ҚАЙНАР АУЫЛЫНАН ШЫҚҚАН РЕПРЕССИЯ ҚҰРБАНЫ ЕРМЕК ЖАЛҚЫБАЕВ КІМ?!

      Соңғы деректер бойынша қазақ жерінде 1928-1953 жылдар аралығында 125 мың адам саяси қуғын-сүргін құрбанына айналды. Олардың ішінде ақталғандары бар. Ал жала жабылып, әлі күнге дейін шындыққа қол жеткізе алмай отырған әулеттердің тізімі де жетерлік. Қазақстан Респубуликасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрған болатын. Жалпы 1988 жылы 4 қарашада Қазақ ССР Жоғарғы соты репрессия кезінде атылған 14 қазақ зиялысын ақтады. Бұл сол кезде қазақ тарихы үшін сенсация болды. Ал Тәуелсіз Қазақстан «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» заңды 1993 жылы 14 сәуірде қабылдады. Соңғы отыз жылда сталиндік репрессияда атылғандарды, қудаланғандарды ақтау процесі жүріп жатыр.

       Ел ауданымыздағы «халық жауы» деп ауыр кінә артылған азаматтарымызды да ұмытпауы керек. Оларға жала жабылғанын тарих көрсетті, уақыт дәледеді. Қазіргі Райымбек ауданынан 1937-1939 жылдары жүздеген адам ұсталып, түрмеге қамалды. Азапталып, айдауда болды. Арасында атылғандары да баршылық. Кеген ауылында 2013 жылы арнайы ескерткіш ашылып, ол жерге 164 жерлесіміздің есімі қашап жазылды. Олардың арасынан ауданның бірінші басшысы болған Ораз Жандосов пен оның сенімді серігі Ашадан Зықаевтың есімдерін кездестіруге болады. Қазақ КСР Алматы облысы Кеген ауданының ауыл кеңес төрағасы болған Ашадан Зықаев 58-бап бойынша айыпталып, Магаданға жер аударылған. Алайда 1939 жылы 11 наурызда қайтыс болған.

      Дәл осы Ашадан Зықаевқа тағылған айыппен қамауға алынған азаматардың бірі Райымбек ауданы Қайнар ауылында ел басқарған Ермек Жалқыбаев болатын. Ол 1888 жылы дүниеге келген. Арғы аталары ауылға сыйлы Назар деген кісі, одан Күнке, Жалқыбай тарайды. Қазіргі Қайнар ауылына қарасты «Алғабас», «Жаңа адым», «Ұзынбұлақ», «Үшінші бесжылдық» деген бірнеше ауыл болған. Жалқыбайдың бауыры Қойшыманнан тараған Бекқожа деген кісі «Жаңа адым» ауылында колхоз басшысы болған.

      Марқұм Ермек Жалқыбаевтың аталас інісі әрі жақын туысы Ералы Кәрібековтен естеліктер жазып алудың сәті түсті. Қазір сексеннен асқан ақсақал Алматы маңындағы Тұздыбастау елдімекенінде тұрады. Көнекөз қария біздің кейіпкерді 1939 жылы Ресейдің Магадан облысындағы Колымадан түрмеден босап келгеннен білетін болып шықты. Қиыр шығыста екі жыл айдауда болған Ермектің денсаулығы сыр беріп, аяқтарының саусақтары үсіп қалған. Азаптаулардан аман келген соң, өмірінің соңына дейін ел ішінде аянбай еңбек еткен. «Мен бала кезімде Ермек ақсақалдың үйіне жиі барушы едім. Себебі аталас жақын туыс едік. Үйдегі әке-шешем ертіп баратын. Ермек атамыздың шешесін ауыл жұрты «Көкжал» деп атайды екен. Өзі сондай айбынды, өжет, елге сөзін өткізген мықты кісі болған. Мен 5-6 жас шамасында болуым керек, бір барғанда әлгі апамыз қартайып отырған кезі. Төсектің үстінде отырды. Аппақ етіп киіндіріп қойыпты. Жасы жүзге таяғанда өмірден өтті. Солай көз алдымда қалыпты. Міне осы қариядан туған бала Ермек Жалқыбаев болатын»,- дейді Ералы Кәрібеков.

        Қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылдық округі 1953 жылы үш колхоздың бірігуінен пайда болды. Ол 1953-1997 жылдары қой өсіретін Крупская атындағы кеңшардың орталығы еді. Ұжымдастыру кезеңі басталғанда «Алғабас», «Жаңа адым» және «Үшінші бесжылдық» деп аталатын колхоздар пайда болды. Олар елуінші жылдардан соң Крупская атындағы ұжымшарға айналып, тәуелсіздік алған жылдары Қайнар ауылдық округі деп өзгерді.

