ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

        Бүгінде қаңғыбас иттердің жүрген жері тұрғындар үшін өте қауіпті орындарға айналып келеді. Олар алдымен жұқпалы ауруларды тасымалдаушылар және құтыру белгілері байқалғанда адамға шабуыл жасайтындары тағы бар. Оның арты өлімге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Жалпы, бұл қаңғыбас иттер көбінесе асыраушысы жоқ болғаннан немесе адасып кетуден пайда болады. Ал, мұндай иесіз жүрген иттер әр жерді паналап, қоқыс қалдығынан тамақ жеп күн көріп жүретіні айтпасақ та белгілі. «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды арнайы мемлекеттік Ветеринариялық ұйымдар жүзеге асырады. Біздің елде қаңғыбас иттерді арнайы оқшаулайтын орындарда қамап ұстайды. Бұл жерде ит, мысық атаулының бәрі үш күнтізбелік күн аралықта тамақтандырылып, асырау жағдайы қарастырылған. Егер осы уақыт аралығында қожайындары іздеп келмесе немес асырауға сұрап алынбаса, ол ит-мысықтар Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған дәрілік жолдармен жансыздандыру тәсілі қарастырылған. Барлық өлекселер мал қорымдарда, биотермиялық шұңқырларда жою арқылы жүзеге асырылады.

        Осындай Заңға сәйкес өзіміздің ауданымызда да ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік қатаң сақталып келеді. Аудандық ветеринарлық станция мамандарының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бастап қаңғыбас иттерге деген арыз-шағымдар саны аз емес. Биылдың өзінде тұрғындардың берген өтініштері бойынша 3917 қаңғыбас иттер құрықталған. Олар арнайы бригаданың және жергілікті әкімшілік маманның қатысуымен жүзеге асырылып отырған. Ол жұмыстың процесі ашық түрде жүргізіледі. Алдымен тұрғындардың шағымдарына байланысты иттерді аулау кезінде өтініш иесі куәгер ретінде шақырылып, түсінік алынады. Онда ауланған иттің саны мен жұмыстың қай күні атқарылғаны көрсетіледі. Ал, қаңғыбас иттерді ұстау кезінде оларды ату немесе ұйықтату тәсілдеріне рұқсат жоқ, өйткені, қоршаған ортаға зиян тигізбеу керек. Құрықтау кезінде арнайы ілгекті лақтыру әдіс-тәсілі пайдаланылады.

        Ит атаулының бойында құтырма аурудың да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Онымен ауырған иттердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы өзгеріп, оғаш қылықтар байқала бастайды. Бізде аудан бойынша әр ауылдық округтерде ветеринарлық пункт меңгерушілері мен мал дәрігерлері иттердің қожайындарына жұқпалы аурудан сақтану шаралары мен оларды үнемі бақылауда ұстау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Оның ішінде құтырма сияқты басқа да инфекциялық, паразитарлық ауруларға қарсы егу жұмыстары қарастырылған. Яғни, иттер 2 айлық жастан бастап ветеринарлық ұйымдарда тіркелініп, арнайы куәлік беріледі. Онымен қоса, біз айтқан ауруды болдырмау үшін егілуі міндеттелген.

        Абай хакім айтқандай: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан, ит атаулыдан барынша сақ болайық! Қараусыз жүрген қаңғыбас төбеттердің қауіптілігін, жоғарыда көрсеткендей, оларға қолданар шараны да ұмытпағанымыз абзал.

Аудандық ветеринариялық станциясы

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password