Адамдық қасиетке бай азамат еді
Мен, 1974 жылы облыстық партия комитетiнiң ұсынысымен Нарынқол ауданына аудандық ауылшаруашылығы басқармасына орынбасарлық қызметке келдiм. Осы қызметке орналаса салысымен, аудан бойынша сол кезде 10 колхоз бар еді, тұтастай бәрін аралап шықтым. Шындығын айтар болсақ, ол кезде барлық шаруашылықтарда егіншілік мәдениеті төмен еді. Агротехникалық талаптардың орындалуы сын көтермейтiн жағдайда болатын. Түсінікті болу үшін аз ғана түсiнiктеме жаза кетейін. Астық егіп, одан жоғары өнiм алу үшiн агротехникалық шараларды не кеш емес, не ерте емес өз уақытысында жүзеге асыру керек. Десек те, осы бір маңызды технология бойынша жүзеге асырылатын жұмыстарға көп шаруашылық басшылары жітi мән бере бермейтін.
Аудан бойынша 10 колхоз басшысының iшiнен маған ерекше ұнағаны Н.К.Крупская атындағы колхоздың бастығы Арипов Рауан болды. Бірде Рекең осы колхозда ауылдық Кеңестiң төрайымы болып қызмет істейтiн Ниязова Клара деген келіншекпен әңгімелесiп отырып, сөз арасында «Мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дастахуновтан да, атқару комитетiнiң төрағасы Тазабековтен де, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Маханбетовтен де қорықпаймын, ал мынау зам начальник дегенiң бiр пәле болды» деген көрінеді. Айтып отырғаны мен Сөйтсе, Клара «Аға, сiзге не болды өзiңiздiң куйеу балаңыздан қорқып», депті. Бұны естіген Рекең «Өй, солай ма еді?!» деп таң тамаша бопты. Шындығында да Рекең маған қайын аға едi. Туысқаншылдық, жең ұшынан жалғасқан жөн жосықсыз ымырашылдық сияқты жаман әдеттер сол кездегі басшыларда да болды. Ал, Рекең де, мен де бұндай жағдайға бой ұрмай, ел игілігі үшін халық мүддесiн туысқандықтан жоғары қойдық.
Сенiң іскерлігің, алғырлығың, қажыр-қайратың ғылыммен ұштаспаса, ол еңбекте ешқандай нәтиже болмайтыны айдан анық еді. Бiздiң өңiрде осыны алғаш байыбына барып түсiнген де Рауан Арипов болғанын жақсы бiлетiнмiн. Сол себепті аудан экономикасын көтеріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында егін шаруашылығына қатысты ғылыми жаңалықтарды алдымен дәл осы Н.К.Крупская атындағы колхозға енгiзудi жөн санадым. Оның үстiне Рекең сол кездегі басшылардың ішіндегі білгірі, қажыр-қайраты мол, iскерлiгi мен өткiрлiгi бiр басына жететін азамат едi. Оған қоса биология ғылымының кандидаты» деген атағы бар ғалым адаммен тіл табысу маған қиындыққа түспейтін шығар деп ойладым. Ол кiсiнiң берілген тапсырманың орындалуын жіті қадағалайтын талап қойғыштығы да менің оң жамбасыма келіп тұрды.
Рекеңнiң шаруаны шебер меңгерген басшы екенiне көзiм әбден жеткен соң ауданның күнгей бетiне орналасқан осы колхозда егін шаруашылығының мәдениетін арттыру мақсатындағы біраз ойларымды жүзеге асырмақ болдым. Басында Рекең екеумiз бiраз ренжiстiк те. Алайда оның бері қарақан бастың қамы емес, шаруашылық қамы, айналып келгенде халықтың жағдайын жақсарту бағытында болған талас-тартыс едi. Бәзбіреулер бұл жағдайды өз пайдасына пайдаланғысы да келді. Бірақ Рекең ақылды адам еді ғой, «басы қатты болған» істің соңы түсіністікке ұласып, өз нәтижесін берiп едi, Колхозда дәнді дақылдар мен екпе шөптен алынатын өнім артып, жоспардағы тапсырмалар 150 пайызға дейін артығымен орындалды. Мал қоралары мая-мая шөпке толды. Қырман толған астық, қамба толған жем болды. Соның нәтижесінде әр 100 саулықтан 106-дан қозы алынды.
Осындай қол жеткен табыстардың, қажырлы еңбегінің арқасында Рекең Нарынқол ауданы атқару комитетінің төрағасы, араға 1-2 жыл салып, аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы дәрежесiне көтерiлдi. Менiң пайымдауымша, көпшілік менiң бұл ойыммен келісетін шығар, шаруашылық басқарған бастықтар, мейлі ол ауылдық Кеңес төрағасы, партия ұйымының хатшысы, комсомол ұйымының секретарлары болсын, дәл колхоз бастығындай жұмысқа күйіп-пісіп, жанын салып, беріліп істемейді. Ал шаруашылық басшысы болса, түн ұйқысы төрт бөлініп, отқа да, суға да түседі. Ал бұның парқына бара бермейтін, шаруаның жөнін ұқпайтындар басшының қаталдығын айтып, сонысын алға тартып жатады. Мiнезi жібектей жұмсақ адам шаруаны қалай iлгерi бастырсын?! Осыны неге ойламайды екен деп ойлайтынмын.