       Ермек Жалқыбаев қазіргі Қайнар ауылдық округінің негізі болған Алғабас ауылын құруға атсалысты. Сол колхоздың төрағасы болып қызмет етті. Сосын қазіргі Жамбыл ауылдық округіне қарасты «Қаратоған» ауылдық кеңесінде де еңбек еткен. Бұл деректер мұрағатта сақтаулы. Яғни 1953 жылы жоғарыдағы үш колхоз біріккен соң, бұл жұмысты өткізіп берді. Оның орнына Жартыбай Қалымбетов деген кісі келді. Ол кісі Қарасаз ауылының Алжаны еді, дейді Е. Кәрібаев.

        «Ермек атамыз сол елуінші жылдары, қазір есептеп отырсам 63-65 жаста екен. Яғни зейнет демалысына шыққан кезі ғой. Десе де бірден кетіп қалған жоқ. Ауылға жаңадан келген басшыларға көмектесіп, ауыл кеңесінде болды. Кейін өз еркімен пошташы қызметіне орналасты. Мұндаға дейін еңбек етті. Бір боз аты болатын. Арбаны жегіп алып, поштадан газет-журнал, хат-хабар таситын. Ол кезде орталықтан пошта Қақпақ ауылына келетін. Содан Қайнарға сәлем-саухат, хат-хабарды Ермек бірінші жеткізетін. Сонысымен де ел ішінде сыйлы, ел танитын азамат болды. Әбден отырып қалғанша осы салада еңбектенді»,- дейді ақсақал.

       Алматы облыстық мұрағаты мен Алматы облысының «Азалы кітабы» деп аталатын деректер базасында Ермек Жалқыбайұлына қатысты деректер бар. Репрессияға ұшыраған азамат 1937 жылы 14 желтоқсанда Алматы облысы, Нарынқол ауданы Ұзынбұлақ ауылында ұсталып, Кегенге жеткізіледі. Кеген аудандық ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) істі сотқа беріп, 1937 жылы 31 желтоқанда үкім шығады. Бар-жоғы 15 күн тергелген жасанды іс бойынша ол «халық жауы» атанады. Жалқыбаев еңбекпен түзеу лагеріне 10 жылға жөнелтіледі. Ол екі жыл бойы Қиыр шығыстағы Якутия жерінде ауыр жұмысқа жегіледі.

       Қуғын-сүргін құрбанына айналып кете барған Ермек Жалқыбаев қылмыстық кодекстің «әйгілі 58 бабы» бойынша қылмыстық құрам жоқ деп, екі жылдан соң ақталады. Алматы облысының соты 1939 жылы Ішкі істер халық комиссариатының нұсқауымен 17 қыркүйекте оны босатады. «Мен өзім 1937 жылы туғанмын. Сондықтан Ермек Жалқыбаевтың қуғын-сүргін құрбаны болған туралы деректерді кейін естідім. Ол кезде жаламен сотталып келді деп қана айтатын. Ауылда көп талқылап жатпайтын, заман қиын, ондай артық ауыз сөз айтуға елде уақыт та болған жоқ. Үрей де басым болды. Колхоздың жұмысынан ешкімнің қолы тие бермейтін. Бағана айттым ғой, Ермек атаның үйіне жиі барушы едік. Ақ кимешек киген үлкен апамыз бірде барғанда жылап отырды. Сонда менің әкем Ермек ақталып келгенде мені сол үйге ертіп барған екен ғой деп ойлаймын. Себебі адамның қарасы көп болды, бәрі сол кісіні құшақтап, арқасынан қағып, аяушылық көрсетіп жатты. Сол еміс-еміс есімде қалыпты»,- дейді Ералы Кәрібеков.

       Ермек Жалқыбаев 1969 жылы өмірден өтті. Ол кісі Қайнар ауылына Алматы жақтан келе жатқандағы Ұзынбұлақ сайының аузындағы мазарға жерленген. Алматы облысынан, оның ішінде Райымбек ауданынан жүздеген адам сталиндік террордың жазықсыз құрбанына айналды. Соның бірі – осы Ермек Жалқыбаев. Сталиндік совет өкіметі оның отбасы мүшелеріне ғана емес, жалпы халыққа орасан зор қасірет әкелді.

       Қазір оның ұрпақтары өзі құруға атсалысқан Қайнар ауылына бір көшенің атын берсе артық емес деген пікірде. Ермек Жалқыбаевтың ұлы Марат Ермеков соңғы жылдары архивтік құжаттарды ақтарып, оның есімін ел есінде қалдыру үшін ізденді. Тиісті мемлекеттік органдар мен ономостикалық комиссияның талаптарына жауап беретін деректерді жинақтаған. Табан ақы, маңдай терімен болашақ ұрпақ үшін еңбек еткен, қазіргі Хантәңірінің етегін жайлаған ауылдарды құруға атсалысқан азамат қандай құрметке болсын лайық. Ермек Жылқыбаевтың өзі өмірінің соңғы жылдарына дейін тұрған көшелердің біріне есімін беру кезек күттірмейтін шаруа деп санаймыз.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ,

журналист,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password