АДАЛ ЕҢБЕК ЖОЛЫ ЖАҢЫЛДЫРМАЙДЫ

   Иә, адал еңбектің жолы жаңылдырмайды. «Еңбек – ер атандырады», «Еңбегі аздың – өнбегі аз»- деген даналық сөздерді бала кезден естіп өскен ұрпақ едік. Осы мерзімге дейін еңбек майталманы болған, жұмыстың әрбір саласында жауапкершілікпен, тыңғылықты іс атқарған ауыл азаматтары, еңбек озаттары, жастар ұйымы, жас мамандар, мектеп оқушылары қатысқан мақсатты, мағыналы, сұхбат сағаты түрінде өткен дөңгелек үстелде кездесудің куәсі болдық. Жалпы өтіп отырған тәрбиелік шараның басты мақсаты: «Адам тұлғасы – еңбекпен», «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдармен еңбек адамдарын құрметтеу, жастарға ой салатын, сұрақ-жауаппен тартысты өткен, жүректен шыққан пікірлер айтылған, жас ұрпақтарға өнеге көрсеткен мәдени-танымдық іс шара болды. Бұл игі шараны ұйымдастырған Қайнар ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері Мұрат Шорманұлы мен Советай Мекебаева. Алғашқы боп сөз алған еңбек ардагері, тәжірибелі комбайнер «Құрмет белгісі» орденінің иегері Манан Досанқұлов өз еңбек жолы жайлы әңгімелеп, сұрақтарға жауап берді. Бала кезі соғыспен тұспа-тұс келген, заманында бірнеше рет депутат болған ардақты ана Смағұлова Зейнеш бұғанасы қатпай еңбекке араласқанын, ауыл экономикасын көтеруге үлес қосқан замандастарын еске алып көзіне жас алды. Ал, бүгінгі таңда арамызда кезінде жүрген еңбек адамдары Әбілғазиев Есболат, Жошиев Құлжатай, Нүсіпқожаева Меруерт, Ынтыбаев Меди, Мұқаділова Несіпжан, Ауғанбаев Рамазан, Әбілғаиев Қарсақбай аталардың қатарлары сиреп бара жатқан замандастарының еңбегін айтпасқа болмас. Нарынқол ауданында, Қайнар, Сарыбастау, Абай колхоздарында еңбек еткен, қазіргі кезде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Дабылбек Рахымбайұлы, ауыл тумасы, ата-бабасы, ата-анасы колхоздастыру кезінен еңбек озаттары болған Нұрхасен Айдарханұлы бірінен кейін бірі сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Білім мен еңбекті ұштастыра отырып, талай-талай биіктерге жетуге болады. Зейнеткер ұстаз Союзхан Жылқыбайқызына және мектеп директоры Рая Жұмәділқызына ойталқы сөз кезегі берілді. Союзхан Жылқыбайқызы «Ерінбеген етікші болады», «Оқу – инемен құдық қазғандай», «Еңбек – адамның екінші анасы» деген мақалдарды айта отырып, адал еңбекпен, қиындықтарға төзе жүріп, қазіргі заман талабына сай білімді тереңдету қажеттігін тілге тиек етіп, ауыл тарихына шолу жасап өтті. Ата қоныс, ата мекеннің құрылу жолдары, ондағы талмай еңбек еткен ата-бабалар, ауылдастар жайлы, олардың тынымсыз адал еңбектеріне тоқталды. Солардың жарқын жолдарын жалғастырып, елге, жерге ие болатын ұрпақ тәрбиелеу әрбір саналы азаматтың міндеті деп ойын тұжырымдады. Рая Жұмәділқызы өз ойын ата-ана мен ұрпақтар арасындағы байланыс, балаларды үйден-ақ пайдалы еңбекке баулу керек екені, сондықтан ауыл белсенділері, қоғамдық ұйымдар, жастар ұйымы болып жұмыс атқару керектігін атап айтты. Кәсіпкер С.Өтепов, мектеп оқушылары Жаннұр мен Диас өз сөздерінде еңбектің қадірі, халыққа қызмет етудің жолдары, нағыз еңбек адамы болудың әрбір азаматтың өзіне байланысты екендігін айтып өтті. Еңбек қай қоғамда болса да басты орын алады. Тек еңбекпен ғана өсіп,өніп қиындықты жеңуге болатынын М. Шорман өз сөзінде жеткізді. Өтіп отырған мәдени іс шараның мәні мен мақсаты жайлы түйінді ойды Советай Құдиярбекқызы айтқан еді. «Адал еңбекпен биікке жеткен, ел құрметіне бөленген еңбек ардагерлерімен кездесуде ата-аналардың арқасында талай игілікті істер атқарылғанын, солардың жарқын жолдарын жалғастырып, ел мен жерге ие болатын ұрпақ тәрбиелеу әрбір саналы азаматтың міндеті екенін «ұрпақ санасына жеткізуіміз керек» — деп ойын тұжырымдады.

       Бүгінде болмысы ерекше, еңбек ардагерлері, еңбек майталмандары ел мақтанышы. «Адал еңбек — жолдан тайдырмайды, жақсылар жолы – жаңылдырмайды» – деген осы. Еңбек түбі – жеңбек. Бұл кешке қатысушылар ерекше көңіл – күймен тарқасты. Ел – жұртқа еңбек ететіндердің қашанда жолы ашық,биіктерге жететіні анық. Жалқаулық – алға тартқан аяғын кейінге тартатынын бала санасына жеткізу қажеттіліктен туындаған ой еді. Осындай ортаға салатын тәжірибелерді ұйымдастыру, ұрпақ тәрбиесінде берері көп демекпін.

Союзхан ИСЕМБАЕВА,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

зейнеткер ұстаз, Қайнар ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password