Айбынды жыр Жампозы
Қазақтың поэтикалық өнерінің хас шебері, Жамбыл- ғасырлық ғұмырында арыны басылмаған алып жыршы , шұрайлы жырдан артына өшпес мол мұра қалдырған. Алып та биік, айдынды да — айбынды дүлдүл ақын. Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр — жыр жампозы. Ақиық ақынның жыры да, сыры да мәңгілік жер шарын шарлаған. Жүрегіне өлең ұялаған дарынды жігіт жастайынан біржолата ақындық жолына түскен. Оның дәлелі ретінде ақынның мына бір жыр шумақтары куә.
Өлеңді өркендеттім, өршіп өстім,
Көргенде жақсы жырды құстай ұштым.
«Жас ақын», «Жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын»,
Дегенде дара болып көзге түстім.
Он бесте-ақ, домбыраны алдым қолға,
Тең басқан төрт аяғын болдым жорға — деп жырлап кеткендей, жастайынан ақындық өнерге бет бұрған.
Жамбыл 14 жасында жырдың пірі Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түскен. Олай болса биылғы жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Осы орайда, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылдық кітапханасында мерейтой иесіне арналған «Айбынды жыр-Жампозы» атты тұлғатану сағаты ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат: Аты аңызға айналған халық ақынының өмір жолын, шығармашылығын, ауыз әдебиетінде жүрген өлеңдерін, жырларын оқырман қауымға насихаттау. Шара барысы: кітапхана меңгерушісі Жұлдыз Кенесбекқызының «Ұлы дала ақыны» жайында өмір жолынан сыр шерткен сөзімен бастау алды. Ары қарай кітапхананың тұрақты оқырмандары, «Жыр алыбы-Жамбыл» өлеңдерінен үзінділер оқыды. Атап айтар болсақ, Тұрғынбай Динара ақынның «Тау тұлға» өлеңін, Медеуқызы Жұлдызай «Халықтың сәлемі», Қамен Нұрдос «Егіс жыры» өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Кітапхана сөрелерінде ақынның кітаптары, оның шығармашылығы мен өміріне арналған еңбектер қойылды. Отанға деген сүйіспеншілікке толы шығармалары туралы материалдар, сондай-ақ мерзімді басылым беттерінде жарияланған Қазақстанның ақын-жазушыларының ақын туралы мақалалары, естеліктері ұсынылды. Көрме қазақтың дүлдүл ақыны болып табылатын Жамбылдың шығармашылығының құрметіне ұйымдастырылды. Жыр алыбы Жамбылдың жырлары халықтың мәңгілік мұрасы, қазақ әдебиетінен өзіндік орны бар дара тұлға десек қателеспеген болар едік. Осындай іс шаралар ауданымыздың көптеген мекемелерінде жалғасын таппақ.
Жұлдыз Кенесбекқызы,
Сарыжаз ауылдық кітапхана
меңгерушісі.
0 Пікір