8.6 C
Нарынкол
Пятница, 19 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

АҚЫН АМАНАТЫ

   Кейінгі жылдары әлеуметтік желіде Аспантаулар өлкесіндегі Қарасаз ауылы маңындағы Қарасуларға қонған аққулар жайлы жазбалар мен суреттерді жиі байқап журмін. Аққу құсты халқымыз қастерлеп бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, адалдық пен сұлулықтың белгісі деп білген. Өзіміз сыртта жүрсек те жүрегіміздің туған жер, өскен ел деп соғары анық. Менің кіші Отаным Қарасазыма да алланың қалауымен аққулар жақсылық нышанын ала келсе екен деген дұға, тілектемін!..

… Аққулар …

Аққу мойын, сүмбе қанат,

Алаңсыз тарануда кунге қарап.

Айдынның еркелері білмей тұрмын,

Етермін тағдырыңды кімге аманат, — деген Мұқағали ағамыз да, біз де кеттік ауылдан. Бала кезде мый тұнық бола ма, сол бір күндердің көп суреті менің жадымда жақсы сақталған. Бала кезімізде ескі Қарасаздың күнбатыс жағындағы қалың бозқарағанды, шілік тоғайы арасымен иректеле ағатын иірімі терең, арнасы кең Қарасуларға жыл құстарымен бірге аққулар да келіп қонатын. Айнадай айдын бетінде қатар жүзген тұмсығы қызыл, мойыны ұзын, денесі ақ мамықтай әппақ құстар айналасындағы табиғатқа ерекше көрік беріп тұратын. Сұңғақ мойындарын майыстыра иіп, тұмсықтарын түйістіргенде қос аққудың ортасында махаббат символындай жүрек суреті пайда болатын. Сондықтан жұптасып өмір суретін қос аққуды қазақ халқы махаббат символына балаған. Егер жұбынан айырылып қалса, не біреуі қаза болса, екіншісі адамша қайғырып өледі екен. Халқымыздың барлық салт-дәстүрі қамтылған «Қыз Жібек» фильмінде аққулардың көрсетілуі де тегін болмаса керек …

Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!

Бір мамығы майысса ауырсынып,

Тарақ етіп тұмсығын тарайды кеп,

Тарайды кеп, тарайды қауырсынын,

Құм тұрса да бір түйір ауырсынып.

Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!

Ақ қанатын сабалап, асыр салып,

Бірде суға сүңгиді басын малып.

…Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,

Тыныштығын олардың қашырмалық, — деп жазған Мұқағали ақын да осы көрініске кезінде куә болған. 0ған дәлел, ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында газеттерде «Ұстаз Mұқағалидың шәкірттері» атты мақалам жарық көрді. Мақала жазу барысында өткен ғасырдың екінші жартысында ескі Қа- расаз ауылындағы Карл Маркс атындағы жеті жылдық мектебінде ұстаздық еткен Мұқағали ақынның қазіргі таңда арамызда жүрген біраз шәкірттерімен сұқбаттасудың сәті түсті. Сондай бір келелі әңгіме 1948 жылы туған шәкірті, музыка маманы, әнші-сазгер Әбиев Мұсабай ағамен болған еді. «Мұқағали аға сабақтан бос күндері ауылдың күнбатыс жағындағы қалың тоғай арасындағы Қарасулардан балық аулауға жолдастарымен, кейде жеке өзі баратын. Туысынының баласы Байсариев Досым екеуімізді өзен жағалауындағы топырақ арасынан қармаққа жемтік ретінде ілетін жауын құртын (шылаушын) теру үшін ертіп алатын. Сол кездерде тоғай арасында, суларда тырналар, үйрек — қаздар, аққулар, балықтар мен саз құндызы (ондатр) көп болушы еді. Біз жауын құртын жеткілікті етіп теріп берген соң суға шомылып, жағалауда ойнаушы едік. Ағайымыз қармағын суға салып қойып әлдеқандай сазды әуенмен ыңылдап ән айтып, өлең шығарып отыратын», -деп ұстазын еске алған еді. Мұқағали ақынның аққулар жайлы бірқанша өлеңдері мен «Аққулар ұйықтағанда «дастанын ақынның аққулар өмірін жете зерттеуден туған ерекше жан тебіренісі деп түсінген жөн. Ақын «Аққу деген» өлеңінде :

«Жанымды үңгіп жанарың жеп барады,

Неге сонша телміріп көп қарадың?!» деген жолдарда бейкүнә аққудай сұлу әйелге тіл қата тұрып,

«Аққуды атар мергенің мен емеспін,

Ажал оғын алған жоқ менен ешкім» — деуі пәк сезімді әйел затының бойындағы асыл қасиетті құрметтеуі деп түсіну керек. Сондықтан да қазақ «Аққу — кұстың төресі», «Аққу — киелі құс» — деп ерекше қастерлеген. Қазақы ырымдар мен тыйымдарда жастарды «Аққуды атуға, аруды қорлауға болмайды», — деп тәрбиелеген.

Аққулар …

Аңыз көп қой олар жайлы,

Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды.

Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,

Шошыса екінші рет оралмайды, — деп «Аққулар ұйықтағанда» дастаны арқылы тыныштықты аққулардың ұйықтаған сәтімен бейнелеген ақын, адамның да тыныштығын ешкімнің бұзуға қақысы жоқ деген ұстанымда болды.

Тына қалып бұлбұл да жаға талда,

Қарайтұғын айдынға, ақ отауға!

Таң мен күннің арасы таянғанда,

Таудың басы алаумен боялғанда.

Тірілетін таудағы бар тіршілік,

Қанатынан аққудың оянған ба? — деп табиғаттың қаймағы бұзылмаған сұлу суретін аққу ұйқысымен ұштастыра бейнелеп, бояуы қалың, кестелі өлең жолдарымен өрнектеген.

Аққулар алданыш пен арман ба едің,

Қош енді қанатым жоқ самғар менің,

Нуларым сыңсый жылап қалдау менің,

Суларым жетімсіреп қалдау менің, — деп мөлдір де пәк сезімге толы «Аққулар қош болыңдар» өлеңін өмірінің соңына қарай жазған ақын аққуға өлеңмен ескерткіш қойған еді. Мұқағали ақын қайтыс болған соң ақынның осы өлеңіне Қарасаздық талантты ұстаз — сазгер Амантай Шыманов алғаш ән жазды. Кейіннен белгілі әнші-композитор, Дәнеш Рақышев, Турсынжан Шапай, Ермұрат Үсенов те өздерінің мұңға толы сазды әуендерін халыққа ұсынды…

      Ақын аманаты деген осындай болса керек!..

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

Мұқағалитанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
Соңғы жаңалықтар

ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ БІРГЕ ҚОРҒАЙЫҚ!

Табиғатты қорғау - адамзаттың басты міндеттерінің бірі. Табиғатты қорғау дегеніміз - табиғаттың әр бөлшегіне жанашырлықпен қарау, оның ресурстарын тиімді...

Осыған ұқсас мақалалар