АҚЫН ЖАРЫНЫҢ ЕСТЕЛІГІ

     Бүгінде өлеңдері ең көп оқылатын ақын – Мұқағали Мақатаев. Мұнымен ешкім дауласпайды да! Күнделігінде Мұқаң: «Ей, безгелдектер, сендер емессіңдер маған бата беретін. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді, біздің әрқайсымызды солар өз орнына қояды. Мен өз жайымда мынаны айтамын: мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бәлкім, одан әрідегі ұрпақтың туысымын да» деп жазыпты. Ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойында іске асырылған игілікті істің бірі – «Мұқағали» журналының негізінде мақалалар жинақталып, үш томдық кітап жарық көрді. Оның бірінші томында естеліктер, ал екінші томы түгелдей ғылыми зерттеулерге толы болса, үшінші томында Мұқағалиға арналған өлеңдер, арнаулар жазылды. «Жазылар естеліктер мен туралы…» деп ақынның өзі жырлағандай Мұқағалидың көзін көріп, бірге жүргендер арасында бүгінде ақынның әр ісін аңыз қылып айтып, ақын жайлы естелік жазбағандары кемде-кем. Сол естеліктердің бірнешеуіне көз жүгіртсек…

«Мені балаларымен қоса ұйықтатып тастап барып өлең жазуға кірісетін. Осылайша таңды атыратын кездері де бар. Жұмекеңнің: «Мұқаңның шамы таң атқанша сөнбейді» деп әзілдейтіні де содан. Бір жазғанда өндіріп тастайтын. Ал үлкен дүниелерге әбден әзірленіп болған соң барып отыратын. «Ильич», «Райымбек, Райымбек», «Аққулар ұйықтағанда» поэмалары осылай туған. Мұндайда ұйқыны да, тамақты да ұмытатын. Бізге беймәлім бір құдіреттің әсері ме, көзінде нұр жайнап, жүзінде қан ойнап алабұртып отыратын. Ертесіне жазған өлеңін шабыттанып, мақтанып, шай үстінде ең әуелі маған оқып беретін. Сонсоң үйде отыра алмай қанаттанып, Одақ жағына асығатын. Қайсыбіреулердің осы күнгі айтып жүрген «Мұқаң қызып алып, бұрқыратып өлең жазады» дегені өтірік. Ішіп алып өлең жазушы ма еді адам?! Тұнық сезім, тұма сезім ащыны жұтқан сайын лайланып, былғанбай ма. Өз басым өмірімде Мұқаңның мұндай күйде өлең жазғанын көрген жоқпын.

******

Ауру бір жабысқан соң кетуі қиын екен. Мұқағали тағы ауырып, төсек тартып жатып қалған соң, дәрілерін бердім де, Алмаға тапсырып, жұмысқа кеттім. Үйде бір адам ауырса ештеңенің берекесі болмайды ғой. Кешке келсем Мұқағали ұйықтағандай кейіпте, көзін жұмып жатыр екен. Өңі боп-боз. Жүрегім алай-түлей болып, ас әзірлейтін бөлмеге кірсем, Алмагүлім боздап отыр.

—  Папам тіпті нашарлап жатыр ғой, дәрігер шақыр. Ерні кеуіп, әлсіреп қалды. Аздап сусын бердім, көп іше алмайды. Күндіз бір дәрі бергенімде: «Алма, анау балконның бұрышында өрмекшінің торы бар екен. Соған өрмекші бір шыбынды қамап алып, кешке дейін зарлатты. Көріп жатып одан әрі қиналдым. Сол торды құртшы!»,- деген соң торды сыпырып тастадым, — деді Алмагүл көз жасын сүртіп. «Ақынның жаны не деген нәзік! Өзі әрең отырып, шыбынға жаны ашығанын қара» — деп ойлап отырмын. Алдымда ауыр қайғы күтіп тұрғандай соны ойлап едім денем дірілдеп кетті. Түнге қалса сырқаты одан ары ауырлайтынын білем. Не істерімді білмей, ой түбіне жете алмай отырып, Мұқағали өлеңіне бірінші «сәт сапар» тілеген Әбділда ағамыздан көмек сұрадым. Әбекең қалалық денсаулық бөліміне телефон шалып, жағдайды айтыпты. Бір демде бір топ дәрігер машинамен жетіп келді. Мұқағалиды ептеп қарай бастады, қан қысымын өлшеп, жүрегін тыңдап, уколын салып, дәрісін берді. «Ауруханаға жеткізбесе болмайды, үйде ауыр болады», — деген соң Мұқаңды дереу киіндіріп, ауруханасына апардым. Дәрігерлер бірінен-бірі естіп дереу жәрдемдесе бастады. Солардың арқасында, Әбекеңнің арқасында, Мұқаңның беті бері қарай бастады. Жиырма шақты күн емделіп, тәуір болып, емханадан шықты».

Жары Лашын ӘЗІМЖАНОВА.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password