан сүйікті жары Гүлмира Әбдірақбаева мынау жарық дүниеге алтын асықтай ұлдарын, меруерт моншақтай қыздарын  әкеліп «Алтын алқалы» ана атанды. Ұл-қыздарының бәрі Қайнарбекке тартқан өнерлі. Гүлмира да ауылдың алты аузынан, әу деп ән айтудан кенде емес. «Шуақ» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Кешегі қос аққу, бүгінгі бақытты ата мен әже алтындай немерелерінің бағына айналып, жақсылықтарына толғанып, кезекті қуаныштарына қамданып келеді. Мерейлі алпыстың арайлы таңдары, көркем күндері, ән менен жырға, сырға толы шақтары Қайнарда туған Қайнарбектің жанын жадырата, көңілін албырата, жүрегін қуанта, жұбанта берсін, лайым!

                                                                  Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                                    Тегістік ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password