АҚЫННЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

       Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар мен әдеби-танымдық кештер жыл басынан еліміздің түкпір- түкпірінде ұйымдастырылып келеді. Ал ақынның туған өлкесі аудандық мерейтой алдындағы қамданысы қарқынды. Ауданаралық көптеген әдеби-мәдени, спорттық байқаулар мен шаралар көрініс тапты. Шалкөде жайлауында өтетін торқалы тойдың да жоспары құрылып, дайындық жұмыстары да басталып кеткен болатын. Алайда, әлемді жайлаған індеттің өршуінің салдарынан жоспардағы жұмыстардың тұралап тұрғандығы тағы бар. Десе де, ақынның мерейтойына арналған шарапатты шаралар жалғасын таппаса, тоқтап қалмақ емес.

        Күні кеше, яғни тамыз айының 25-ші жұлдызында ауданымыздың бірқатар белсенді спортшыларының Алматы қаласынан велошеру жасап, жолға шыққандығы осының айқын дәлелі. Арақашықтығы 330 шақырымды құрайтын, төрт күнге созылатын велошеру Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек аудандары, Сарыжаз ауылы арқылы өтіп, Қарасаз ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.

       Райымбек аудандық әкім аппараты және аудан әкімі Нұржан Кеңесұлының ұйымдастыруымен, Алматы облыстық «Дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың тікелей қолдауымен өткен бұл шеру ақын аруағына деген құрмет деп білеміз. Айтулы шеруге аудандық қазақ күресінен аға бапкері Дүйсен Мұқиұлы, қазақ күресінен спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Еркін Сайдақов, «Жетісу» телеарнасының қызметкері Еркін Тынымсейітов, ақын өлеңдерін насихаттаушы Дарубай Мамұтұлы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Талғат Жұмақанұлы және Берікбол Төлеубайұлы, Бекзат Дүйсенбекұлы сынды аудан спортшылары жоғарыда көрсеткен бағыт бойынша жүріп өтті.

       Жасың бар, жігіт-желең, шалдарың бар.

       Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар.

       Жол ұзақ, биік асу, сапар алыс,

       Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс.

        Қамданыңдар, «Болашақ» деген елге, Қандай біз сый-сияпат апарамыз,- деп ақын жырлағандай болашақты бағытқа алып, сапарға шыққан жолаушыларға Жұлдыз Мұқағалиұлы, «Қарасаз Аманат» қорының жетекшілері Ұлан Сәрсенбаев,Тасболат Игембердиев, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі, Рысбек Сәрсенбаев шеруге қатысушыларды қолдай келіп, сапарларының сәтті болуына тілектестік білдірді.

        Міне, осы төрт күнге созылған 330 шақырымдық велошеру өз мәресіне жетті. Алматы қаласынан шыққан велошабандоздарымыз ақынның туып өскен ауылы қасиетті Қарасаз ауылына табан тіреді. Велошеруге қатысқан ұжымды Қарасаз жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды. Шараға арнайы қатысқан Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы велошабандоздарға марапаттар табыстап, аудан халқының атынан алғысын білдірді. Өз кезегінде, шараға үлес қосып, осындай игі бастамалардың басында жүретін «Қарасаз Аманат» қорының жетекшілері, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсенбек Мағлұмов,Алматы ұлттық медицина колледжінің директоры Игембердиев Тасболат, Ұлан Сәрсенбаев, Тимур Спатаев сынды ел ағалары және де бірқатар аптал азаматтар демеуші болып велошеруге қатысқан әр азаматқа қосымша 100 000 тг ақшалай сыйлықтар табыс етті.

  Велошерудің басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұндай шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М.Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрермен көңілінен шығатын әсерлі дүниеге айналатыны анық.

Айнаш ӘЛДИБЕК,

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password