АҚЫН РУХЫ-ҰЛТ РУХЫНЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

     Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектепті бітіріп, айтыс өнерінің дүлділі, мұзбалақ, қаршыға ақын атанған Оразалы Досбосынов балалық шағында қарапайым, қара домалақ ауыл баласы болатын. Өзін қарайлас балалар қатарында көптің бірінің дәрежесінде ғана ұстайтын. Ақындығы айтысқа икемі барын тұңғыш рет өзім тәрбие ісінде жүргенде байқадым. Аудандық оқушылар арасындағы айтыс өтеді деген аудандық білім басқармасының бұйрығына сәйкес мектептен оқушы әзірлеп қатыстыру үшін сынып жетекшілерімен ақылдаса отырып, сынып аралық айтыс өткізіп, озған оқушыны аудандық айтысқа әзірлеп, қатыстырайық деп шешім шығардым.

        Бір аптадан соң мектепішілік айтысқа сол кездегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі Дариға Сүлейменова Ораз бен Бағашар Бижановты әзірлеп әкеп шарамызды кәдігі айтысқа ұластырды. Дәриға кез-келген әкімшілік тарапынан берілген тапсырмаға бей-жай қарамайтын әсіресе жарыс, байқау десе барын салатын шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз еді. Бірінші болып, Ораз бен Бағашар шықты, бірбір шумақпен екі рет сөз қағыстырып өтіп, үшіншісінде Бағашар сөз таба алмай қалды. Ораз қайта сөз алып, айтысты аяқтағандай болды. Қазылар алқасы біздер, сол кездегі мектеп директоры Тұрымхан Әбдірайымова, оқу ісінің меңгерушісі Әбілғайша Жанасылова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нүркен Бейсеев бар. Жеңіс Ораздікі, деп бірінші орын бердік. Әзірлеп аудандық айтысқа апардық. Ораз алғаш рет, мектептен ауданға қадам басты. Басқа сыныптардан да бір-бір жұптан ақындар шықты. Сынып жетекшілерінің көмегімен жазылған шумақтарын айтып, кейбірі домбырасын қағып, әуенге салып, кейбіреулері домбырасыз тақпақтап айтқан байқау еді бұл. Ал дайындық барысында тәрбие сағатында Ораз «мен айтысамын»-, деп өз еркімен шыққан, ал Бағашарды қарсылас керек, сенің нағашың Хасен Саматыров ақын, қайтсеңде екі-үш шумақ жаздырып әкел деп көндірген. Дегенмен сол күні қазақтың қырандай айтыс ақыны, айтыс аламанында алқынбай шабатын Оразалы Досбосыновтың тұсауын кескенімізді, біз ұстаздары да, мектеп оқушылары да білмеген едік.

        Әр дүйсенбі де бірінші сағатта өтетін тәрбие сағатының мәні өте зор еді. Ораз мектепте қашанғы әдетінше қарапайым, кіші пейіл еді. Мектеп ережесі бұзылып, үзілісте шаңдатып жатса «бұларың не, т.б» деп тәртіпке шақырған кезекші ұстаздарға қарсы жауап қатпай, сәл жымиған сүйкімді күлкісімен қарап тұрып кетіп қалатын. Ал ұстаздарының ісі «мен емеспін», «біз ешнәрсе бүлдірген жоқпыз» деп ақталып жатқан шәкірттерімен болушы еді.

       Тағы да бір өзім куәсі болған Оразәлінің екінші айтысы Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойындағы Нарынқол өңіріндегі Қарашырғанақта болды. Мектебіміз атынан Оразды алып бардым. Ол кезде С. М. Киров атындағы орта мектеп қазіргі Шалкөде орта мектебінен өзімен қарайлас оқушымен айтысты. Осы аудандық айтыстан соң Ораз қанаттанып, өзі де зор ықыласпен әзірлене бастады. Айтыс өнеріне деген қызығушылығы арта түсті.

