Абырой биігіндегі азамат

 

Мәкен Әлиасқаровтың туғанына –80 жыл

  Өмірге адам боп келіп адам боп кетуді басты мұраты санаған және соған бейілді болуды жүрек қалауы еткен жанның артында абыройлы, ардақты ғұмыр жалғасары шындық қой. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейді ғой хәкім Абай. Жердің түйір тасынан, теңіздің тентек толқынынан, желдің жібек үнінен саз сауған – Мәкен Әлиасқаровтың әнге өрілген өмірі кімге таныс, кімге алыс? Өмірнамасынан аз-кем әңгіме өрбітсек.

   Мәкен Әлиасқарұлы 1939 жылы Алматы облысы ( сол кездегі Нарынқол) қазіргі Райымбек ауданында дүние есігін ашқан. Қазақтың қара домбырасын тоғыз жасынан үйренген. Содан бері жалғыздықта –  жан серігі, сағынышта – сырласы,  мұңайғанда – мұңдасына айналады. Құдай жаратқан бір мүшені кем берсе, екіншісін әлде күшті арттырып береді. Осындайда әлемнің ұлы композиторы Людвиг Ван Бетховен  еріксіз еске түседі. Құлағы керең болса да әлемді әнге бөлеген өміршең туындылары адамзаттың айнымас байлығына баланды. Дәл сондай талант иесі Мәкен Әлиасқарұлы дер едім. Көзі көрмесе де көңіл толқынын әуезді әнге айналдыра білді. Радиодан ән шырқап берсе  тамсана  тыңдап, емірене естіп-сезді, көріктендіре көкейіне күй ғып құйды. Халқымыздың ән шеберлері – Манарбек Ержанов, Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков сынды өнер саңлақтарының шығармашылығын құрметтеді, бас иді.

  1960-64 жылдары Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің халық аспаптар бөлімінде оркестр жетекшісі мамандығы бойынша оқиды. Білім қуған жас талант 1970 жылдары Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға қабылданады.  Ал 1971 жылы республикалық соқырлар қоғамының Алматы қаласындағы №2 өндірістік кәсіпорнында домбыра үйірмесінен сабақ береді.

  Жастайынан ауданның көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысып, ондағы талапты жастарға жол сілтеді.  Драма үйірмесін құрып, халық театрының іргесін қаласты. Сол уақыттарда көрші Жаңа Текес кәсіптік-техникалық училищесінде тәрбие жұмысы әрі көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып та істеді. Осынау еңбектері үшін 1970 жылдары республика Жастар одағының 30 жылдығына байланысты «Еңбектегі ерлігі үшін» медалымен марапатталады.

   Мәкен Әлиасқарұлының өнерге деген адалдығын әр кезгі әр жерде істеген  жемісті  жұмыстарынан тануға болатындай. Нарынқол, Кеген, Ұйғыр аудандарынан ауылдағы жас өнерпаздар үшін балалар музыка мектептерінің ашылуына ұйытқы болып өркендеуіне өзінше үлес қосқан. Әбдіқас Әбдразақов, Шалман Есенаманов сияқты азаматтардың қолдауымен 1978 жылы аудан орталығы Нарынқолда музыкалық студия ашады. Сол студияны басқарған Тұрсынбек Тілемісовтай азаматпен табысты еңбек те етті. Одан кейін Кеген, Жалаңаш ауылдарында  да музыка мектептерінің ашылуына, өсіп-өркендеуіне, бір сөзбен айтқанда өнердің қарыштап дамуына  күш-жігерін аяған жоқ.