Өз басымнан өткен бір оқиғаны айтайын. Егін ору, картоп жинау, мал азығын дайындау науқаны қызу жүріп жатқан кез болатын. Жол бойында келе жатқанымда бір трактор қарама-қарсы келе жатып, аударылып қалды. Трактордың артына тіркеп алған картоп қазатын агрегаты бар еді. Аударылып бара жатып, әлгiсi жолдың қабағына тiрелiп, қайтадан орнына келді. Жақындап барып қарасам, тракторшы Құдайбергенов Мантай екен, онымен қоса есептегенде трактордың кабинасында 4 жiгiт отыр екен. Сол жерде ашуланғаным сонша, әлгілерге жұдырығымды ала жүгіріппін. Бір кезде ту сыртымыздан тағы бір адамның келіп, маған болысып жатқанын көрдiм. Қарасам, аудандық атқару комитетінің төрағасы Мүсіров Оспанәлі екен. Төртеуін тұрғызып қойып, Оспанәлі «Ей, жігіттер, бұларың не? Қайта кұдай сақтады. Егер аударылып, бiреуiң бiрнәрсеге ұшырағанда совхоз басшысы жауапқа тартылар еді. Сонда бастықтарыңның не кінәсі бар?», — деп ұрсып, жұмыс уақытында жүгенсiз жүрiске бой алдырған әлгі төртеуiнiң сыбағасын беріп, сазайын тартқызған еді. Осындай келеңсiз жағдайларға бола шара қолданып жатқан басшыны оңбаған, мәдениетсіз, көргенсіз деп теріс бағалайтындарға мен қосыла алмаймын.
Кеңестiк қоғамды аңсап отыр екен деп ойлап қалмаңыздар. Бірақ сол заманда осындай келеңсiздiктердi, заңға жүгiнiп жатпай-ақ, өзiмiз шешiп, қисық кеткендердi өзiмiз-ақ тәртіпке шақырып, жүгендеп алатын кездерiмiз болды. Ақиқаты сол. «Бас жарылса, бөрік iшiнде ондай жағдайдың көбі ел ішінен сыртқа шыға да қоймайтын. Ақыл-парасаты жеткiлiктi адамдар кемшiлiктi түзеп, шаруаға келтірген зиянын өздерi ақ түсiнiп жататын. Ел басқарып отырған адамға ақыл-парасат ауадай қажет болса, осы бір тамаша қасиет Рекеңнiң жаратылысында бар еді.
Рекең Бірінші хатшы болып істеген жылдары Нарынқол ауданы екi мәрте КПСС Орталық комитетiнiң, СССР Министрлер советінің, ВЦСПС-тің және ВЛКСМ орталық комитетiнiң ауыспалы Қызыл туымен марапатталды. Бір бесжылдықта аудан екі рет зор табысқа қол жеткізіп, бұрын-соңды болмаған табыстарға кенелді. Ауданның осы табысына, бiздiң К.Маркс атындағы совхоздың да қосқан үлесі қомақты болды. Бұның бәрі халықтың абыройын көтеріп, мәртебесiн асқақтатты.
1983 жылы бiздiң шаруашылықта егiн-жай керемет болды. Астықтың алды 65 центнер түсiм бердi, осы жағдайды тез түсінген басшы «5-6 центнер түсiм беретiн астықты оруды қоя тұрып, алдымен биiк өскен дәндiдақылды орып алайық» деп аудан көлеміндегі 120 астық комбайнын бізге жауып жiберген болатын. Рекеңнің жылдам шешім қабылдайтындығының арқасында оңынан шешілген шаруалар өте көп болды.
Рекең іскерлігімен, қабілеттілігімен қоса бойында небір кісілік асыл қасиеттер берік қалыптасқан, адамгершілік деген асыл қасиетті аласартпаған азамат еді. Амал жоқ, жақсы сыйласып, бір-біріміздің қадірімізді жаңадан түсінген кезде сол баяғы алауыздықтың кесірінен адамдық қасиетке бай азаматымыз қызметтен босап кетті. «Жауырды жаба тоқығаннан пайда жоқ», бiз ең алдыменен өзімізді-өзіміз тануымыз керек.
Басына iс түскен кезiнде, «тонның iшкi бауындай болып», жағасынан кіріп, қонышынан шығып жүргендердiң арасынан Рекеңнен теріс айналғандар да болды. Тіптен «мінезі жаман, өте қатал, өзімшіл болатын» деп жамандаушылар да табылды. Оның қаталдығының артында іс алға бассын, шаруа жүрсін, ауданның экономикасы өссін, халықтың тұрмыс-жағдайы жақсарсын, өркендей түссін деген терең ойдың жатқанын түсіне алмағандардың тірлігі еді бұл.
Рекеңнiң еңбегi ескерусіз қалды деп айтуға болмайды. Ол кезiнде атақ кұрметтен еш кемде болған жоқ. Қаншама орден, медальдар алды. Оның бәрін адал еңбегiнiң нәтижесі деп білу керек. Келешегін терең түсіне білген ұлағатты адамдар туған баласына да қатал талап қояды. Оны ұрпағының келешегін ойлаған қамқорлығы деп түсінеміз ғой. Рекеңнiң де кейбір қаталдықтарын солай түсіну керек сияқты. Өз басым ол кiсiнi ерекше сыйлайтынмын. Арамызда ұмытылмайтындай реніш болған емес.
Рекеңнiң жан-жары Зақаң өте қарапайым адам. Барлық уақытта байқағаным ол кісі адамдық қалыпты биік ұстанды. Ол адамгершілік жағынан үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсете білетін аса ізетті адам. Араласып, сыйласып жүріп, Зақаңның «бірінші хатшының жұбайы екенмін» деп, дандай- сығанын да, асып-тасқанын да көрген емеспін. Кісілік, адамгер- шілік айнымаған осындай аб- зал жандардан өскелең ұрпақ үлгі-өнеге алса нұр үстіне нұр болар еді.
Кеңесбай БАЙҚАНОВ.
еңбек ардагері,
Алматы облысының
Құрметті азаматы.
0 Пікір