АБАЙ МЕН МҰҚАҒАЛИ — ТАҒДЫРЛАС АҚЫНДАР

        Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

        Қиыннан қиыстырар ер данасы

        Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

        Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, — деп «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» бір шумақ өлеңге сыйғызған қазақ көркемсөз өнерінің хас шебері Абай атамыздың әрбір өлеңі мен қара сөзінің мағынасы тасқа қашалып жазылған таңбадай анық та айқын екені даусыз. Абай өлеңдері ғасырлар озған сайын жаңа қырынан танылып, оқушысын өзінің философиялық иіріміне тарта береді.

       Әркімді заман сүйремек,

       Заманды кім билемек -деп өзі айтқандай Ұлы ақынды да заманы туғызады. Абай өз заманындағы қоғамда болып жатқан әділеттілік пен әділетсіздікті, адамгершілік пен озбырлықты, адалдық пен қатыгездікті және халықтың арман-мүддесін терең ұғынып оны суреткерлік шеберлікпен өрнектеп, өз жүрегінен өткізе отырып халқына жеткізе білген ақын. Ол шығыс шайырлары мен орыс, еуропа елдері ақындарының туындыларымен танысып қана қоймай, олардың кейбір өлеңдерін өздерінен өткізе аударуға қол жеткізген табиғи тума талант екенін білуіміз керек. Өз заманынан оза туған ақын Абайға 1913 жылы Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «онан асқан бұрынғы – соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп әділ баға берген .

       Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген Мұқағали Мақатаев Абайдың даналығы мен оның өлмейтін, өшпейтін өлеңдерінен бойына қуат алып, дарынына шабыт дарытумен бірге Абай өлеңдерін зерделеп, зерттей отырып өз өлеңдерін жазды. Мұқағалидың:

       Қуат алып Абайдың тіл күшінен,

       Абай болып табынам бір кісіге.

       Жыр жазамын Абайдың үлгісімен,

       Абай болып түңілем бір кісіден, -деуі сондықтан. Мұқағалидың Абайға құрметпен қарап өзіне ұстаз тұтқаны, Абайдан тәлім алуы, «Абай жаққан бір сәулені сөндірмеу» үшін өрісті поэзия туғызып, жыр эстафетасын жиырмасыншы ғасырда жалғастыруы кездейсоқтық емес.

        Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін,

        Мен дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

        «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

        Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» — деп Мұқағали ақын данышпан Абай даналығын жалғастырып «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып жарқыратып, жаңартып, қазақтың өзіне қайтара білген ақын.

        Мұқағали:

        Поэзия!

        Менімен егіз бе едің?

        Мен сені сезесің бе неге іздедім,

        Алаурытқан таңдардан сені іздедім.

        Қарауытқан таулардан сені іздедім, — деп табиғаттың өзіндей таза да сұлу жауһар жырларымен жиырмасыншы ғасырдағы поэзия аспанына жарқ етіп көтерілген жаңа құбылыс.

        Абай да Мұқағали да сыршыл, шыншыл әрі лирик ақындар. Екі ақынның да сан қырлы лирикалық өлеңдері ішінен мысалға, табиғат лирикасына арналған өлеңдерін алсақ, бәрін де тамсанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Себебі ақынға шабыт берер қуат көзі-табиғат. Абайдың: «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Күз», «Қыс», «Көктем», «Жаз» тағы басқа өлеңдерімен қатар,

        Желсіз түнде жарық ай,

        Сәулесі суда дірілдеп.

        Ауылдың маңы терең сай,

        Тасыған өзен күрілдеп… деген өлеңі мен Мұқағалидың:

        Жапырақ жүрек жас қайың,

        Жанымды айырбастайын.

        Сен адам бола бастасаң,

       Мен қайың бола бастайын,

       Келісесің бе жас қайың… — деп басталатын өлеңін оқығанда сол табиғат аясында өзің жүргендей әсер алып, қалай ыңылдап ән салып кеткеніңді байқамай да қаласың. Міне сөз құдіреті, өлең құдіреті деген осындай болса керек. Сонымен бірге Мұқағали ағамыздың «Көктемде», «Наурыз», «Сәуір айы», «Ақ қайың әні», «Жаңбырда», «Шабындықта», «Айхай көктем», «Саржайлау», «Күрең күз», «Бозқараған», «Қыс келген күні», «Ақпан», «Сонарда», «Жартастар» сияқты табиғат тамыршысындай табиғат құбылыстарын жанды жаратылыс иесіне айналдырып жіберген өлеңдерін де осы қатарға жатқызуға болады.