  Мамандығын – мақтанышы көрген және одан ырыс-құт өрген жанға тәңір жарылқаушы жақсылығын аяған ба. Мәкеннің музыка өнерінде айы оңынан туды десек оның әр жерде айшықты қолтаңбасы қалардай өндіре еңбек еткенін һәм ол жолда жанын жалдай жұмыс жасағанын жасырмай айтар едік. Талант иесі Алматы қаласындағы № 86, 62  қазақ мектептерінің дүниеге келуіне, жеке қазақ орта мектебі болып қалыптасуына қомақты көмегі тиген.  Осынау ортақты істе жүріп, Мәкен Әлиасқаров шығармашылықтан қолын еш үзген жоқ. Керісінше үлкенді-кішілі әр жылдағы жұмысының арқасында  шабытына-шабыт, желісіне- желіс  қосылды десек артық айтқандық емес. Сол еселі еңбектің арқасында оның қазақ радиосының алтын қорында жүзге жуық әндері қазақ қазынасы ретінде сақтаулы тұр.

  Мәкен Әлиасқарұлы көзі көрмесе де көңіл түйсігімен талпынып, газет-журнал беттеріне өлең шумақтары көптеген мақалалары мен ұсыныстары жарияланып тұрды. ойын ұтқыр жеткізе білген сан-салалы талант иесі 1990 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданады.

АРДАҚТАЙТЫН АЗАМАТ

  Мәкен атай жастайынан еңбекқор, өмірге ғашық болған жан. Ол үш жасқа толар-толмас шағында шешек дертіне шалдығып, қос жанарынан айырылса, «жығылғанға жұдырық» дегендей әкесі қанды майданға аттанып, шейіт болады. Тоғыз жасынан қолына домбыра алып, күй тартып, ән салып, есейе келе еліне танылған әнші , сазгер, өнерпаз атанған.

  «Талпынған жетер мұратқа»демекші ержетіп, оң-солын таныған кезде зағиптарға арналған  брайль  әрпін үйреніп, Жамбыл қаласындағы мәдени- ағарту  училищесінде оқып, одан кейін елінде – ауданымызда біраз жыл қызмет істейді. Сол талаптылығының арқасында  КазПИ-дің тарих факультетін бітіреді. Ол өз бетінше ізденіп қолына қалам алып, әр түрлі тақырыпта мақалалар , очерктер мен әңгімелер , өлеңдер жазады.

   Бала жастан қос жанарынан айырылса да жігері мұқалмай , әншілік өнерді серік еткен Мәкен ата «Әншіл жүрек», «Замана зардабы», «Сезім-тіршілік тынысым» атты кітаптары арқылы жазушылық қырымен де танылады.  Жерлесіміз  жоғарыда  айтқанымыздай , сазгер ғана емес , жазушы да бола білді. Мәкен атамыздың әр жылдары үш кітабы жарық көргенін атадық. Соның біріншісі «Әншіл жүрек» атты кітабында қазақтың тұңғыш баяншысы әрі жүзден аса ән жазып, артына мол мұра қалдырған зағип композитор Садық Кәрімбаевтың өмірі мен шығармашылық еңбек жолы сөз болады. Автор композитордың жұбайын , балаларын және онымен бірге қызмет жасаған өнер адамдарының естеліктерін жеке-жеке әңгіме ретінде баяндайды. Кітаптың тілі тартымды , өнер жолын қуған жастарға берер тағылымы мол. Тұлғалы азамат,Садық Кәрімбаев табиғат сыйлаған дарындылығымен туған халқының сүйіспеншілігіне бөленген композитор еді.

    1997 жылы «Замана зардабы» атты кітабы екінші туындысы 1997 жылы жарық көреді. Онда  бастан кешкен оқиғасын күнделікке барынша баяндап жазады. Ұлы Отан соғысына дейін Кеген, Нарынқол, Ұйғыр аудандарында партия, кеңес жұмыстарында басшы қызметтерде істеп жүрген  кезде  жеке басқа табынған солақай саясаттың салдарынан жазықсыз ұсталып , он тоғыз жыл Сібірде айдауда болып, соңыра ақталып, көп жыл ауылдық кеңес төрағасы болған Әбілқасым Ақымжановты және оның замандастарының өмір белестері, азаматтығы, адамгершілігі, темір тордың ар жағында шеккен азабы жайлы әңгімеленеді.  «Сезім-тіршілік тынысым»  атты ғұмырнамалық эссе де  өзі сырласқан-сыйласқан, дәмдес-тұздас болған халқымыздың біртуар өнер тарландары, мәдениет қайраткерлері, өнерпаз замандастары жайлы жан-жүрегімен жырдай жазады.