       Оразды ең соңғы көруім, айтыс ақыны менің сыныптас, досым Хасенәлі Саматыровтың 50 жылдық мерейтойында Қарасазға барғанда болды. Ұстазым деп Бақыт Жағыпар екеуі қаладан келіп, мерекені бастан аяқ жүргізіп, үлгілі дәрежеде өткізіп қайтты. Бірінші бөлімнің соңындағы үзілісте клубтың дәл ортасында Хасен екеуіміз отыр едік, бізге қарап «Ұстазым отыр сыныптасымен …» деп бір шумақ өлең оқып, күліп қойды.

        Ал қазасын естірткенде мен қалада, Тұздыбастауда едім. Алғашқылардың бірі болып жеттім. Үйін әзірлеп, жерлеу рәсімдерінің ішінде болдым. Менің сонда ерекше байқағаным Оразалының қазасына студент жастар өте көп келді. Оразалының достары көп екен. Жаны жомарт кішіпейілдігі, басқаға деген мейірімі оның достарынан, жолдастарынан ерекшелендіріп тұратын еді ғой. Сол қасиетінен бе қазасына жиналған халық та, жастарда лек-легімен 15-20 дан топ-топ болып ағылып келіп жатты. Оразалы жайлы Дүйсен Мүсірәліұлы Мағлұмов құрастырған «Қос жұлдыз» 2007 жылы 12 қазан күні Тегістік ауылында өткен еске алу кешінде айтылып, жазылған «Әдебиет айдыны» газетінде белгілі ақын Жанарбек Әшімжанның «Жұлдыздар із тастап ағады» мақаласында айтылған ой пікірлері мен Оразалының өлеңдеріне бас иеміз, шындықты мойындаймыз.

Ол айтыстың ақтангері еді.

Алау еді, алаулаған өрт еді,

Балаң еді, балдырғандай ерке еді.

Құлманбеттің құлынымын дегенмен,

Топты жарған Тегістіктің тентегі.

Айтқан әрбір сөзі шыққан көңілден,

Тамшыламай тілінен бал төгілген.

Татымды сөз айта бiлген тарланым,

Каршығадай ұшып шыққан терімнен.

Өттi өмiрдiң қысы,жазы,көктемі,

Байқалмайтын барлық уақыт өтпелі.

Қырық жыл бопты сен өмірге келгелі,

Он бiр жыл өттi сен өмірден өткелі.

Бұл өмiрде болдың Ораз жыр алмас,

Есiмде әлi жазған кезiң жыр алғаш.

Есiндесiң бүткіл мына қазақтың,

Қазақ сенi есiнен бiр шығармас.

Ақындық пен қонған едi саған бақ,

Әр сөзiңе елiң жатыр ән арнап.

Өлген жоқсың өрт жырларың арқылы,

Мәңгiлiкке  қалдың  Ораз алаулап… — деген ақын Мұхтарханның сөзіне алып косарымыз жок. Отызға жетер-жетпес жасында Ортекедей ойнақтаған шағында опат болған Оразалының артында халқына қажеттi мол рухани мұра қалды. Оның өзегін жарып шыққан ұтымды да тапқыр ойлары, турасын айтып туғанына жақпаған, елінің жоғын жоқтап, ағын ақтаған асыл жырлары ауылдастары мен халқының жүрегiнде мәңгi сақталып қалары сөзсіз!.. Бiр қуанатынымыз Оразалының жоқтаушысы көп, қарт та, жас та, ақын да, ғалым да, ұстаз да атын естiп өзiн көрмеген бүгінгі мектеп оқушылары да мойындап өлеңдерін жатқа айтады iздеп таба алмай жүреді, осы ғана көңілді жұбатады.

Жанатгүл ДӘУҚАБАҚОВА,

зейнеткер — ұстаз,

ҚР Бiлiм беру iсiнiн үздiгi,

Тегістік ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password