АҚЫН ТОЙЫ БАСТАЛДЫ

     Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық торқалы тойы бүгін өзінің туған топырағы Қарасазда басталды. Алты Алашқа сауын айтып, жария жасалған айтулы шараға мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ақынның көзін көріп, сөзін аузынан естіген азаматтар, арнайы шақырылған қадірлі меймандар, сондай-ақ алысжақын шетелдерден де ақын поэзиясын пір тұтатын қандас бауырларымыз да келіп, ұлы тойға куә болуда. Бүгін тойға жиналған көпшілік ең алдымен ақынның мемориалдық музейін аралап көрді. Ақын тойы қарсаңында қайта жабдықталған музейге жаңа қосылып, бұрынғы дүниелерді толықтыра, молықтыра түскен тың жәдігерлермен танысты. Ауыл көлемінде ақын тойы құрметіне арналып жүргізілген басқа да жұмыстардың нәтижесіне ден қойды. Бұдан кейін Мәдениет үйінде бас түйістіріп, ақынның 90 жылдығына арналған ғылыми-танымдық жиында ақын шығармаларына терең талдаулар жасады. Ақын тойы ертең, яғни 2 қазан күні аудан орталығы Нарынқол ауылында жалғасады. Бұл күні поэзия падишасына арналып орнатылған ескерткіш салтанатты түрде ашылады. Сонымен қатар, қалың қауым ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық қойылымдарды тамашалайды. Ақын тойы туралы материалдар газеттің келесі санында толық жарияланатын болады.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password