   Өмірмен тайсалмай күрескен қайсар қажырдың, көреген көңілдің, сезімтал жүректің ағынан ақтарылған осынау ақиқат сырлары оқырман кауымға қымбат өмірдің қайталанбас қадірін ұғындырады. Біз Мантай Айбол екеуіміз 5 кластан бастап, «Өлкетану» үйірмесінен Мәкен атаның өмір жолымен танысқаннан бері 4-5 атадан жақын келетін туыстығымызды білгеннен қызығушылығымыз оянды. Мәкен ата үйірме мүшелерінің шақыруымен мектепке келгенде алғаш өлең жолдарын окып , талдау арқылы ата-бабаларымыздың өткен дәуірдегі , қиын-қыстау замандағы тыныс-тіршілігімен етене танысып, ата тегінде батырлық , ерлік көрсетіп, ел үшін қам жеген , өз басын қатерге тіккен Әбілқасымдай қуғын-сүргін көрген әкелер ісіне құрмет сезімі оянды. Мәкен атамыз  тірі  болса, 80-нің сеңгіріне шығатын еді. Біздер, артында қалған ұрпақтары осындай мерекелі , жылы да, сегіз қырлы бір сырлы әкемізді бір сәтте естен шығармаймыз. Мерейлі мерекесі  туып өскен ауылы Тегістік пен аудан орталығы Нарынқолдан есімін есте қалдыруға байланысты өнер мектептеріне,  көшелердің біріне аты берілсе, ұлықталса артық болмас еді дегіміз келеді.

 Қымбат Еркінжанқызы технолог,

 Айбол Мұратұлы өлкетанушы,

Жанаткүл Дауқабақова зейнеткер, ұстаз.

ҚР Білім беру ісінің үздігі ,

Тегістік – Алматы—Талғар.

  Мәкен ата ауылды аңсайтын , ел-жұртын сағынатын. Оны ауызекі әңгімелерден де, жазған өлең-жырларынан да айқын байқаймыз. Текес, Тегістік туған жері туралы толғаныстары шығармашылығынан кең молынан таныс болғандықтан ол жайлы  кейнге ысыра тұрып, ауылдағы дос-жарандары араласқан адамдары жайында естіп, білген естеліктерді ортаға салсақ.

    Мәкен ата, Алматыға көшіп кеткеннен кейін де ауылмен байланысын үзбеген екен. Түрлі себеп, сылтау  тауып Тегістікке тартып отыратын көрінеді. Мұндағы қара орман халқы, ағайын-туыстары бұнымен қатар, бірнеше жан-жолдастары, қимас-сыйластары , құрбылары ерекше құрметпен қарсы алатын. Олар –  Нұрғали Хасенов, Жақсылық Алмабаев, Оралхан Таңатаров, Кәдірақын Мәлібеков дейтін арда мінез азаматтар.

   Өлкетану үйірмесінің мүшелері жетекшісі Жанаткүл Дауқабақова ның ұйымдастыруымен  «Өлкетану» мұражайын ашу үшін  ауылдан түлеп ұшқан атақты адамдар іздестіріледі. Олардың мекен-жайлары анықталып, артынша  қонақ ретінде кездесу ұйымдастырылады. Сонда туған жерге алдымен асық болған, ағайынның  арнайы шақыртуына шаттанған    Мәкен Әлиасқаров атамыз  еді.

