АҚЫНЫН ӘКІМІ ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ

        Шүкір, Жетісу өлкесінен шыққан талантты ақындардың бірі Мұқатай Жылқайдарұлының кештеу болса да жырларының жұлдызы жарқырап, өлеңдерінің өлмес ғұмыры басталуда. Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылында дүниеге келген ақын тірі болса биыл 83 жасына келетін еді. Кездейсоқ жол апатынан небары 52 жасында қайтыс болған. Райымбек ауданындағы Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аясында Мұқатайдай ақынның есімін асқақтатып, жырларын жаңғыртқан «Сенен қалған мұраны жалғау керек…» атты әдеби-сазды кеш өрнек тапты. Айлардың сұлтаны, қасиетті Рамазан айында ақынның қос томдық шығармалар жинағы жарық көріп, тұсауы кесілді. Жанындай жақсы көретін ұлтына, сүйікті Отанына рухани мұрасын арнап кеткен ақынын қадір тұтқан, қолдаушылық көрсетіп кітаптарын шығарған, өлмес екінші ғұмырын ұзартқан Нұржан Кеңесұлындай Райымбек ауданының әкімінен айналайық! Мұқатайдай дарабоз ақынының іздеушісі, сұраушысы, жоқтаушысы әрі шырақшысындай болып артында қалған өлеңдерін құрастырып, жауапты редакторы болған Сағатбек Медеубекұлындай азаматқа айтар алғысымыз шетсіз де шексіз. Қос томдық кітаптың жарық көруіне өз үлестерін қосқан С.Т.Ағыбаев басқаратын «Құрман баба» тарихи-мәдени қоғамдық қорының жанындағы ғылыми-зерттеу бөліміне, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жанындағы «Құзыретті баспагер» оқу-зерттеу өндірістік орталығының атына да таулы өлке тұрғындарының, қалың оқырмандарының атынан ризашылық сезімін білдірген артық емес.

       «Енді мен өлең болып ораламын», немесе «Өлмейтін мәңгілікке өлең екен»,-деп ақынның өзі жырлағанындай, Мұқатайдай арынды, асқақ дарынды ақынның өлмейтін екінші ғұмыры жалғасуда. Ақынның «Алмалы Алматым» атты өлеңіне жазылған Әсет Бейсеуовтың әсерлі әнімен басталған әдемі кеште Мұқатай Жылқайдарұлының қос томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Ұлтының өнері мен өлеңін әрдайым биік қоятын, ақындарын лайықты ардақтайтын аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов таулы өңірден шыққан белгілі ақындардың бірі Мұса Жанәділовке Райымбек ауданының Құрметті азаматының төс белгісін кеудесіне тағып, «Аман-есен оқырманыңыздың ортасында жасыңыз жүзге келсін!»,-деген інілік жылы ниетімен арқасына зерлі шапан жауып, жиналған жұртшылықты тағы бір желпінтіп тастады.

        Кеште аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, қоғам қайраткері, ардагер журналист Рысбек Сәрсенбай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, доцент, өлкетанушы Сағатбек Медеубекұлы, филология ғылымының кандидаты, «Абай ТВ» телеарнасының бас продюсері, ақын Жаңыл Асылбекова, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақын, журналист, «Шалқар» радиосының бас редакторы Бақыт Жағыпар, Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков сөз сөйлеп, ақын жайлы жүрекжарды лебіздерін, естеліктерін жеткізді. Өлеңдерін оқыды.

        -Мұқатаймен Сарыжаз ауылындағы мектепте бірге оқыдым. Алғыр, зерек, сауатты еді. Қатарластарынан оқшау көрінетін. Мұғалімдер Мұқатайды орнымен мақтап жататын. Қой көзді, жылы жүзді қараторы бала көз алдымда қалып қалды,-дейді тыл ардагері, «Алтын алқалы» асыл ана Кеуерхан Асанова.

       Мұқатай жайлы қос кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген қадірменді қонақтар тілге тиек еткеніндей, ақын пешенесіне бұйырған соқтықпалы-соқпақты тағдырын басынан өткізді. Жетімдіктің ащы дәмін татты. Өзегін өкініші өртер қасіреті мол ғұмырын көрді. Темір торға қамалған кезі де болды. Соған қарамастан қаламын қолынан тастаған жоқ. Жырымен сырласа, өлеңімен мұңдаса, рухани азығымен күн кеше жүрді. Аспантаулар өлкесінде Мұқағали Мақатаев пен Мұқатай Жылқайдарұлының есімдері қатар аталып жатады. Мұқатайдай ақын көзі тірісінде Мұқағалиды пір тұтты. Ақын өмірден өткенде «Мұқағали монологы» атты поэмасын жазды. Таулы өңірде өткен әйгілі Албан-Қарқара көтерілісіне арнап тарихи дастанын жазып қалдырды. Бұл шын мәнінде аталған көтеріліс, оның қаһармандары туралы өлеңмен жазылған бірден-бір кесек туынды болып қалды. Тауында туған ұл тауының құшағындағы халқының басынан өткен қасіретті көтерілісті жыр тілінде сөйлетті. Ақынның елі-жеріне, Отанына арнаған өлеңдері жетерлік. Оның бәрінің қос томдық кітап болып жарық көргені аса қуанышты оқиға, сүйінішті жағдай болды. Жергілікті ақын, әнші, термеші Серік Айтбайұлы жүргізіп отырған әдеби-сазды кешті ауданның мәдениет қызметкерлері, өнерлі өрендері сазбен көмкерді, күймен әспеттеді. «Хантәңірі» халық театрының ұжымы ақын шығармашылығына арнап шағын сахналық қойылымдарын ұсынды. М.Байжұма, Қ. Сабырақын, А.Құрманғали, А.Сәду секілді өнерлі жастар ақын жырларын жарқыратты. Ә. Жабықбай мен А.Монтай, А.Нұрақын Мұқағалидың сөзіне жазылған «Мен деп ойла» және «Отан» атты әндерін орындап, көп көңілін желпінтті. Аудандық «Хантәңірі» газеті ақынның құрметіне «Мұқатай мұраты» атты газет ішіндегі газеттерін шығарып, кешке қатысушыларға ұсынды. Мұқатай ақынның қос томдық шығармалар жинағына арналған тұсаукесер рәсімі шын мәнінде ақынның тойы, поэзияның мерекесі іспетті өрнектелді. Артында іздейтін, сұрайтын, талантын орнымен бағалайтын жетелі інілері, жырын сүйер қалың оқырманы бар жерде ақын өлмек емес. Қос том болып қолымызға тиген ақын мұрасы соның жарқын да жайдары көрінісі.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Елдос АХМЕТЖАН,

«Хантәңірі», «Жетісу»,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password