«АЙНАЛАЙЫН, ЕЛ-ЖҰРТЫМ!»

        Жуырда ғана осындай атпен Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жаңа кітап жарық көрді. Кітапқа жерлесіміз, белгілі айтыс ақыны Хасенәлі Саматыровтың өмірі мен айтыс өнеріндегі жеткен жетістіктері, тапқырлығы мен шешендігі, елі мен жеріне, адами құндылықтарға қатысты толғаныстан туған өлеңдері, замандастарының естеліктері мен арнау өлеңдері арқау болған.

       Бір орталықтан бастау алатын саяси жүйенің солақай шешімдері халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, ұлттық өнерін тұншықтырып, аяғына тұсау болғаны белгілі. Сол ұмыт бола бастаған өнердің бірі – ақындар айтысы еді. 1970-80 жылдары осынау өскелең өнерді қайта жандандыру мақсатында ауданымызда ақындар айтысы ұйымдастырыла бастады. Сол тұстағы аудан өмірінің айнасы саналатын «Советтік шекара» газеті ақындар айтысының негізгі ұйтқысы болды. Ауданымыздың әр ауылындағы өлең — жырға ынтасы бар талантты жандарды іздестіріп, бастарын қосты. Бағытбағдар беріп, киелі өнерге жол ашты. Бабын келістіре шыңдап, суырып салма өнердің сайысына түсірді. Ақындар айтысын аудандық газет бетінде үзбей жариялап, ұмыт бола бастаған өнерді халқымен қайта қауыштырды. Осынау өнер арқылы талантар тағаланды, саңлақтар сараланды. Жетістікті тауып, кемшілікті қауып айтып, қызыл тілдің отына май құйған айтыс ақындарының өнері облыс, республика көлеміне кеңінен танылды. Саусақпен санап аларлық айтыс ақындарының қатарында қарасасаздық Хасенәлі Саматыров та болған еді.

       Сол тұстардағы мереке, жиындарда ұйымдастырылатын ақындар айтысына қатысушылар айтатын сөздерін алдын ала қағазға түсіріп, сосын оны дуалы ауыздардың талқысынан өткізіп барып қана, бір сыдырғы әуенмен айтып шығатын еді. Хасенәлі жаттанды болған осы үрдісті бұзып, тыңға түрен салған ақындардың алғашқысы болды. Оның айтыс өнеріндегі айрықша таланты да осындай ерекшелігімен дараланды. Ауданнан басталып, облыста жалғасқан, одан республика көлеміне қанат жайған ақындар айтысының бәрінде Хасенәлі суырып салма ақындығымен топ жарып, қалың қауымның ыстық ықыласын арқалады. Таулы өңірдің абыройын аспандатты. Мәдениет саласының белді қызметкері ретінде қиыр жайлап, шет қонған малшы қауымның арасында жиі болды. Төрт түлік иелерінің ерен еңбектерін өлеңімен өрнектеді. Әсем сазды әуенмен әспеттеді. Албан Асан, Көдек,Таңжарық, Бөлтірік, Қапез сияқты халық ақындарының өлеңдерін насихаттауға да лайықты үлес қосты. Айтыс өнеріне бейімі бар жастарға ұстаздық етіп, тілін сындыруға, сөз байлығын молықтыруға, суырып салма өнерге баулуға ден қойды. Хасенәлінің алдынан дәріс алған шәкірттерінің біразы айрықша өнерімен алты алашқа танылғанын жақсы білеміз.

       «Айналайын, ел-жұртым!» аталатын жаңа кітап, аз болса да саз ғұмыр кешіп, артына өлмес мұра қалдырған Хасенәлі Саматыровтың болмыс бітімін, талантын жан-жақты ашып көрсетуге негіз қалаған. Кітапты құрастырған жерлестеріміз, филология ғылымдарының кандидаты, марқұм Жұмаш Өтеев пен мәдениеттанушы Келгенбай Мамырбеков. Алғы сөзін ғылыми тұрғыда жазған филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы Анарбай Сағиұлы Бұлдыбай. Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған Қарасаз ауылының азаматтар мен Ұлан Сәрсенбаев сынды кәсіпкердің басшылығындағы «Amanat – Qarasaz» қоғамдық қоры. Хасенәліні көздері көріп жырын тыңдағандар, етене араласқан ақын-жыршылар, қалың қауым, өсіп келе жатқан жас ұрпақ жаңа кітапты парақтай отырып, ұлттық болмысқа тән рухани азық алатыны анық.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password