Абырой арқалаған азаматтар

Табиғаты тамаша, көз тартар көркімен көңіл шалқытқан ауданымыздың сұлулығына не жетер дейсіз? Асты да, үсті де барлық пен байлыққа тұнған  ұлан ғайыр даламызды бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап, қорғап, бейбіт күннің берекесін көруге, таңын тамашалауға жазды емес пе? Сол асқақ арманның  арайлаған ақ таңы атқалы, қаншама күндер мен түндер арпалыса алмасты екен десеңізші. Тыныштықты ғана әлдилеп, қастерлеп, қадірлеп төріне оздырған Алаш жұртының абыройлы ісін өзгелер өршелене, құшарлана, қызғана қарайтынына қалайша марқаймассың? Мұндайда, тфә, тәңір тіл көзден сақта, ұлы елдің ұрпақтарын татулықтан, тыныштықтан, береке бірліктен айырма дейсің іштей күбірлеп.

  Біздің бүгінгі ә дегендегі жұмысымыз желдің өтінде, елдің шетінде жәңегі жоғарыда жыр ғып айтқан тыныштықты күзеткен, сол тыныштық үшін жан беруге  әзір адамдар жайлы, анығырақ айтқанда, шекарашылар туралы сөз етпекпіз.

  Бетке алғанымыз «Байынқол» шекара бекеті. Жол шіркін жүрдек көлікті тамаша табиғат ортасына алып келді. Айнала қоршаған таулар зәу көкті тіреген тәккапарлығымен көзімізді де, өзімізді де тылсымына тарта түсті. Сап түзеген бал қарағайлар сап түзеген жауынгерлердей тыныштықтың тынысын бағып, қата қалған. Үп еткен желдің мінәйі де белгісі білінбейді.  Отанымыздың осынау тыныштығын  құстардың  саңқылдаған даусы мен құлап аққан Ақкөлдің ақкөңіл арынды ағыны ғана бұзып тұр. Әдемі жарасымды, табиғат ананың тартқан сыйына таңдай қағып, шекара бекетіне жеткенімізді де білмей қалдық. Темірдей тәртіптің үлгісін көрсеткен күзет бекетінде тұрған сақшы рұқсат беріп, ішке ендік. Өзін Қаратаев Темірлан  Ерлікұлы деп таныстырған «Байынқол» шекара бекеті бастығының орынбасары, тәрбие-әлеуметтік қорғау жөніндегі орынбасары жып-жылы,  жайлы әскери бөлімге бастады. Отан қарғаушылар мерекесімен құттықтап, келгендегі жағдайымызды түсіндірдік. Тілегімізді шет көрмеген басшы шекарашылардың бір күндік тыныс-тіршілігінен хабардар етті.

  94,5 шақырымды қарауыл жасайтын шекара бекетінің міндеті жеңіл емес. Таулы аймақ. Ойы мен қыры көп. Арлы-берлі шаруалап өтетін аудан, ауыл тұрғындарының да қарасы қалың. Ол түсінікті-ақ. Еліміздің ең биік нүктесі саналатын  табанынан ұшар басына дейін  6995 метрді құрайтын Хантәңірі шыңын көруге құмартқан саяхатшылар да осы шекара бекеті арқылы өтеді. Айыр қалпақты қырғыз ағайындар мен қазаққа тең тиесілі солтүстік жер шарындағы ең биік нүктенің тамашасын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келетіндер аз емес. Алдағы уақытта, аудандағы туристік бағыттағы жұмыстар қолға алынбақшы. Хантәңіріндегі мәрмәрлі тастың кереметін көруге құмартқандар саны екі есеге, үш есеге артпаса не дерсіз? Міне, осынау аймақтың тыныштығын күзету «Байынқол» шекара бекетінің  міндетіне бекітілген. Қызметтік атпен, итпен көлікпен бақыланатын шекарашылардың күзеттік міндетінде жауынгерлердің жұмысы жоғары бағаланады. «Марум ЖарумГолд» алтын өндірісінде істейтін жұмыскерлер де, «ШиндалСан» лагеріне өтетін әуесқой аңшылар да шекарашыларға жауапкершілік жүктейді.

