АҚЫНЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛ

       Хантәңірінің баурайын мекен қылған еліміз батырдан да, ақыннан да кенде емес. Бұл да жаратушы иеміздің қасиетті жерге берген киесі болса керек. Табиғаты көрген адамның көзін баурайтын, ауасы таза, суы бал аймақта талантты, дарынды адамдар баршылық. Соның бірі ақындар ауылы Қарасаздың тумасы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, республикаға танымал айтыскер ақын Хасенәлі Ұзақбайұлы Саматыров. Хасенәлі Саматыров 1954 жылы 7 наурызда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. Жастайынан өлеңге үйір болған. Тоғыз жасында әкесінен айырылып, жетімдіктің тауқыметін көп тартты. Айтыс өнерінде Оразалы Досбосынов, Бақыт Жағыпарұлы секілді бірталай шәкірттер тәрбиеледі. Артына өшпес із, соңына жақсы атын қалдырып өмірден өткен ақынын ел-жұрты қайта тірілтті. Біреулер болады бар болса да жоқ сияқты, біреулер болады жоқ болса да бар сияқты. Ақынның өзі жоқ болса да, артында қалған халық оны ұмытқан жоқ. Бұған дәлел ақынның өлеңдері мен толғаулары, арнаулары, айтыстары топтастырылған «Айналайын ел-жұртым» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап филология ғылымдарының кандидаты марқұм Жұмаш Өтеев пен мәдениеттанушы Келгенбай Мамырбековтың құрастыруымен, Қарасаз ауылының азаматтары және «Amanat-Qarasaz» қоғамдық қорының демеушілігімен «Үш Қиян» баспасынан шықты.

       Жуырда аталған кітаптың Қарасаз ауылында тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесеріне арнайы келген қонақтар Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейін аралап көрді. Осы музейдің ішінде Хасенәлі Саматыровтың да өзі пайдаланған беторамалы, қолсағаты, галстугы, блокноты т.б. заттары орналастырылған. Салтанатты жиын Қарасаз ауылдық Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Жиынның басын Алматы қаласындағы Райымбек батыр музейінің директоры Ержан Тоқтарұлы ашып жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегін аудан әкімінің орынбасары  Нұрбол Сағатбекұлы алып, жақсы тілегін айтты. Ақынның көзін көрген кісілер есте қалған естеліктерін айтып, Хасенәлі Саматыровтың қандай адам болғанын баяндап берді. Ақындар өлеңдерін арнап, замандастары көзі тірі кезіндегі әзіл-қалжыңдарын айтып қонақтарды күлдірді. Кітаптың тұсауын аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, Райымбек ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, зейнеткер ұстаз, ақынның жерлесі Нөкеев Әділжан, қаламы қарымды журналист Елеусіз Ахметкерімов, ақынның сыныптасы Жанатгүл Дәуқабақова, ақын Даубай Әбдісаев, ақын Кемелбай Сағымбеков т.б. қонақтар кесті. Алдағы уақытта ақынымызды дәріптеу мақсатында жұмыстар жүргізілсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сахна төрінде әншілер ән айтып, бишілер би билеп, жас ақындар айтыс өнерін көрсетіп салтанатты кештің көркін кіргізді.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Қарасаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password