Ақын мен сазгер табысты

       Тұрсынғазы Рахимов қазақтың маңдайына біткен белгілі, талантты сазгері әрі әншісі. Мұқағали өлеңдеріне жазылған тамаша әндерімен ескерткіш орнатып кеткен тұлға. Мұқағалидың «Сәби болғым келеді», «Нені аңсаймын?!», «Қазағым-ай?!»,»Қазақстан»,»Аягөз ару» секілді отызға тарта өлеңдеріне өлмес ән жазып қалдырған жан. Т. Рахимов — бақытты композитор. Артында қаншама әні, оны орындайтын, насихаттайтын шәкірттері, алақанына салып аялап құрметтеген, әлі де қадірін білетін елі-жұрты қалды. Өзі өмірден өтсе де, оның мұраларын қадір тұтып шәкірттері мен достары ән жинақтарын шығарып, Семей мен өз ауылы Тарбағатайда көшенің аты, М.Төлебаев атындағы Семей колледжінде өзі сабақ берген кластың аты беріліп, Астана мен Алматыда фестиваль өтті. Өмірден өткеннен кейін Адай досы бір-екі жылдан соң, бюст жасатып, ескерткіш соқтырды. Ескерткіш демекші, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Енді міне, бала күнінде көзі көріп, батасын алып, сарқытын ішіп, кейіннен шығармашылығын байланыстырған Қасиетті Қарасаз ауылындағы ұлы ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың мемориалды музейінің бір бұрышынан Түкең ұстаған жәдігерлер орын тауып жатыр.

Бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, сазгердің шәкірті дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман, айтыскер ақын Серік Әкірамұлы қатысты. Жақсы істің жаршысы болып келген құрметті қонақтар алдымен сазгерге арналып жасалған бұрышпен танысып шықты. Аталған бұрышқа сазгердің өзі ұстаған домбырасы да қымбат жәдігерлер қатарында қойылған. Осы сәтте Еркін Шүкіман ұстазының домбырасын қолына алып, «Сәби болғым келеді» әнін әуелетті. Арнайы бұрышпен танысып болған соң шараның жиыны болды. Осы бұрыштың ашылуына біркісідей атсалысқан облыс, аудан Мәдениет басқармаларына жеткізіп, басы-қасында жүрген Асқар Наймантаев ағамыз жиынды жүргізіп отырды. Басқосудың алғысөзін аудан әкімінің орынбасары Н. Сағатбекұлы алып жақсы тілегін айтты. Сонымен қатар, дәл осындай игі бастамалар көп болса өткеніміз ұмытылмайтындығын баса айтты. Келесі сөз кезегін алған дәстүрлі әнші Е. Шүкіман ұстазы жайлы қызықты естеліктермен бөлісті. Барша жиналған қауымға, осы істің басында жүрген бірқатар азаматтарға алғысын айтып, сөз соңында ән шырқады. Өз кезегінде сөз тізгінін ұстаған айтыскер ақын Серік Әкірамұлы сөзінің басын өлеңмен бастап, ақын ауылында шабыт шақырды. Өзі жазған әндерін орындап өнерден де құралақан емес екендігін көрсетті. Т. Рахимов жайлы көптеген естеліктер айтылып, алдағы уақытта ашылған бұрыш сазгерден қалған жәдігерлермен толықтырылатын болды.

 «ХАНТӘҢІРІ».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password