  Күні-түні қорғалатын шекара бекетінің ісінен ілуде бір кемшілік көрмейсің. Өйткені ол – әскери борыш. Сенімге селкеу түсірмеген сарбаздар осы қағиданы еш естерінен шығарған емес. Табиғаттың төрт мезгілінде де үздіксіз шекара нарядтарын қарауылдау қашанғы ғадеттері.

  Таңмен таласа басталатын оқу-жаттығудың арқасында сарбаздар күннен-күнге  қиындыққа шыңдала түседі. Кез-келген жағдайға қарсы тұруға дағдыланған. Атпен де, көлікпен де, шаңғымен де, елсізбен де, жолсызбен де күзетті қырағы қадағалауда ұстайды. Біз барғанда сібірлеп жауған жаңбырдан тау басынан баурайына шейін аппақ шеліге орағандай тұман тұтып, айналаны көрсетпей тастады. Бұл біз көргендегі көрініс, мұндағы сарбаздар үшін қаншама рет қайталанды екен? Және бұл қиындықтың шығу жолында да жауынгерлер жаңылысып көрмеген. Аттарын сайлап, иттерін жетекке алып, көліктерін қыздырып сақтықтың алдын ала бастайды. Әсіресе, байланыс және сигнализация кезекшісінің міндеті мінсіз. Белгіленген сигналды дұрыс таратуға, таратылған дабылды корреспонденттердің қабылдағаны туралы растап алу  үздіксіз қадағаланады.

  Жауынгерлердің әрқайсысының хал-жағдайын сұрап, әскери борышын өтеудегі еселі еңбектерін елеп, табыс тіледік. Ел тынышытығын күзетудегі абыройлы міндеттерін атқарып келгенде сәл арқа, бой жазып, ауылды, туған жерді аңсағанда қара домбыраны қағып та алады екен. Жауынгерлердің өзара өтіп тұратын спорттың жарыстарына да бір кісідей атсалысады. Көзіміз шалып, көңіліміз жылыған сол бір спорттық жетістіктеріне қарап, қуандық. Шонжы ауылында өткен сайыста «Байынқол» шекара бекетінде бағылатын аттардың арасында өткен бәсекеде «Ең үздік аттар» номинациясы бойынша бірінші орыннан көрініп, «Дикарь» лақап атты түлік төресі үздіктер арасында топ жарған екен. Бұдан басқа волейбол, футбол, қоянқолтық ұрыс спорт түрлерінен алған  кубоктар мен мақтау қағаздары да төрде самсап тұр.

   Міне, біздің ел қорғаудағы жауынгерлеріміздің білекті де, жүректі екенін, өз ісіне адал азаматтар екенін осыдан-ақ байқауға болады. Отансүйгіштікке, елін-жерін құрметтеуге үйрететін – бір спорт қана десек қателескеніміз. Рухани достарына айналған қазақтың қабырғалы жазушыларының  көркем шығармаларын, күнделікті ел мен жердің хабаршысына айналған газет-журналдарды қалт жібермей қадағалап отырады. Соның арқасында жақында өтетін тарихи мәні зор  кезекті Қазақстан Республикасының Президентін сайлауы науқанына Қазақстан азаматы ретінде   атсалысатындарын ерекше мақтанышпен қабыл алады. Міне, Отанды сүю, міне, елді-жерді құрметтеу деген осы да болар.

  Бір күнгі шекарашылардың өмірі, тыныштықты қорғаудағы мінсіз міндеттері осылай басталып, осылай жалғаса бермек. Олардың ел алдындағы абыройлы, ар-ожданды істеріне біз де сәттілік тілеп қайттық.

  С.Нұрбақытұлы,

Суретті түсірген: Е.Ахметжан.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password