       Абай мен Мұқағали екеуі екі ғасырда өмір сүрсе де өмір жолдары тартысқа толы тағдырлас ақындар. Сондықтан болар ат басынан арғыны көре алмайтын өресі тар замандастарынан шаршаған Абай:

       Жүрегімнің түбіне терең бойла,

       Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

       Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

       Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма, — деп кейінгі ұрпаққа өлеңмен өсиет қалдырса, Ақан серінің бәйге құлагеріндей өз заманының өрен жүйрігі Мұқағали ақын да өзінен өресі төмен кейбір замандастарының бақастығына шыдамай:

       Қапаланба, қадірлім, қапаланба,

       Қауіп – қатер басыңа тақағанда.

       Абайыңның басына қамшы ойнатып,

        Ақаныңды осылар матағанда, — деп өлеңмен ащы сырын жеткізеді. Абай қара сөзбен де пәлсафалық ой-түйін жасаса, Мұқағали өмірінің кейбір сәттерінен қара сөзбен күнделік, фелетон, эссе жазған.

        Абайды мұқатпақ болған Оразбай шоншар бастаған топ ірі рубасы Әбен Бітімбаевты айдап салып ардақты ақынға қамшы тигізгені сияқты, Мұқағали өзінің күнделігіндегі 2 мамыр 1974 жылғы жазбасында: «Білгендерін істеп бағуда, не жаза бар, бәрін қолдануда. Милицияға да бірнеше рет тапсырды. Енді қаматпақ ойлары. Көлеңкемнен қорқатын халге жеткізді. Милиция қашан келіп алып кетер деген қауіптемін. Әнеукүні милицияда асылып өлмек те болдым, балаларымды қимадым. Мойныма тұзақ салып сәл тұрдым да ойландым… Бұл халге де жеткізді. Соншама не істеп қойдым бұларға?! Себепсіз адам өлмейді…О, не деген қиын уақытта өмірге келгенбіз, бауырым», — деп жазыпты. Неткен қатыгездік! Ақын күнделігіне өзінің талантын көре алмаушыларға

       «Ойлаңдар достар!

       Өнерде жарыс болмайды!

       Өресі жетпей, күндестік қылған оңбайды.

       Өнерің жетіп,

       Өсе алмай қалсаң сол қайғы…

       Күнде таласқан,

       Өнерің өнер болмайды! /16 желтоқсан 1974 жыл/ деген жазба қалдырыпты.

        Өскенбай немересі Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы ел анасы атанған Зере әжесі мен сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесін көрсе, Мақатай немересі Мұқағали (Мұхамметқали ( Сүлейменұлы ер мінезді адуынды Тиын (Мақпал) әжесі мен қара өлең мен қайым айтыс шебері Нағиман анасының тәрбиесін көріп өскен. Абай да Мұқағали да «нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болу керек» деген ұстанымда болған. Екі ақын да әлем және орыс әдебиетінің көрнекті тұлғаларының шығармаларымен сусындап, кейбір өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Мысалы: Абай А.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романынан 8 өлеңін, М.Ю.Лермонтовтың «Шайтан», «Дұға», «Қанжар», «Жалау», «Теректің сыйы» өлеңдерін, И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне өте шебер аударған. Сонымен бірге патша үкіметі саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері Е.Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, П.Лобоновскийлермен де пікірлес болған. Мұқағали Мақатаев шетел және орыс ақындарынан Д. Алигерийдің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімін, У.Шекспирдің «Соннеттерін, У.Уитменнің «Шөп жапырақтарын» қазақ тіліне тікелей тәржімаласа, орыс ақындарынан Н.Тихонов, Р.Берис, Ф.Асари, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргун өлеңдерін де қазақша сөйлеткен ақын. Сонымен бірге Ю.Александров пен М.Курганцевтің аудармасымен ақын өлеңдері «Зов души» деген атпен орыс тілінде жарық көрсе, кейінгі жылдары алыс-жақын шетелдермен бірге халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті, белгілі журналист Бигелді Ғабдулиннің жетекшілігімен Мұқағали ақынның отты жырларын орыс тілінен америкалық ақын Марина Карцева ағылшын тіліне аударып, мұхиттың арғы жағындағы Америка жұртымен де қауыштырды.

       1999 жылы Мұқағали Мақатаевтің «Аманат» кітабы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. 2000 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының шешімімен Мұқағали Мақатаевқа «Ғасыр ақыны» атағы берілді. Елімізде Абай Құнанбаевтің 175 жылдық мерей тойы ЮНЕСКО аясында аталып өтілсе, Мұқағали Мақатаевтің 90 жылдық мерей тойы тойланбақ. Жүз жылда бір туатын Абай мен Мұқағали тағдырлас ақындар.

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password