АҚЫНДЫ ҮШ РЕТ КӨРДІМ

       Мұқаң мен жұбайы Лашынның суретін алғаш рет көршіміздің үйінен көрдім. Төргі бөлмедегі рамада қыстырулы тұрған суреттегі жандар осы шаңырақтың үлкен ұлы- Шынәділдің таныс достары болып шықты. Ол кезде Мұқағали аға Қазақ радиосында диктор болып істейтін.

       Бірде Сарыжаздан Қайнарға жол тосып тұрғанымда, Алматы-Нарынқол бағытындағы шағын автобус келіп тоқтады. Автобус адамға лық толы. Маған бұйырған орын-есік жақтағы тіреуіш темір болды. Шофердың артындағы екі кісілік орынға жайғасқан екі адамның біреуін сол мезетте таныдым. Ол- Әбдіке Асанов болатын. Әбдіке ағайды Қайнар мектебінде директорлық қызметте болғаннан танитынмын. Бір сәтте, Әбдіке ағай жолаушыларға қасындағы бейтаныс жанды таныстыра бастады. Бейтаныс жан дегенім, өзіміздің жерлесіміз, ақын ағамыз Мұқағали Мақатаев еді. Ақынға ерекше таңқалыспен қарап қалдым. “Құлақ естігенді көз көреді” деген осы болса керек. Жасы қырыққа толмаған шағы, ақсары өңді, кең иықты, шашы иығына төгілген, мығым денелі адам. Әттең, қалта телефон болғанда, суретке түсіріп алар едім деп ойлап қоямын. Суретке түсіре алмасам да, ақынның дәл сол бейнесі көз алдымда әлі күнге дейін сақталған.

       1967 жылдың тамыз айының бесінші жұлдызында “Үш ұрпақтың” кездесу тойы өтті. Аудан өнерпаздарының қатысуымен үлкен концерт дайындалды. Оның ішінде, Алмахан, Сұлушаштармен қатар менде қатыстым. Концертті Алматыдан келген Сұлтанғали Лұқпанов атты композитор жоғары деңгейде ұйымдастырды. Келетін қонақтарды ресми қарсы алу мақсатында бізді тойдан бір күн бұрын апарған еді. Түс ауа шақырылған қонақтар келе бастады. Ұзын «Икарус» келіп тоқтап, Хамит Ерғалиев бастаған Бердібек Соқпақбаев, Асқар Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев, сынды ақындар түсе бастады. Нұрғожа Жұбанов түсірген суреттерімен әр ауылға жеке-жеке альбом жасап берген еді. Сол суреттер әр ауыл мұрағаттарында әлі күнге сақтаулы. Ертесіндегі кездесудің салтанатты ашылуында аудан басшылары Т. Кәріпжанов пен Т. Нүсіпақыновалар сөз сөйлеп, соңынан ауданның еңбек озаттары марапатталды. Концертке қатысушы бірнеше адам сахнада қол соғып қошемет жасап тұрмыз. Н. Әшімбаевқа Ленин орденін, Қ.Диханбаев, А. Аманжоловқа Еңбек, Қызыл Ту ордендерін табыстады.

       Кезек ақындарға келіп жетті. Х. Ерғалиев пен А. Шамкенов бастаған бірқатар ақындар арнау өлеңдерін оқып,ел ықыласына бөленді.

        Ақынды үшінші мәрте көргенімде, Алматыдағы Түркістан қонақ үйінің астындағы асханада біздің ұстазымыз Омар Нәбиев ағаймен тамақтанып отырған сәтінде қол алысып амандасып, сыртқа шықтық. Ақынды жақыннан көргеніме қатты қуандым. Бір өкініштісі, қарапайым тау тұлғаны соңғы көруім осы екен.

       Қазақта “Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра” деген бар. Қарапайым еңбектің арқасында көп ел көрдім. Москва, Украина, Ташкентте үш мәрте болдым. Халық театрында жүргенімде облыс, аудандарды аралап, ірі тұлғалармен таныс болдым. 1991 жылы 2-шілдеде М.Мақатаевтың 60 жылдығында Шәлкөде жайлауында үлкен тойда Қайнар ауылының үйінде ақын-жазушыларды күттік. Ә. Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Ә. Тарази, Р.Тоқтаров, т.б. ақындарға шай құйған едім. Сол тойда Л. Әзімжанова және Мұқағалидың шешесі Нағима апамен естелік суретке түстім.

       Мұқағали аға туралы айтар дүниені шеті мен шегі жоқ дәрия дерсің. Қазақ халқы ақынды қалай мақтасақ та, мақтауға тұрарлық екені дәлелді шындық.

Күлшархан АТАЖАНҚЫЗЫ,

Сарыжаз ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password