   Арнайы шақыртуға көпті көргендігін білдіріп,өзімен бірге Тегістікте туып-өскен замандасы, бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы драма театрының Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәлиха Қожақованың үлкен портретін  мұражайға сыйға тартады. Салиқалы кештің көркін кіргізіп, емен-жарқын әңгіме құрып, өткен-кеткенге көз тастап, елдің-жердің жағдайын ұғып, парасаттылығына таразылап арқаны кеңге салады. Жасарып, жасап қалған талант иесін кештен кейін құрдастары қуанышты құшағына қысады. Алыста жүріп аңсаған ауылы жайлы әңгімелеседі. Сағыныштарын басады. Бір-біріне еркелейді.   Өлкетану мұражайында  Тегістік ауылының 1928-30 жылдарда алғаш колхоз болғандағы туралы жасалған екі көшеден тұратын көрмені  тамашалайды.  Сонда Мәкен Әлиасқаров  көңіл көзінің көрегендігін көрсетіп ауылдастарын таң қалдырған екен.  Кейбір ерте кездегі  үйлердің кімдерге тиесілі екенін, кімдермен  көрші тұрғанын, о шеті мен бұ шетін жаңылмай еске түсіреді.  Көптеген естеліктер айтылып, бала күнгі аға күнгі қызықтар шертіледі.  Жақсылық қария: «Біз күнде көріп жүргеннен соң мән бермейтін сияқтымыз. Мәкен әр үйдің балаларының, ересектерінің дауысына дейін, тіпті Әбілғазы мен Иманғазының қыздарын бірінен-бірін ажыратып,  әр үрген иттерді иесімен қоса атап, айналада боп жатқан жағдайды жазбай танып, айтып отырушы еді»  – деп таңданысын  білдірсе,   «Менің Нұрғали досым өзі мығым денелі, ызақор жан еді. Ауыл балалалы «Дөкей» атап кеткен. Бір қызығы жылан көрсе қорықпайтын. Өрісте ауыл малын бағып жүргенде әлгі жыбырлағанды бәлені, мал қайыратын ұзын  таяғымен ініне жеткізбей көзін құртатын. Сөйтіп жүріп екі үйдің қозы-лағын  жаятынбыз. Жаздай бақпақ, шырғанақ теріп, түйетабан қазып, күні бойы ойынмен өткізетін Нұрғали екеуіміздің «құтты» жеріміз бар еді – деп тағы бір естелікті еске түсіреді.

  Қартайса да сүйегіне біткен мінез-құлқы өзгермеген, сыйластыққа не жетсін шіркін?! – деп сағына еске алатын Нұрғали Хасенов бүгінде ұялы бәйтеректей туған ауылы Тегістікте тұрып жатыр. Мәкен атаны сол көзі тірі замандастары мен құрбылары біледі. Абыройын ардақ тұтады. Ешқашан ұмытпайды. Ал кейінгі ұрпақ есіне алар ма? Сондықтан тіршілігінде елім, жерім деп өткен ақын, әнші, сазгер Қазақ зағиптер қоғамы мен Қазақстан Жазушылар одағаның мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ауданның Құрметті азаматын есте қалдыру үшін көшенің атын беруге, өнер мектептерінің бірін есімімен атауға  деген ұсыныс та жоқ емес. Рухани жаңғыру деп өткеніміз бен жеткенімізді саралап  жатқан шақта бұл бастама орынды көтеріліп отыр. Талантқа  деген тағзым, талантқа деген  құрмет осындай болса керек.

 

 

Сөзін жазған Мұса Жанәділ,

Әнін жазған Мәкен Әлиасқарұлы

Нарынқол жастарының жыры

Аралап өтсек сонау тал-қайыңнан,

Ерке жел аймалайды маңдайыңнан.

Отанның тау жайлаған ұрпағымыз,

Әндетіп таң сәріден мал қайырған.

Қайырмасы:

Нарынқол өңірдің дастаны,

Нұр шашқан арайлы аспаны.

Еңбекте еліне әйгілі,

Қырандай Нарынқол жастары.

Армандар алыс ұшса асқарларға,

Туған жер жетелейді бассаң алға.

Сәулетті Тянь-Шанның етегінде,

Ұқсайды Нарынқолым жас қалаға.

Қайырмасы:

Төрт түлік – ер ырысы, дала – сәні,

Таңменен қаптай өріп, таласады.

Нарынқол – жер жаннаты, мекеніміз,

Мақтауға қалай айтсаң жарасады.

Қайырмасы:

 С.Нұрбақытұлы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password